Аймақтар • 17 Сәуір, 2019

Жымпитыда қаламдар көрмесі ашылды

1634 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының орталығы Жымпиты селосында аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Қалам алдым қолыма, тарихымды көрмекке!» атты көрме ашылды.

Жымпитыда қаламдар көрмесі ашылды

Күнбатыс Алашорданың орталығы болған тарихи кенттегі Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде ашылған ерекше көрмеге 40-қа жуық қалам қойылыпты. «Жазу эволюциясының тарихы» деп бағалауға болатын көрмеден сияға матырып жазатын көне қаламұш пен сиясауыттан бастап, түрлі қадесый – өнер ескерткіштерін де көруге болады.

- Қаламсап – бір кездері сауатты, зиялы адамның күнделікті қолданатын бұйымы еді. Бүгінде компьютер мен смартфон өмірімізге әбден еніп, қаламмен жазуды ұмытып та барамыз. Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – өткенді ұмытпау, қарапайым құралмен-ақ қайталанбас тарих жасаған аға ұрпақтың мықтылығын жастарға түсіндіру болатын, - дейді музей директоры Айнагүл Ойшыбаева.

Көрермен назарына ұсынылған ең көне қаламұштың «жасы» 60-тан асқан екен. Көрменің ашылу салтанатына келген Сырым ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Каналиев, ардагер ұстаз К.Федянин ақсақалдар үшін бұл жәдігерлер жастық шағының куәсіндей болды. Ағалар қаламұш пен сия сауыт туралы өз басынан өткен небір қызықты жайтты ортаға салды.

Жымпитыдағы көрмеде Ақ Жайық өңірінен шыққан белгілі қаламгерлер Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Хамза Есенжанов, Бақтығұл Ойшыбаев ұстап тұтынған қаламдар көрген жанның көзін қуантты. Қызықты қадесыйлар, өңірге белгілі дәрігер Келлердің зымыран пішінді қаламсабы, Хамит Ғабдуллиннің бір қарандаш, бір қаламсаптан тұратын жиынтығы, батыр қыз Әлия Молдағұлованың мерейтойына арнайы шығарылған сый-қалам, Сағынғали Сейітовке сыйланған алып қалам, «Ақ Жайық» трилогиясының авторы Хамза Есенжановтың шетелдік қарындашы, осы топырақтың тумасы, тарланбоз Қадыр Мырза Әлінің ұшты қарындашы – бұлардың бәрі кешегі күннің көзі, құнды тарихи жәдігер екені сөзсіз.

Жымпитыдағы қаламдар көрмесі бір айға созылмақ.


Батыс Қазақстан