Қоғам • 15 Сәуір, 2019

«KFW–2019» Сән апталығы «Астана Балет» театрында салтанат құрады

1235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Kazakhstan Fashion Week Сән апталығы алғаш рет балет театрының сахнасына шығып, мерейтойлық сипатта өрбиді. Нұр-Сұлтаннан бастау алған Сән апталығы Алматыда жалғасын табады.

«KFW–2019» Сән апталығы «Астана Балет» театрында салтанат құрады

KFW қонақтары қатарынан үш күн, яғни, 17-19 сәуір аралығында мазмұнды бағдарламаға аясында, жаңа есімдермен, жарқыраған киім үлгілерімен таныса алады.

Елдегі бас фэшн-оқиғаның көңіл аударар тұсы – «Астана Балет» театрының тартуы. Театр әртістері жиналған қауымды әсемдік пен қиял әлеміне жетелеп, Сән апталығының сәнін арттыра түспек. Үш күн бойы дизайнерлік коллекцияларды тамашаламас бұрын, жиналған меймандарға театр репертуарындағы ғажайып хореографиялық композициялар көрсетіледі. Романтикалы атмосфера – балет өнерінің хас сұлулығы мен сымбатын тануға жол ашады.

Алғаш рет қазақстандық сән апталығын ашу құрметі кәсіби сәнқойлармен қатар, астаналық театр прималарына да бұйырып отыр. «Астана Балет» театрының жетекші солистері Риза Қанатқызы мен Айжан Мұқатова сән апталығының ашылуы мен жабылуында Aida Kaumenova, Alex Chzhen, Naiyl Baikuchukov, Yerlan Zholdasbek, Keti Chkhikvadze, Tamara Lamanukaeva сынды әлемдік және отандық дизайнерлердің көктемгі сән үлгілерін KFW мінберінде көрсетпек. KFW-2019 барысында, сондай-ақ, Tiko & Dinara Satzhan, Lariya, Bibisara, Di Siitova, Kiori, Zeken Moda және Aya Bapani секілді бірегей бренд өнімдерімен де танысуға болады.  

Оған қоса, Kazakhstan Fashion Week – 2019 бас қонағы әрі хэдлайнері қазақстандық-америкалық сәнқой, Нью-Йоркте тұратын Алёна Субботина «Астана Балет» театрында бірегей шеберлік-сыныбын өткізеді.

Қазақстанның ірі байері, сән сарапшысы Лилия Рах, ресейлік топ-стилистер Оксана Он мен Гала Борзова да апталық аясында бірегей дәрістерін оқып, шеберлік-сыныптарын жоспарлап қойған. Олар стиль сырын ашып, әлемдік сән нені тренд санайтынымен бөліспек. Ал, қазақстандық дизайнерлер  Наиль Байкүшіков пен Аида Кәуменова «Астана Балет» театрының өндірістік цехтары үшін арнайы шеберлік-сыныптарын өткізеді.