Қоғам • 15 Сәуір, 2019

Архивтану және іс жүргізуді ұйымдастыру бойынша IV қалалық студенттік олимпиада болып өтті

1423 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде архивтану және іс жүргізуді ұйымдастыру бойынша IV қалалық студенттік олимпиада болып өтті. Олимпиада Жастар жылы және «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында студенттердің шығармашылық қабілетімен қатар, архившы және құжаттанушы мамандығының маңыздылығын арттыруға бағытталған.

Архивтану және іс жүргізуді ұйымдастыру бойынша IV қалалық студенттік олимпиада болып өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде архивтану және іс жүргізуді ұйымдастыру бойынша IV қалалық студенттік олимпиада болып өтті. Олимпиада Жастар жылы және «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында  студенттердің шығармашылық қабілетімен қатар, архившы және құжаттанушы мамандығының маңыздылығын арттыруға бағытталған.

Іс-шараның алғысөзінде Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры  Жәмилә Әбдіқадырова олимпиаданың өткізілуі ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру  және Жастар жылы шеңберінде студенттердің ғылымға белсенділігін дамыту және оларға болашақта архив мамандығы бойынша жұмыс жасауға ықпал ету мақсатында өткізіліп отырғанын атап өтті.

Президент Архивінің сарапшысы Сымбат Шайжанованың айтуынша, Президент Архивінде жоғары оқу орнының түлегі кәсіби бағдар алуы үшін көп жұмыстар атқарылуда: тарих факультеттерінің студенттері үшін өндірістік тәжірибе өткізіліп, Архив оқу залында архивтік құжаттар негізінде курстық және дипломдық жұмыстарына зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Олимпиадаға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің Тарих, архивтану, құжаттарды жүргізу және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, филология мамандықтары студенттерінен құралған 6 команда қатысты.

Олимпиаданың басында жеребе тасталып, команда капитандары таңдаған нөмір бойынша өнер көрсетті. Алғашқы тур «Таныстыру» деп аталып, онда студенттер команда атауы мен эмблемасын және оның мүшелерін таныстырды. Ал «Үй тапсырмасы» деп аталатын екінші турда студенттер «Ұлы даланың жеті қыры» және Отан тарихы мәселелері, «Архив ісін және іс жүргізуді цифрландыру: проблемалары мен перспективалары» атты ғылыми бағытта дайындалған зерттеу жобаларын қорғады. Командалардың жоба тақырыптары: «Қазақстанда бизнес архивтерді қалыптастыру: перспективалары мен мәселелері», «ЭДО Казахстана и Китая: сравнительный анализ», «Интернет сайттарында архив көрмелерін ұйымдастыру», «Алаш зиялыларының ұлттық тәрбие мен білім берудегі көзқарастары және бүгінгі заман» деп аталып, студенттер тақырып бойынша өз ұсыныстарын жасады.

Архивтану және іс жүргізуді ұйымдастыру бойынша IV қалалық студенттік олимпиадада әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Қазына» командасы І орынды, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің  «Қазанат» командасы ІІ орынды, «Аманат» командасы ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, «Smart students» командасы «Ең үздік таныстырылым», «Прометей» командасы «Өзекті тақырып», «Асыл мұра» командасы «Инновациялық тақырып» номинациясына ие болды. Қатысушы командаларға қаржылай және естелік сыйлықтар, ал жетекшілеріне Алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ, олимпиадаға қатысқан әр студентке сертификат берілді.

Командалардың жұмысын Әкімшілік және ақпараттық технологиялар институты, ҚР Орталық мемлекеттік архиві, ҚР Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар архиві, ҚР Орталық мемлекеттік Ғылыми-техникалық құжаттама архиві, Алматы қаласы Орталық мемлекеттік архивінің қызметкерлері бағалады.