Қаңтар-наурыз айларында ІЖӨ өсуі 3,8%-ға дейін нығайған. Естеріңізге салар болсақ, қаңтар-ақпанда ол 3,5%-ді құраған еді. Өсудің үдеуі өңдеу өнеркәсібінің өсуінен, сондай-ақ құрылыс және инвестициялардағы өсудің үдеуі нәтижесінде болды. Инфляция деңгейі жоспар бойынша жүріп жатыр. Жыл басынан бері 1,3%, ал жылдық мәнде 4,8%-ді құраған.
«Инвестициялардың серпіні шамамен екі еселенді. Екі айдың қарқыны 4,2% болды, ал енді тоқсан қорытындысы бойынша 7,0% дейін өсіп отыр. Өсу негізінен инвестициялық тауарларды сатып алумен байланысты» деді Р.Дәленов.
Министрлік ақпаратына сүйенсек, биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халықаралық резервтер 86 млрд АҚШ долларын құраған. Биылғы қаңтар-наурызда өнеркәсіп өндірісі 3,2%-ға өсті. Қаңтар-ақпанда өсу 2,7% болды. Сонымен қатар кен өндіру өнеркәсібінде серпін бәсеңдеді. Екі айдағы 6,3% қарағанда соңғы айдағы өсу 4,8%-ды құрады.
Өңдеу өнеркәсібінің көптеген саласында екі таңбалы өсу байқалды. Бұл – жеңіл өнеркәсіп, сусын және пластмасса өндіру, құрылыс материалдарын шығару, сондай-ақ машина, оның ішінде автокөлік жасау.