Сөз бен іс
Бейсенбі, 16 тамыз 2012 7:45
Кімнің кім екені есеп беруде айқындалады
Шіліңгір ыстықта шып-шып терлеп жүрген Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қала әкімдері өткен аптада облыс әкімінің алдында жарты жылдың қорытындысы бойынша есеп беріп, тіптен су терге түсті. Есеп беру – осыған дейін атқарылған істерді сараптау, баға беру және алда орындалуы тиіс істерді жұптап, бағдарлап алу екені анық. Әрине, іске қосылған, пайдалануға берілген, ел игілігін көріп жатқан тірліктерді ешкім ұрлап алып кетпейді. Қай әкімнің тірлігі қандай екенін ел де, облыс басшысы да алақандағыдай көріп отыр. Содан болар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің есеп алу барысында үстел тоқпақтамастан-ақ, әр мәселеге байыппен қарап, кемшін тұстарды дөп басып, істі нақты талап етуі аудан, қала әкімдерін әжептәуір абыржытып тастады.
Бейсенбі, 16 тамыз 2012 7:45
Кімнің кім екені есеп беруде айқындалады
Шіліңгір ыстықта шып-шып терлеп жүрген Оңтүстік Қазақстан облысының аудан, қала әкімдері өткен аптада облыс әкімінің алдында жарты жылдың қорытындысы бойынша есеп беріп, тіптен су терге түсті. Есеп беру – осыған дейін атқарылған істерді сараптау, баға беру және алда орындалуы тиіс істерді жұптап, бағдарлап алу екені анық. Әрине, іске қосылған, пайдалануға берілген, ел игілігін көріп жатқан тірліктерді ешкім ұрлап алып кетпейді. Қай әкімнің тірлігі қандай екенін ел де, облыс басшысы да алақандағыдай көріп отыр. Содан болар Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің есеп алу барысында үстел тоқпақтамастан-ақ, әр мәселеге байыппен қарап, кемшін тұстарды дөп басып, істі нақты талап етуі аудан, қала әкімдерін әжептәуір абыржытып тастады.
Әрине, әңгіменің әлқиссасында Оңтүстіктегі ел сүйсінер игіліктердің бәрі де Елбасы бастап, халық қостап атқарылып жатқан жасампаз жұмыстың жемісі екенін атап айту парыз. Осы істің қай-қайсысы да облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына сүбелі үлес болып қосылуда. Бұл шаруаның барлығының басы-қасында аудан, қала әкімдері тұрғаны тағы талассыз. Біз олардың табысты жұмысын жүйелі жазып та жүрміз. Осы жолы да тілге тиек етер жақсы жайлар баршылық.
Өткен алты айда Мақтаарал ауданының 35 өнеркәсіп орны 2 млрд. 512,7 млн. теңгенің өнімдерін өндірді. Ал, заттай өнімге шағар болсақ, 2011 жылдың тиісті мерзіміне қарағанда мақта талшығы 12 566 тоннаға артып отыр. Үстіміздегі жылы Түркістанда Индустрияландыру картасына 1,5 млрд. теңгеге 5 жоба ұсыну жоспарланған, осының 4 жобасы енгізілді. Жобалардың жалпы құны 912,0 млн. теңгені құрайды және 266 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сайрам ауданында іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 15968 бірлікке жетіп, 2011 жылмен салыстырғанда 101 пайызға артқан. Бұл салада 48209 адам жұмыспен қамтылып отыр. Өткен жылдың 6 айында 1282 шағын және орта бизнес кәсіпорындары 837,1 млн. теңге несие алса, биыл 2035 кәсіпорын 677,7 млн. теңгеге несиелендірілді. Отырар ауданында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 129,0 млн. теңге несиеге 662 бас ірі қара сатып алынып, тапсырма 178 пайыз орындалды. Бұдан бөлек «Отырарауылнесие» кредиттік серіктестігінен 6 шаруашылық 115 асыл тұқымды ірі қара мал алуға 40,0 млн. теңгеге өтініш беріп, комиссияның оң шешімін алды. Түлкібаста 18 млрд. 627,0 млн. теңге инвестиция тартылып, өткен жылға қарағанда 4,3 есеге өсті.
Тағы да айтамыз: әрине, халқы еңбекқор Оңтүстікте атқарылған тірліктер жетерлік. Оның бәрін бір мақалада айтып шығу мүмкін емес. Әйтсе де, осы есеп барысында кейбір аудан әкімдерінің тірлікке жүрдім-бардым қарайтын енжарлығы, тың идеяларының жоқтығы, мәселенің боз боранын шығарып табанда шешіп тастайтын іскерлік қасиеттері кемшін екені байқалып қалды. Мұндай шенеуніктер туралы Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын шығарған жиында: «Олардың бірқатарлары басты нәрсе есеп беру деп біледі. Әдемілеп есеп беріп, лентаны қиса болғаны. Содан кейін ол істің арты не болғанына мән бере бермейді» деп өте әдемі айтқан-ды. Шынында, біздің кей әкімдердің бар тірлігі – лента қию мен есеп беру ғана болғаны ма?
Бәйдібек ауданында үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына 3 жоба енгізу ұсынылса, осы уақытқа дейін оның біреуі ғана мақұлданған. Биыл облыста 1000 адамға несие беру көзделген. Келесі жылы оның көлемі бұдан көбейеді. Ал Бәйдібек ауданынан несие алуға бірде-бір өтініш түспеген. Арыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына бас-аяғы 12 жоба ұсыну қажет болса, оның біреуі ғана мақұлданған. Шардара мен Отырар аудандарында, Арыс қаласында индустрияландыру картасына небәрі бір-бірден-ақ жоба еніпті, ал Кентауда мүлдем жоқ. Мақтаарал ауданының әкімі бюджет қызметкерлерінің 400 миллион теңге жалақысын басқа мақсатқа жұмсап жіберіпті. Түлкібаста жылыжай салу жоспары небәрі 2,5 пайызға орындалған. Яғни, 10 гектар жер жоспарланған, нәтижесінде, 25 сотық қана жылыжай ашылған. Дәл осындай жағдай Отырар ауданының басында да бар. Шардара, Мақтаарал аудандарында қомақты қаржылар игерілмей қалған.
Облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалының төрағасы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен аймақта 2009-2011 жылдары мемлекеттік бағдарламамен салынған құрылыс нысандарының сапасына тексеру жүргізіліпті. Бұл да жиында қызу әңгіме болды. Ордабасы ауданы, Бөген ауылындағы ауыз су құрылысын «Жас Отан» ЖШС қолға алған екен. Құрылыстың сапасы сын көтермейтінін былай қойғанда, мердігер фирма жұмысты аяқтамастан орта жолдан тастап кетіп, биыл ғана қайта жалғастырыпты. Бүгінгі таңда бұл ауылдың тұрғындары ауыз сусыз отыр. Төрткөл ауылына 2010-2011 жылдары тартылған ауыз су құбыры әр жерінен жарылып, тұрғындарға су толық жетпеген. Үш жылдан бері сүйретіліп келе жатқан бұл құрылысқа биыл бюджеттен қосымша қаржы бөлініп, жұмысты басқа мердігер жүргізуде. «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбековтің жиында келтірген мәліметтеріне қарағанда, Арыс қаласының Задария елді мекеніндегі 250 орындық бастауыш мектеп құрылысы, Дермене ауылдық дәрігерлік амбулатория, Шардара ауданы, Жаушықұм ауылындағы 660 орындық орта мектебінің, Айдарқұл ауылындағы 60 орындық Көксу бастауыш мектебі, Қазақстан, Ұзын ата елді мекендеріндегі канал құрылыстарының, Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылындағы негізгі мектеп, Қарабастау ауылындағы медпункт, Шақпақ ауылындағы бастауыш мектебі, Тұрбат ауылындағы жол, Шарбұлақ ауылындағы емхана құрылыстарының сапасы сын көтермейді. Нысандардың дені мерзімінен кеш пайдалануға берілген, мердігерлердің жауапсыздығынан көбіне бюджеттен артық қаржы бөлініп, қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кей әкімдер мердігерлермен соттасқан.
Міне, осы кемшіліктің бәрін «Нұр Отан» партиясы анықтап отыр. Сонда бұл құрылыс нысандары тек «Нұр Отанға» ғана керек пе? Неге бұл істе аудан басшылары жанашырлық танытпайды? Неге бір іске қайта-қайта қаржы бөлініп, мемлекет шығын болады? Неге дер кезінде дабыл қақпай, бәрі біткен соң соттасамыз? Тіпті Ордабасы ауданының кейбір ауыл әкімдері «құрылыста ешқандай кемшілік жоқ, бәрі жақсы» деп көзді жұмып тұрып анықтама беріп, куәлікке жүргендерін қалай түсінуге болады? Сонда аудан, қала басшылары, ауыл әкімдері құрылыстың басына мүлдем бармайтын болғаны ғой. Не құрылысты бақылай алмаған, не шаруаға қаржы алып бере алмаған әкімдерден не үміт, не қайыр? Міне, жаны ашымастық деген осы. Асқар Исабекұлы осы кемшіліктердің бәрін қадап тұрып айтты.
Есеп те емтихан сияқты. Біреулер өтеді, енді біреулер сүрінеді. Есеп беру жиыны өте салысымен облыс әкімі А. Мырзахметов Арыс қаласының әкімін ауыстырды. Сөйтіп, бұл қызметке Сейіт Ертай тағайындалды. Ол осыған дейін бірнеше ауданда әкімнің орынбасары, одан облыстық әкімдікте бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, әбден ысылған мемлекеттік қызметкер. Бұған дейін Шардара ауданының әкімі Марғұлан Марайым Астанаға қызмет ауыстырған болатын. Оның орнына Қамытбек Айтөреев тағайындалды. Кадрлық ауыс-түйіс әзірге осымен тәмам болып тұр. Барлық әкім «жылдың аяғына дейін тірлікті тастай қыламыз» деп уәдені үйіп-төгіп кетті ғой, әйтеуір. Уақыт – зымыран. «Индустрияландыру мен әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру – әрбір министр, әрбір әкім үшін тест. Нақ осы екі басты міндетті жүзеге асыру менің командамда кімнің кім екендігін айқындайды. Мен үшін ең бастысы – әрбір қазақстандық отбасының жеткілікті жағдайда өмір сүруі, қарапайым адамдардың өздерінің ертеңгі күндеріне сенімді болуы» деген еді Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің алты айды қорытындылаған жиынында. Осы емтихан облыс әкімі А.Мырзахметовтің командасында кімнің кім екенін айқындап беретіні анық. Ел құрметіне бөленіп жүрген азамат Асқар Исабекұлының есеп беру барысында танытқан талапшылдығы, әкімдер қызметінен алдымен сөз емес іс күтетіндігі, жұмысты соған қарап бағалайтындығы облыс жұртшылығының сеніміне ие еткізіп отыр. Талап бар жерде тәртіп те орнамай қоймайды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.