Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

Әлеуметтік жобаларға – 3 млрд теңге

854 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топ мүшелері Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларының және Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары әкімдерінің, Жезқазған өңірінің ірі кәсіпорын, бизнес құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдары жетекшілерінің қатысуымен өткен жиынға қатысты.

Әлеуметтік жобаларға – 3 млрд теңге

Жиын барысында Үкімет басшысының орынбасарына
облыстағы ірі кәсіпорындардың әлеуметтік міндеттерді орындау бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндалды.

– Егер 15-20 жыл бұрын мемлекет шағын бизнеске аяғынан тұруға көмектессе, қазір керісінше, бизнес мемлекет пен қоғамға қол ұшын беруде. Кәсіпкерлердің инвестициялары өңірлердің әлеуметтік дамуына әсер ете бастады. Бұған Елбасының сол кездегі шешімі ықпал етті. Дәл осында, Жезқазғанда он жыл бұрын біздің Тұңғыш Президентіміз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы мәселені көтерген болатын, – деді жиында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Еске салсақ, 2008 жылы Жезқазғанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде бірінші форум өткен болатын. Еліміздің Тұңғыш Президенті сол кезде осы тақырыпты алғашқы болып көтеріп, отандық ірі кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін құру жөнінде тапсырмалар берген еді.

Жалпы, Қарағанды облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне, демеушілікке және қайырымдылық шараларына баса назар аударылады. Биыл әлеуметтік жобалар бойынша ірі компаниялармен арада 48 меморандумға қол қою жоспарда бар. Осы мақсаттар үшін 3 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылғанын да айта кеткен жөн.

Жиында сөз алған Гүлшара Әбдіхалықова басты мақсат бизнес өкілдері және жұмыс берушілер тарапынан жұмысшылар алдында еңбекақы бойынша қарыздарға жол бермеу екендігін атап өтті.

– Екінші мәселе, жалақыны біртіндеп көтеру. Тағы бір маңызды мәселе – еңбек қауіпсіздігі. Өңірдегі ірі кәсіпорындарда қызметкерлер үшін лайықты еңбек шарттарын жасау қажет. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі Жезқазған үшін де аса маңызды, себебі, қазір мемлекет әлеуметтік мәселелерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөлуде. Алдағы үш жылда әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларға 2,3 млрд теңге бөлінеді, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев өңірдегі ірі кәсіпорындарды әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударуға шақырды. Ең басты міндет – жұмыссыздықты болдырмау. Ол үшін өндіріс ошақтарында жұмыс орындарын сақтап қалу керек. Сонымен бірге,  көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатындағы қайырымдылық жобаларға да айрықша көңіл бөлу керектігін атап өтті министр.

– Біз еліміз бойынша мыңнан астам ірі кәсіпорынды зерттедік. Оларда қанша көпбалалы қызметкерлер бар және олардың қаншасында баспана жоқтығын анықтадық. Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралды. Біз кәсіпорындардан осы қызметкерлерді бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз етуді және бала күтіміне байланысты үйде отырған көпбалалы қызметкерлерді, мүгедек балаларды асырап отырған аналарды қолдауды сұраймыз, – деді Б.Сапарбаев.

Өңірдің шағын және орта бизнес өкілдері жыл сайын көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне 100 млн теңгеге жуық қаржыға атаулы әлеуметтік көмек көрсететінін де айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, демеушілер мен меценаттардың көмегі арқасында соңғы екі айдың ішінде  әлеуметтік аз қамтылған 10 отбасы баспаналы болды. 


Қарағанды облысы,

Жезқазған қаласы