16 Сәуір, 2019

Жүйріктер сынға түсті

1087 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодар қаласы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 15-16 сәуірде журналистика мамандығы бойынша Респубикалық пәндік олимпиада өтуде. Бұл шара биыл XI рет ұйымдастырылып отыр.

Жүйріктер сынға түсті

Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде әр өңірден келген жас журналистер  «Ұлы дала ұлағаты» тақырыбы аясында видео сюжеттерін көрсетті. Келесі кезеңде қатысушылар әр түрлі танымдық тақырыптарға сәйкес эссе жазып, жазу қабілеттерін көрсетті.

Екінші күні «Қазақ журналистикасының тарихы», «Жаңа медиа және интернет журналистика», «Телерадиожурналистика» пәндері бойынша тестен өтіп, білімдері мен біліктіліктерін танытты.

Республикалық пән олимпиадасының мақсаты – жас журналистердің тәжірибе алмасып, танымын кеңейтіп, шеберлігін арттыру. Журналистік қабілет-қарымды айқындап, отандық БАҚ-ты әлемдік деңгейге көтеру.  

«Пәндік олимпиада өте тартысты бәсеке екенін бұрын білмеген екенмін. Жан-жақтан келген қатысушылардың білімі мен тәжірибелерімен танысып, пікір алмасудамыз. Шараның ұйымдастырушыларына зор алғыс білдіреміз», - деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Халық Балжан. 

Республикалық пән олимпиадасының жеңімпаздары командалық есепте анықталады. Жеңімпаздар ҚР Білім және ғылым министрінің және С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ректорының дипломдарымен марапатталады.


Назым Самет