Баяндамашы заң жобасы барлығы 55 қызметті біріктіретін осындай 21 композиттік тәсілді енгізуді көздеп отырғанын жеткізді. Бұл, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін ыңғайлы болмақ. Сонымен бірге ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болғызбау және бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін тіркеуді толығымен электронды форматқа көшіру және құжаттар тізбесін оңтайландыруды көздейді. Нәтижесінде жеке кәсіпкерлікті тіркеу электронды өтініш берілген кезден бастап қазіргідей бір күн емес, бір сағаттың ішінде жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ заң жобасы әке болу мен асырап алуды мемлекеттік тіркеуден алып тастайды, өйткені бұл туралы сот өз шешімін тіркеуші органға электронды нұсқамен жібереді. Бұл қағаз құжат айналымын едәуір қысқартып, бланкіге жұмсалатын шығындарды, адамдардың әртүрлі есікке баруын азайтады.
Қазір ел азаматтары тарапынан мемлекеттік органдардың шешімдері салдарынан мекенжай мен жылжымайтын мүліктің деректерін өзгерту наразылық туғызып жатады. Мысалы, мемлекеттік органдардың шешімі бойынша көшенің атауы немесе үйлердің нөмірі өзгерсе, тұрғындардың да өз құжаттарына өзгерістер енгізуіне тура келген, өйткені үйдің мұндай құжаттарын банк те, нотариус та қабылдамайды. Ал мына заң жобасында мемлекеттік органдардың шешімімен елді мекендердің, көшелердің атаулары, сондай-ақ ғимараттар мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірі өзгерген кезде жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларына өзгерістерді тіркеудің автоматты түрде жүзеге асырылуы көзделген. Түзетулер шеңберінде «мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қанатқақты жоба» деген ұғымды енгізу де жоспарланған. Бұл көрсетілетін қызметті жетілдірген кезде процестерді алдын ала сынақтан өткізуге, тәуекелдерді анықтауға, қызметтерді көрсету кезеңдерін түзетуге және ең бастысы, әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге М.Айсина заң жобасының 200-ден астам мемлекеттік қызметті оңтайландыратынын және т.б. атап өтті.
Депутаттар баяндамашыға және заң жобасына қатысы бар министрліктер мен ведомстволардың қатысып отырған өкілдеріне көптеген сұрақтар берді. Берілген жауаптар барысында түрлі министрліктердің электронды қызмет көрсетулері көбінесе үйлеспейтіндігі белгілі болды. Мәселен, цифрландыруға аса зор көлемде, соның ішінде биыл 92 млрд теңге қаражат бөлініп жатқанымен жұмыс нәтижесі төмен екендігіне Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин назар аударып, жетістік төмен болса, бөлінген ақшаны толық игердік деп мақтануға болмайтынын қадап айтты. Сонымен бірге ол депутаттар ұсынған түзетулердің маңыздылығына тоқталып, олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды форматқа көшіруді 2020 жылы 90 пайызға жеткізу міндетін орындауға қызмет ететініне назар аударды. «Қазақстанымыздағы әрбір азаматтың өмірдегі барлық қажеттілігі мемлекеттік қызмет көрсету бойынша реттеледі. Сондықтан мемлекеттік қызмет көрсету әрқашанда заман талабына сай жаңарып отыру керек. Сонымен қатар қолжетімді және сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс» – деді ол.
Осындай қызу талқылаудан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ол 40 заң мен 10 кодекске өзгертулер мен толықтырулар енгізеді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметті алу бойынша 100 млн құжат қысқартылатыны болжануда. Ал жұмыс тобына депутаттар мен комитеттерден барлығы 578 ұсыныс түсіп, мүдделі министрліктер, ведомстволар және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен бес отырыс болғандығы белгілі болды.
Сонымен бірге жалпы отырыста «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Заң жобасы 2018 жылғы 17 мамырда Астана қаласында жасалған Келісімді ратификациялауға бағытталған. Ол Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара сауданы жақсарту үшін жағдайлар жасауға негізделген. Келісім сауданы реттеу мен ынтымақтастықты арттыруды көздей отырып, ішкі нарықты қорғау шаралары, саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, зияткерлік меншік, бәсекелестік, мемлекеттік сатып алу саласындағы ынтымақтастық, салалық ынтымақтастық, электронды сауда сияқты салалардың кең ауқымын қамтыған.
Сонымен бірге жалпы отырыста «Қазақстан Республикасы мен Солтүстік инвестициялық банк арасындағы Солтүстік инвестициялық банктің Қазақстан Республикасындағы қызметін реттейтін негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімдері белгіленді.