Руханият • 18 Сәуір, 2019

«Бала дауысы» – Батыс Қазақстанда

1248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде «Бала дауысы» ұлт­тық балалар ән байқауы­ның төртінші мауысымы өтіп жатыр. Жақында балдырған талант­тардың аймақтық ірік­теу кезеңі Орал қаласында өт­ті. Кас­тингте 115 бала өнер көр­сетті.

«Бала дауысы» – Батыс Қазақстанда
Наурыздың 29-ында Алматы қа­ла­­сында басталып, екі айға жуық уақытқа созылатын іріктеу кезеңі Шымкент, Жамбыл, Түркістан, Қы­зыл­­орда және Ақтөбе облыстары­нан кейін Батыс Қазақстан өңіріне де жетті. 

8 бен 12 жас аралығындағы әнші балалар байқауына сарапшылық еткен қазылар алқасының жетекшісі, опера әншісі Зарина Алтынбаеваның өзі де осындай жауапты сайыстың талайы­н басынан өткерген. Сондықтан да кішкентай өнерпаздардың бойын­дағы қорқыныш пен толқуды және оны қалай жеңуді жақсы біледі. Қазылар оралдық өрендердің жауапты сында жанып кетпей, бар талантымен көрінуіне жағдай жасады. «Бала дауы­сы» байқауы жоғары дең­гейде өтті. 

Жүзден аса күміс көмей жас әнші бақ сынаған байқауда таңдау 10 жасар Түгелбай Әлімжанға түсті. №4 мек­тептің оқушысы әдемі дауысымен, сахна мәнерімен және ерекше сезімталдығымен қазылар алқасын тәнті етті. Ол орындаған «Мама» әні тың­даған жанның жүрек қылын шер­тіп, ғажап күйге бөледі. 

– Байқаудың қорытынды нәти­жесі жарияланар тұста қатты тол­қыдым. Сайыстың продюсері Фари­да Ниязова сахнадан менің аты-жөнімді жариялаған сәтте қуа­ны­­шым қойныма сыймай кетті. Бақыт­тымын, – дейді кішкентай жеңімпаз.

Түгелбай Әлімжан енді Қазақ­станның әр өңірінен іріктеліп шық­қан 16 жеңімпазбен бірге «Жұл­дызды Арман үйінде» өтетін финал­­дық сайысқа қатысып, Батыс Қазақ­стан облысының намысын қорғайды. Байқаудың суперфиналы алдында балалар вокал, хореография және әртістік шеберлік сабақтарына қатысып, сахна өнерінің қыр-сырына үйренеді.

«Бала дауысы – 2019» байқауы­ның жеңімпазы музыкалық оқу орнына арналған білім гранты мен Диснейленд ертегілер әлеміне саяхат жолдамасына ие болмақ.
Айта кетейік, «Бала дауысы» ұлт­тық балалар ән байқауын Әлия Назарбаева басқаратын «Жан­дану әлемі» қоры Қазақстан Респуб­лика­сының Тұңғыш Президенті Қорының сон­дай-ақ Білім және ғылым минис­тр­лігінің қолдауымен биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Батыс Қазақстан облысы