Руханият • 16 Сәуір, 2019

Димаш бізге несімен құнды?

3901 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әр халықтың өзіне тән ерекшеліктері болады. Ондай ерекшелік бізде де бар. Ол – қазақтың бойына біткен әншілік. Әлде Алланың берген сыйы ма, әлде кең-байтақ далада өмір сүргендіктен ештеңеден қысылып-қымтырылмай дауысын еркін жіберіп дағдыланғанының арқасы ма, әйтеуір біздің ұлтымыздың әндері әуезді, кең тынысты болып келеді. Ондай ғажап әндерді өмірге келтірген адам оларды нақышына келтіріп орындай да білуі тиіс. Сондықтан да қазақ ұлты басқа-басқа, нағыз әншіге ешқашан кенде болған емес.

Димаш бізге несімен құнды?
Соңғы жылдары ауылдың алты ауызын ғана айта алатындай қауқарлары бар бірыңғай той әншілерінің қаптап кеткенін көргенде ежелден келе жатқан айрықша әншілік өнеріміз басымыздан бұл-бұл ұшайын деп тұрған жоқ па деген қауіптің пайда болғаны да рас. Абырой болғанда, күмәніміз бекер болып шықты. Таланттарымыз сарқылмаған екен. Тәубе дедік, Димаштай өреніміздің әлеуетті де әсем әндерін естіп, бүкіл әлем жұртының таңдана қол соғып жатқанын көргенде.

Сонымен Димаш Құдайберген кім? Ол туралы біз нені бі­луіміз керек? Осындай ойлар тол­ған­дыра бастаған шақта мен, кү­нәлі болсам да айтайын, неғып біздің ағайындар атағы асып бара жатқан азаматты күндемеймін демей тыныш қана жатыр деп таң қалғанмын. Сөйтсем мен онша қателесе қоймаппын. Өздерінде жоқ болған соң өзгенің бағын көре алмайтындардың күңкілдері әр жерлерден естіліп-ақ жатыр екен. «Е-е, топырақ ша­шулар әлдеқашан-ақ баста­лып кеткен» деді білетін жігіттер. Бір жақсысы, іштерін қызғаныштың қызыл иті тырналап жатқандардың бәрі не әннен, не өнерден хабары жоқ дүмшелер көрінеді. Тіпті олар сен неге олай дейсің деп сөз ар­науға да тұрмайтын біреулер болып шықты. 

Қазақта «Сырт көз – сыншы» деген тәмсіл бар. Осы қағидатты басшылыққа алып әрі өзіміз мақтап үлгереміз ғой деген пиғылмен өзге халықтардың айтқандарына құлақ түруді жөн көрдім. Не дейді екен, олар?..

«Мен вокал туралы мағлұ­маттан қара жаяу адам емеспін, ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап түрлі әлемдік жұл­дыздарды тыңдап келемін. Димаш дәуірлік әнші, осы уақыттарға де­йінгі кезеңде ешқашан мұндай тембр, мұндай диапазон, ән орынд­аудағы бұл сияқты мейірім мен сезім болған емес... Әлемдік жұл­дыздар мені кешірсін, бірақ Димаш соңғы жүзжылдықтағы ең үздік әнші және мейірбан жігіт. Әр жүрекке қуаныш пен сүйіс­пеншілік әкелетін жігітті әлемге сыйлағандары үшін оның ата-анасына рахмет!» дейді Павел Еремеев есімді тыңдарман.

«Димаштың дауысы құдіретті! Оның әнін тыңдап, оның үні мен орындау сұлулығынан кеудемді кернеп келген сезім әсерінен еңі­реп жібердім. Бұл періштенің дауысы». Димаштың келесі бір жанкүйері Татьяна Ковалеваның пікірі осындай.

Ресейдің жоғары оқу орнын­да сабақ беретін музыкант Ольга Донская Димаштың орын­да­уындағы Игорь Крутой­дың «Лю­бовь уставших лебедей» атты әніне талдау жасапты. Арнаулы музыкалық білімі бар маман былай дейді: ««Любовь уставших лебедей» әнінің ал­ғашқы орындаушысы Лара Фабиан болған. Айта кету керек, Димаштың ән­ді Лара Фабианнан асыра орын­дап отырғаны бір бұл емес. Димаштың дауысы сұлу. Әншінің диапазоны 4 октава. Бұл өте керемет. Әнді орындап тұрған адамның біреу екенін білмей, сен Димашпен қосыла шырқап тұрған тамаша қыз қайда деп іздей бастайсың. Лара Фабиан әнді бір тональдылықта орындаса, Димаштың дауысы түрлі тональдылықта орындауға мүмкіндік береді».

Өзін Юлия Белькова деп та­ныстырған тағы бір тыңдарман «Димаш әлемдегі №1 әнші» десе, «Қазақ тілі құлаққа мыс құйып жатқандай соншалық әсем болады деп ешқашан ойламаппын. Қазақстанға рахмет!» дейді Джулия Ларионова есімді келесі бір жанкүйер. 
«Құдайға күнәлі болғым кел­мейді, бірақ қолымнан келер емес. Ол – вокалдың тәңірі. Оны қай­талаудан еш жалықпаймын», деп­ті Венера Гаева атты бір фанат.

«Бүгінде көбіне-көп арзанқол музыкалар алмастырып отырған нағыз музыкалық өнерді қай­тадан өмірге әкелгені үшін біз Ди­машқа алғыс айтуымыз керек». Галина Григорьева атты тың­дарман осылай дейді.

Жоғарыда келтірілгендердің шын жүректен шыққан және вокал өнерінен хабары бар адам­дардың пікірлері екенін мо­йындай отырып, аты әлемге танылған ресейлік композитор, бүгінде Димаштың өнердегі әріп­­тес ағасына айналған Игорь Крутойдың көзқарасына ай­рықша тоқталып өту орынды бол­мақ. Ол Димашқа қатысты екі мәрте өз пікірін білдірді. Әлемге әйгілі композитор алғашқыда «Мен қызылсөзділікті ұната қой­маймын. Бірақ ол ғарыштық жігіт» десе, екінші жолы, дәлірек айтқанда Ресей эстрадасының примадоннасы атанған А.Пу­гачеваның мерейтойлық концер­тінен кейін «Бүкіл әлем оның аяғының астында жататын болады» деп Димаштың дара талан­тына тәнті екенін жеткізді. Димаштың Мәскеуде екі күн қатарынан өткен концертіне әлемнің 50-ге тарта елінен оның та­лантына табынушылардың ке­луінің өзі қазақ әншісінің қандай деңгейге көтеріліп кеткенін айқын көрсетеді.

Осы орайда кейбір шала сауатты ағайындардың Крутой де­гендері кім соншама әлдеқан­дай қылатын деп бәлсініп қа­лулары әбден мүмкін. Оны да айта кетейік. Игорь Крутойдың әндерін кезінде есімдері КСРО-ға кеңінен танымал Мүсілім Ма­гомаев, Иосиф Кобзон, Алла Пуга­чева, Лев Лещенко, София Ротару, Валентина Толкунова сияқ­ты әншілер мен Андреа Бочелли, Чо Суми, Дмитрий Хво­ростовский сияқты әлемдік опе­ра жұлдыздары, Лара Фабиан сияқты танымал әншілер орын­даған және әлі де орындап жүр. Олай болса шығармаларын орын­дайтын әншіден кенделік көр­меген Крутойдың біздің Димаш­тың өнеріне бас июі қазақ ұлты үшін зор мақтаныш.
Ойымызды толықтыра тү­су үшін елең еткізерлік мы­на бір оқиғаны айта кету аса маңызды. Егде жасқа келген жаңазеландиялық науқас әй­ел (обыр ауруымен ауы­ра­ды) Димаштың әнін тыңдағаннан кейін өзін жақсы сезіне бас­тағанын байқаған. Содан сонау арал мемлекеттен Қазақстанға, Димаштың еліне келу үшін үш ай бойына дайындалады. Ақыры Қазақстанға келіп, Димаштың ата-анасының үйінде қонақта болады. Ең ғажабы сол, кейін еліне оралғанда дәрігерлер науқастың жағдайының бұрынғыға қара­ғанда едәуір жақсарғанын рас­таған. Шынайы өнердің құдіреті деп сірә, осындайды айтса керек.

Сонымен жоғарыда қойылған «Димаш Құдайберген кім?» деген сауалға қайта айналып со­ғар болсақ, бұл сұрақтың мән-мағы­насына жеке адамның өмірі тұрғысынан емес, одан әлдеқайда кеңірек ауқымда үңілген жөн.

Мойындауымыз керек, ара-тұра болса да, әсіресе қызынып кеткен кезде бізді бүкіл әлем таниды деп кеудемізді соғып мақ­танып кететін кездеріміз бар. Тіпті арқалы ақын Қасым Аманжолов та сонау кеңестік заманның өзінде «Енді мені менсінбес, Еуро­паның қай елі? Қарсы келсем – құшақтар, Қаратпайтын әйелі», деп өлең де жазған болатын. Шыны керек, мұндай мақ­таншылықтың артында тұрған еш жамандық жоқ. Оның бәрі біз де өзгелердей жер шары ха­лық­тарына танымал ел болсақ деген ізгі ниеттен туған сөздер. Де­генмен, әділіне жүгінсек, әлем­де бізді танитындардан гөрі мүлде танымайтындардың әлденеше есе көп екенімен ке­лісуге тура келеді. Ол үшін және уайымдаудың да қажеті жоқ. Өйткені әлем жұртшылығы тә­уелсіздігін жариялағанына 27 жыл ғана болған Қазақстан тұрмақ, атағы бізден әлдеқайда дар­дай мемлекеттерді де тани бермейді. Себебі әлемде қалып­тасқан жағдай сондай – бір елдің халқын екінші бір елдің халқы онша қызықтыра қоймайды. 

Рас, елді күтпеген жерден жаһанға танымал қылып жі­беретін бір жайттар бар. Олардың алғашқысы – спорт. Егер футболдан әлем чемпионы атансаң сені жер шары тұрғындарының кем дегенде 70-80 пайызы тануы мүмкін. Екінші – өнер. Бізді, яғни Қазақ елі мен қазақ деген ұлтты әлемге танытатын да Димаштың өнері. Жоғарыда «әр халықтың өзіне тән ерекшелігі болады» деуіміздің де сыры осында жатыр, яғни біз сол ерекшелігімізді мұқым дүниеге көрсетуіміз керек. Ал оны дәл бүгінгі таңда көр­сете алатын адам жалғыз Димаш. Өшпес ғажап өнерімен атын қазірдің өзінде айдай әлем­ге мәшһүрлеп үлгерген Димаш­тың белгілі бір дәрежеде біздің қол­дау-көмегімізге онша зәру бола қоймауы да мүмкін, бі­рақ біз үшін ол өте қажет. Ди­маш Қазақстан деген елді және оның қазақ деген халқын өрке­ниетт­і елдердің қатарына қосу үшін қажет. Әлі де болса тума та­лант­қа бірде тосырқай, енді бір­де іштарлықпен қарап жүрген кей­бір ағайындар осыны түсінуі тиіс.