Саясат • 17 Сәуір, 2019

Қарағандыда Nur Otan партиясының съезіне делегаттар сайланды

841 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында өткен Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалының ХХХІІ конференциясында партияның кезектен тыс 19-шы съезіне қатысатын 48 делегат анықталды.

Қарағандыда Nur Otan партиясының съезіне делегаттар сайланды

Конференция барысында партия мүшелері 9 маусымда өтетін президент сайлауы туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Ақын Серік Ақсұңқарұлы алдағы саяси науқанның болашағымыз үшін өте маңызды шара екенін атап өтсе, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Виталий Тварионас отандастарымыздың елдегі бейбітшілік, тұрақтылық және келісімді негізгі тірек еткен саясаттың жалғасын тапқанын қалайтынын жеткізді.

–  Партияның кезектен тыс 19-шы съезінде Nur Otan алдағы президент сайлауына түсетін өзінің үміткерін ұсынады. Әрқайсымыз Тұңғыш Президент ұсынған реформалардың жалғасын тапқанын қалаймыз. Олар экономикалық, саяси және рухани жаңғыртуға бағытталған. Сол себепті қоғамның әр мүшесі алдағы сайлаудың болуына және оның тиісті деңгейде өтуіне өз үлесін қосуы тиіс, – деді Виталий Тварионас.

Жиында Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова «Халыққа көмек» және «Бақытты отбасы» ұлттық жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.

«Халыққа көмек» жобасы облыс тұрғындарының, оның ішінде көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың мәселелерін шешуге бағытталған. Ал «Бақытты отбасы» жобасы бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың тұрмыс жағдайын жақсарту қолға алынбақшы. Осы жоба аясында әзірленген жол картасы бойынша оларға  жүйелі түрде және құқықтық көмек көрсету, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету сияқты бірқатар шаралар жоспарланған. 

Қадиша Оспанова баяндағандай, облыста «Бақытты отбасы» жобасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған. Бүгінге дейін  237 көпбалалы отбасының қатысуымен қабылдау шаралары ұйымдастырылып, олардың өтініш-тілектері мен мұң-мұқтажы тыңдалған. «Бұл жұмыстар ары қарай да жалғасатын болады», деді Қ.Оспанова.

Конференция жұмысына Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерлан Қошанов төрағалық етті.


  

Қарағанды облысы