Бүйіріңнен қасқыр келіп ұлығандай немесе желдің уілі мен құстың сұңқылдағаны денеңді тітіркендіргендей, көз алдыңдағы күллі көркем табиғатты ішіңе әкеп қонақтатқан қызыл көмейдің құдіретіне бас имеске шараң қалмайды. Табиғаттың бір бөлшегі екеніңді бұдан артық сезінудің басқа мүмкіндігі жоқтай бұл ғажап ахуалдан ажырағың жоқ. Бөрінің дауысы естілген жерден бейсаналы түрде «бұл менің болмысым» деген ойдың қатарласа оянатыны да қызық. Қаншалықты таңсық болса, соншалықты жақын бұл Табиғаттың ғана емес, Тәңірдің үніндей біз үшін тым қастерлі. Қастерлі өнерді қасиет тұтып қалған туысқан Алтай халықтары алдына жан салмай орындайтын көмей әнінің орындаушылары қазақ жерінде көп емес. Сол аз орындаушының бірі – «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі.
«Тұран» тобының құрылғанына биыл он жыл толып отыр. Үстіне қасқыр жаға костюм, басына қасаба мойын түлкі тымақ, теріден шалбар, аяғына қошқар мүйіз оюлы саптама етік киіп, түркілердің заманынан осы қазір топ етіп ортамызға түсе қалғандай сайдың тасындай іріктелген бес жігіттің өнері содан бері бізден гөрі, шетелдіктерді тәнті етумен келеді. «Сайдың тасындай» дегеніміз, топ құрамындағы бес жігіт те: Абзал Арықбаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев ансамбльдегі жұмысынан бөлек, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясында сабақ беретін өнертану ғылымының докторлары мен магистрлері. Топты алғаш құрған кезде сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз, шертер, жетіген, шіңкілдек, қылқобыз, домбыра секілді көне аспаптарды шертіп, музыкалық әуен орындап қана қоймай, олардың үніне жаңаша реңк беріп, ғылыми тұрғыда жетілдіріп, көмекей үнімен көмкеруді негізгі мақсаты етіп белгіледі. Ғажайып өнерді ғылыми сипатпен биіктеткісі келген бұл азаматтардың барлығы да ол кезде студент-тұғын. Тұмса табиғатпен егіз жаралған түркі сарынын қайта жаңғырту жолында тынбай еңбектеніп келе жатқан жас музыканттар он жылдың ішінде әлемнің 70-тен аса елінде өнер көрсетіп, 600 рет жеке концерт беріп үлгерді. «Тұран» жігіттерінің Нью-Йорктегі «Карнеги холл», Вашингтондағы «Кеннеди орталық», Берлиннің «Концерт хаус», Мәскеудің «Кремльдер сарайы», Канндағы «Конгресс пен фестивальдер Сарайы», Париждегі «Салле Корто» сахнасында өнер көрсеткенін санамаласақ, екінің бірі бағындыра алмас бұл әйгілі сахналар олардың талантының биіктігіне өлшем болуға әбден жарағандай. Басқа үшін адамның антропологиялық бет-бейнесі қызық болмаса да, оның ұлттық аспабы, аспаптан төгілген сиқырлы сазы сөзсіз қызығушылығын тудыратынына қазақтың өнерлі бес жігітінің бұл күнде көзі әбден жеткен. Бес жігіттің әрқайсысы республикалық, халықаралық дәрежедегі бәсі биік өнер бәйгелерінің Гран-при жеңімпаздары, лауреаттары, дипломанттары. Топтың кәсібилігін арттырып қана қоймай, өз талантын ұштап, жеке өнерін жетілдіру жолында үздіксіз ізденісімен шыңдалған өз ісінің шеберлері.
«Тұранның» өнерпаздары әлемді таңырқатамыз деп ешқашан ойламаған, биік өнердің бағасын білетін кірпияз сахналар құлаққа тосын естілетін таңсық өнерге қақпасын да, құшағын да өзі ашты. «Тұран» – бүгінгі қазақ этномәдениетінің биік көрсеткіші. Ауыз толтырып айтатын қомақты жетістікпен келіп жатқан алғашқы дөңгелек датасын атап өту үшін тұрандықтар ауқымды жоспар құрып, тағы да әлемдік турнеге шықты. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен Беларусь, Ресей, Норвегия, Әзербайжан, Венгрия, Татарстан, Түркияны аралап, Қытайдың Шундэ, Шеньчжен, Цинхуандао, Пекин, Шанхай, Ханчжоу қалаларында жеке концертін өткізді. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында Монте-Карло, Канн, Парижде өткізген концерттері де азиялық елдің ешкімге ұқсамайтын бірегей өнері ретінде өте жылы қабылданып, көрерменнің тік тұрып қол соққан ықыласымен аяқталып жатты. Сауд Арабиясында өткен «Nomad Universe» фестиваліне қонақ ретінде қатысып қайтқан «Тұран» тобы Алматыға келе салып, өнерін бағалайтын аудиториясын Наурыз мейрамында Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайына жинап, концерт-кездесумен түйіндеді.
Өзі сияқты этнотоптардан басты ерекшелігі, репертуарының бірегейлігі, орындалатын ән мен күйдің «Тұран» үшін арнайы жазылатыны және осы уақыт аралығында өз авторларын түзе алғаны. Сондықтан болар, олардың орындауында танымал, таптаурын музыка жоқтың қасы. Тіпті ұлттық, этнографиялық оркестрлер мен ансамбльдердің орындауынан түспей, халыққа тең тараған Дәулеткерейдің «Көрұғлы», Н.Тілендиевтің «Аққуы», халықтық «Ақсақ құлан», «Қаражорға» мен «Ортеке» «Тұран» тобының орындауында жаңа сипат иеленіп, көне музыкалық аспаптардың тұңғиық сыры бұрынғыдан да ашыла түседі. Топ құрамындағы өнерлі жастардың авторлық туындыларының өзі бір төбе. Топтың тәнті ететін тағы бір қыры, топтағы бес өнерпаз отызға жуық көне аспапта ойнайды. Әр өнерпаздың кемі бес-алты аспапта қатар ойнап отырғанын көргенде, таңырқамау мүмкін емес. Композитор Ақтоты Райымқұлованың «Дала сыры», «Ежелгі Тұран», «Жәмила» симфониялық поэмалары арнайы жазылған. «Тұранның» өзі Түркияның «Er Tugrul», «Isimsizler» телесериалдарына, «Тұран далам – қыран далам», «Sounds of Time» балетіне, «Астана – менің алғашқы махаббатым», «Астана – махаббатым менің», «Кенесары хан» отандық телесериалдарына, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Бейбарыс», «Қожанасыр тірі екен», «Ақан сері – Ақтоқты», «Фатима», «Мен ұмытылмаймын», «Ай, Қарагөз» спектакльдеріне, А.Райымқұловамен бірге «Ер Төстік және айдаһар», «Қазақ елі» анимациялық фильмдеріне музыка жазды. Түрлі жанрдағы елуден артық музыканы топтастырған үш CD альбом жарық көрді.
Даңғаза, жеңіл музыкадан шаршап, рухани тұралауды бастан кешіп отырған тек біз ғана емес, өнердегі мағынасыздықтан мәдени құндылықтары төмендеген басқаларға да «Тұранның» этно-фольк жанры шипа іспетті – тың бағыт түлетеді, сергітеді, сілкіндіреді. Бұл – он жылдық белесті артқа тастаған, таланты да, танымалдылығы да толықтай мойындалған топтың басты жеңісі.
АЛМАТЫ