Саясат • 18 Сәуір, 2019

Ұлттық жобалар – басты назарда

1178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше елордада Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ХІХ кезектен тыс конференциясы өтті. Жиында партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған ұлттық жобаларды іске асыру жұмыстарына баса назар аударылды.

Ұлттық жобалар – басты назарда
Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орын­баса­ры Бақыт Сапаров 9 сәуір­­де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың прези­денттік кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қой­ға­нын атап өтіп, бұл бастаманы партия толықтай қолдайтынын жеткізді. Ол бұл сайлауға Nur Otan партиясы белсенді атсалы­сытынын айтып, партия Төраға­сы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қаулысымен кезектен тыс шақы­рылған Nur Otan партия­сы» қоғамдық бірлестігі­нің ХІХ съезі 2019 жылдың 23 сәуі­рін­де өтетінін еске салды. Бұл съезде партия Президент сайлауы­на қатысатын өз кандидатын анықтайды.

Осы ретте конференцияның күн тәртібінде партияның XVIII съезінде Нұрсұлтан Назарбаев тап­сырған «Бақытты отбасы», «Құт­ты мекен» және «Халыққа көмек» атты ауқымды ұлттық жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды.

Нұр-Сұлтан қаласының Мониторинг және жедел әре­кет ету орталығының басшысы Жаннат Дүбірова баяндама жасап, астанада «Халыққа көмек» қазірдің өзінде қала тұрғын­дары­мен кері байланыс жүйесін қалып­тастырудың тиімді құралы болып отырғанын айтты.

– Біз Nur Otan қоғамдық қабыл­дау орталығының қызмет­терін зерттеп, оларды цифрландырып, 109 Интеллектуалды байланыс орталығының жүйе­сіне енгіздік. Жүйеде қоғамдық қабыл­даудың жұмыс үрдісіне бейім­делген функциялары бар. Бұл тұрғыда жаңа қызметкер­лер­ге тре­нинг өткізілді. Қазір IKomek109 қызметін партия порталымен үндестіру жұмыс­тары жүргізіліп жатыр, – деді Ж.Дүбірова.

Бір айдың өзінде IKomek109 Бірыңғай байланыс орталы­ғына партияның қоғамдық қабыл­дауынан 800-ден аса өтініш қабылданған. Осылайша бұл әртүрлі әлеуметтік мәселе бойынша азаматтарға көмек көрсетудің «терезесіне» айналады.

Сонымен қатар басқосуда «Бақытты отбасы» ұлттық жобасы жөнінде «Медина» жекемен­шік балабақшалардың басшысы Мәдина Әжікенова сөз қозғады. Ол жобаны іске асыру мақсатын­да әлеуметтік-экономикалық шаралар, құқық қорғау, отбасы институтын күшейту сияқты үш мін­деттің айқындалғанын, Үкімет мен әкімдіктер бірлесіп арнайы Жол картасын әзірлегенін тілге тиек етті.

Кездесу соңында жиналған қауым Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінің жұмы­сына қатысатын делегаттарды анықтады.


Орынбек ӨТЕМҰРАТ,


НҰР-СҰЛТАН