Іс-шараға ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, ЭМБ жастар қанаттарының көшбасшылары, белгілі блогерлер, жастардың атаулы топтары қатысты. Алғашқы сөз кезегі Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаевқа берілді. Ол өзінің сөзінде саяси өзгерістердің қисыны талап етіп отырған 9 маусым күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлаудың маңыздылығына тоқталып, оның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал ететіне сенім білдірді. Сонымен бірге Елбасының Жастар жылын ашу кезінде Үкіметке нақты тапсырмалар бергенін және қазақстандық жастарға ықыласты сөздерін арнағанын еске салды. «Бұл тапсырмаларда жастар үшін қолжетімді және сапалы білім, жұмыс, баспана және отбасын құру мүмкіндігі болуына басымдық берілген», деді ол. Ал Ассамблея туралы айтқанда биыл ұйым өз қоржынын жаңа жобалармен толықтырып отырғанын және олардың әрқайсысын батыл түрде «әлеуметтік лифт» ретінде айқындауға болатынын жеткізді. Одан әрі Ж.Түймебаев «PRодвигай себя» тренингіне қатысушыларға «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын бастаған кезде Мемлекет басшысы оның аса зор табыстарға қол жеткізген өңірлерден, түрлі этностардан шыққан әр жастағы нақты адамдардың тарихы екеніне назар аударғанын атап көрсетті. «Жастарымыз селфбрендингтің жаңа дағдыларын игеріп, өз идеялары мен жобаларын ілгерілетудің пәрменді әдістерін үйрене алатынына сенімдімін», деді ол.
Тренингте танымал тұлғалар, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары сөз сөйледі. Соның ішінде «Родина» ауылдық округінің әкімі Белла Газдиева ауыл жастарын қолдау және дамыту жөнінде көп жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Ол жиналғандарға жастар саясатының перспективасын өзі қалай елестететініне тоқталды. «Пифагор» мектебінің негізін қалаушы Асан Жолдасов өз брендін Қазақстанға қалай танымал еткені туралы баяндап, өзінің осы бағытта жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
Жеке бизнесін тақыр жерден бастап, үлкен жетістіктерге жеткен адамдардың бірі – Ларион Лян. Қазіргі кезде ол тұтас бір холдингтің жетекшісі. Мұндай табысқа қалай жетуге болатыны туралы Л.Лян өзінің жастар алдында сөйлеген сөзінде кеңінен баяндап берді.
Аталған шара жастар арасында өзіндік маркетинг және пиар жасау стратегиялары бойынша медиа танымалдылық деңгейін дамыту мақсатында өткізіліп отыр. Бұл қатысушылардың түрлі салада табысқа қол жеткізіп, тәуелсіз Қазақстанның дамуына лайықты үлес қосудағы имиджін жасау және жетістікке жету жолдарын ақпараттық ілгерілету бойынша білім қорларын қалыптастыруға ықпал етеді деген үміт бар екені туралы ұйымдастырушылар өз сөздерінде атап өтті.