Турабилерді таңдау мақсатын көздеген қоғамдық кеңес Қызылжар өңірінде өз жұмысын бастап кетті
Сенбі, 7 шілде 2012 7:31
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында, біздің бала кезімізде, ауылдағы үлкендердің қолдарына су құйып, қызмет қылсақ, олар көбінесе: «Өскенде мұғалім бол!» деп бата беруші еді. Өйткені, ол уақытта ұстаз беделі аса жоғары болатын… Ал, жетпісінші жылдардан бері қарай ақсақалдарымыз жеткіншектерге: «Судья бол!», «Прокурор бол!» деуге көшті. Мұндай бата «өміршең» болып шығып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны анық. Әрине, «Әкім бол!», «Бизнесмен бол!», «Банкир бол!» деушілер де аз емес қазір. «Заманына қарай амалы» деген осы. Қоғамда рухани құндылықтардың қадірі кетіп, өзімшіл психологияның белең алып бара жатқанына бір мысал бұл.
Сенбі, 7 шілде 2012 7:31
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында, біздің бала кезімізде, ауылдағы үлкендердің қолдарына су құйып, қызмет қылсақ, олар көбінесе: «Өскенде мұғалім бол!» деп бата беруші еді. Өйткені, ол уақытта ұстаз беделі аса жоғары болатын… Ал, жетпісінші жылдардан бері қарай ақсақалдарымыз жеткіншектерге: «Судья бол!», «Прокурор бол!» деуге көшті. Мұндай бата «өміршең» болып шығып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны анық. Әрине, «Әкім бол!», «Бизнесмен бол!», «Банкир бол!» деушілер де аз емес қазір. «Заманына қарай амалы» деген осы. Қоғамда рухани құндылықтардың қадірі кетіп, өзімшіл психологияның белең алып бара жатқанына бір мысал бұл. Бата бергіш үлкендеріміз: «Қара қылды қақ жаратын судья бол!» немесе «Әділдікке араша түсетін прокурор бол!» деп айтып жатса, бірсәрі ғой. Көпшілігінің көкейіндегісі – ертең заңгерлік білім алып, сот, прокуратура органдарында қызмет істесең, қолыңда бал татитын билігің болады, ал бал ұстаған бармағын жаламай қоймайды, жағдайың жаман болмайды дегенге саяды да.
Тамыры тереңде жатқан осындай үстем қоғамдық пікірдің ықпалымен бүгінде заңгерлік білім алып шыққандардың талайының арманы – судья атану. Өйткені, құқықтық мемлекет құруға ұмтылыс танытып жатқан тәуелсіз елімізде судьяның мәртебесі өте жоғары – аудандық соттың қатардағы судьясына дейін Президент Жарлығымен тағайындалады. Өзге құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарағанда судьялардың еңбекақысы да жоғарылау, әлеуметтік жеңілдіктері де қызығарлықтай. Алайда, бұдан судьялар туралы ертеден қалыптасқан кереғар пікірдің өзгергені шамалы. Жұрттың сөзіне құлақ түрсең, туғаны жоқ тура билерден туғаны көп имансыз билер көп сияқты. Елбасы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында: «Судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс. Судьялар жасағын қалыптастырудың тәртібін түбегейлі түрде қайта қарау қажет», деп атап көрсеткен болатын. Жоғарғы Соттан бастап, бүкіл сот жүйесіне өздерінің жауапкершілігі мен біліктілігін артыру, сөйтіп өз жұмысын жетілдіру міндеттері қойылды. Судьялардың заңды бұзуы жұрттың бәріне жария етілетіндей төтенше оқиға болуға тиіс,» – деп қадап айтылуы еліміздің сот жүйесінің қазіргі қалыптасқан жағдайына берілген әділ баға екендігі даусыз.
Осы орайда Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов жоғарыдан нұсқау күтіп отырмай, болашақ судьялар жасағын қалыптастыру тәртібін жетілдіру мақсатымен қоғамдық кеңес құру жөнінде елімізде алғашқы болып, игі бастама көтерді. Оның құрамына Қызылжар өңіріне танымал тұлғалар – бұрынғы мәжілісмендер Иван Чиркалин мен Раиса Полищук, белгілі журналистер Зәуре Жұмалиева мен Халия Жолдаспаева, Петропавл қаласының құрметті азаматы Равиль Рязапов, жергілікті мәслихаттардың депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері енгізілді. Қоғамдық кеңес алғашқы отырысында-ақ Солтүстік Қазақстан облысы мен басқа өңірлердегі бірнеше судьялық бос орындардан үміткер мамандардың кандидатураларын егжей-тегжейлі талқылады. Мәжіліс залына имене кірген, бүгінгінің биі болуды көксеген 13 заңгердің бәріне алуан сауалдар қойылып, білімімен қоса адамгершілік қасиеті, парасат-пайымы жан-жақты таразыланды. «Алуан-алуан жүйрік бар әліне қарай шабатын» демекші, сынаққа түскендердің бәрі де өз дайындықтарының деңгейін лайықты көрсеткендерімен, кеңес мүшелеріне айрықша ұнағандары да бар. Олардың арасында, әсіресе, қызылжарлықтар құрметіне бөленген әйгілі заңгер әкесінің жолын қуған, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот кеңсесінің меңгерушісі Дәурен Қайратұлы, үш тілге жетік, облыстық сот кеңсесі меңгерушісінің орынбасары Зафарбек Құниязов, жас та болса, тәжірибелі маман екендігі аңғарылған Таңат Смағұлов, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Әлия Жұмабаева, сотталғандар құқығын қорғаумен айналысып жүрген заң магистрі Эльвира Оразымбетова есімдері ерекше аталды.
– Судьялар қатарына кездейсоқ, жоғары сенім білдіруге моральдық құқығы жоқ, лайықсыз адамдар өтіп кетпеуі үшін осындай «қоғамдық сүзгінің» болғаны жөн деп білемін. Сіздерді солтүстікқазақстандықтар жақсы біледі. Сіздер де өз жерлестеріңіз жайлы хабардарсыздар. Сондықтан, өзара сенім ахуалын туғызып, екіжақты байланыс орнату арқылы болашақ судьяларды іріктеу ісін бірлесіп жетілдіре түсеміз деп ойлаймын, – деді Нұрғазы Әбдіқанов қоғамдық кеңес мүшелерімен өзара пікір алысу барысында.
Бұл жолы есімдері облыстық газеттерде күні бұрын жарияланған судьялықтан үміткерлердің ешқайсысы туралы теріс ақпарат түспегендіктен, олардың бәрін де іріктеудің екінші кезеңіне жіберу жайлы шешім бірауыздан қабылданды. Мені тағы бір сүйінткен жәйт: болашақта судья болуды мақсат еткен қазақ жастарының бәрі де өз ана тілдерін білетіндігі.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотына Нұрғазы Әбдіқанов төрағалық еткелі бері оқыс жәйттар туралы естіген жоқпыз. Сірә, жергілікті сот билігінің басына туғаны жоқ тура би келген болар. Нұрғазы Әбенұлының облыстық сот жанынан болашақ судьяларды іріктеумен айналысатын қоғамдық кеңес құру жөніндегі бастамасы да соны аңғартып тұрған сияқты.
Кәрібай МҰСЫРМАН, «Қызылжар ақпарат» ЖШС директоры- бас редакторы, Солтүстік Қазақстан облыстық
сот жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі.