Қос боксшы бір-бірін жақсы біледі. 2012 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарының жартылай финалында олардың жолдары қиысып, сол кездесу ринг қожайынының жеңісімен аяқталған еді. Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін Джошуа бірден кәсіпқой боксқа ауысты. Алты жылға жуық уақыт аралығында Ұлыбритания өкілі толғай табыстарға қол жеткізді. 22 кездесудің барлығын жеңіспен аяқтап, 21 қарсыласын есінен тандырды.
Дычко әуесқой рингінде тағы біраз уақыт өнер көрсетіп жүрді. Бұл ретте ол несібесіз болған жоқ. Рио Олимпиадасы мен әлем чемпионаттарында жүлде алды. Құрлықтық додаларда дара шықты. Тек содан кейін барып қана кәсіпқой рингке шықты. Екі жылға жуық уақыт аралығында жерлесіміз жеті рет жекпе-жекке шығып, барлық бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.
Лондон Олимпиадасында Иван Дычко өзінің жеңілмегенін айтудан еш жалыққан емес. Әлем чемпионын жекпе-жекке шақыра отырып отандасымыз: «Ол мені Олимпиадада ұтқан жоқ. Маған тиесілі алтынды төрешілер оған алып берген еді. Сол ағаттықтың орнын толтыратын кез келді. Қазір кездессек те Джошуаның мені жеңе алмайтыны анық» деп мәлімдеді.