Аймақтар • 18 Сәуір, 2019

Әкімдік көпбалалы аналарды жұмысқа орналастыру және қайта оқыту үшін жағдай жасайды

933 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұмыссыздар сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алады деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Әкімдік көпбалалы аналарды жұмысқа орналастыру және қайта оқыту үшін жағдай жасайды

Бұл туралы жуырда көпбалалы аналармен кездесуде елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина мәлімдеді. 

Кездесуге сондай-ақ, қалалық кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Жанар Төребекова, бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Данияр Монтаев, қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Данияр Нұрпейісов, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Нұрекенова, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Әділет Тілепов қатысты. 

Зиуар Жұманова, Ақгүл Тұрғанбаева және Назгүл Баймағанбетова 80 көпбалалы аналардың атынан өтініш білдіріп отырғандықтарын айта келіп, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндігін беру туралы ұсыныс айтты. Айтуларынша, ұйымның құрамына кіруге ниет білдірген көптеген әйелдердің жасы 40 шамасында, тұрмысқа жас кезінде шыққандықтан олардың басым бөлігінің білімі де, еңбек өтілі де жоқ. Олар «аналар мен әйелдер одағын» құруға ниетті. 

Белсенділер көпбалалы әйелдер мен олардың балалары бос уақытын пайдалы өткізе алатын алаң ашқысы келеді, сондай-ақ, олар өз қолдарымен дайындалатын өнімдерді сатуға мүмкіндік алады. Әкімдік бөлімшелерінің мамандары оларға кәсіпкерлік дағдыларына оқытудан бастау, астаналық нарықты алдын ала зерттеп, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің неғұрлым сұранысқа ие тізбесін анықтауға кеңес берді. 

Кәсіпкерлер палатасының өкілдері «Бизнес-бастау» бағдарламасы туралы айтып, жаңадан бастаған бизнесмендер қандай мемлекеттік қолдау шараларына үміткер болатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оларға қойылатын басты талап: 1 айдан 3 айға дейінгі мерзімге созылатын оқуды жібермеу. Курстарда тәуекелдерді қалай есепке алу және базалық құжаттаманы қалай құру керектігі егжей-тегжейлі баяндалады. Толық бизнес-жоспар әзірленгеннен кейін грант алуға өтінім беруге болады.

 «Жұмыс іздеп жүрген тұлғалар ретінде есепте тұрған қала тұрғындары елордада сұранысқа ие мамандықтар бойынша 1 айдан 3 айға дейін тегін оқу курстарынан өте алады: аспаз, кондитер, наубайшы, тігінші, массажист, электр, газбен дәнекерлеуші, балабақша тәрбиешісі, слесарь-сантехник, электромонтер, киберқауіпсіздік маманы, анимация және видеографика, сауда жөніндегі менеджер. Оқудан кейін қаланың жеке компанияларында жұмысқа орналасу үлесі өте жоғары», – деп атап өтті Сәуле Нұрғожина.

Елорданың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында көпбалалы аналармен осындай кездесулердің тұрақты негізде өткізілетіндігін мәлімдеді.