18 Сәуір, 2019

Елордада музей мамандары бас қосты

1159 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында «Музей, музеология және мәдени мұра» тақырыбында халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орайластырылған шара елордада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Аталған мереке 1982 жылы ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық ескерткіштер мен көрнекті орындарды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес ассамблеясы бекітіп берген.

Елордада музей мамандары бас қосты

Конференцияны Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы мен елордалық Тарихи-мәдени мұра ескерткіштері мен нысандарының сақталуын қамтамасыз ету дирекциясы ұйымдастырды. Алқалы жиында отандық археолог ғалымдар, Азия елдерінің музеология комитетінің және Тынық мұхиты аймағының, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімі Тарих институтының, Әзербайжан Ұлттық тарих музейінің, Тайбэй қаласының әлемдік діндер музейінің (Тайвань), Мюнхен қаласының Халықаралық философия мектебінің (Германия), Алтай мемлекеттік педагогика университетінің тарихи-мәдени мұра және туризм кафедрасының және Орталық Азияның мәдени мекемелер желісінің өкілдері бас қосты. Мәдени жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасқан музей орталықтары әдістемелік қызметі жетілген функционалдық институттар деңгейіне дейін көтерілді. Мемлекеттік тарихи-мәдени «Бозоқ» музей-қорығының ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Зубайда Сұрағанова музей ісінің қоғам дамуымен тығыз байланысты сала екенін айтады. Ғалымның пікірінше, мұндай кең ауқымды конференциялар жинақталған тәжірибе мен музей ісінің мәселелерін тарқатуда терең байланыс орнатады.

– Шын мәнісінде, музей ісі баяу жүретін ғылым, білім беруі ісінің өте маңызды саласы. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттер негізінде еліміздегі музей ісі дамудың жаңа белесінен көрінуі тиіс. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынға ие мемлекетімізде музей-қорықтар, ашық аспан астындағы музей орындары өте аз. Шетелдік мәдени орындармен салыстырар болсақ, біздегі музей қызметі саласында шешімін табуы тиіс көптеген кемшін тұстарын байқаймыз, – дейді Зубайда Сұрағанова. Сондай-ақ, олұлттық мәдени әлеуетті үдету көптеген елдер үшін, соның ішінде Қазақстан үшін де түйінді басымдықтардың бірі екенін алға тартты. Бұл ретте музей ісі және тарихи-мәдени мұраны қорғау секторындағы негізгі мәселенің бірі білікті мамандардың жетіспеушілігі екенін айтты.

– Ендігі бір мәселе, музей саласы мамандарының жетіспеушілігі. Қазақстанда музей ісі мамандарын тек әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде дайындайды. Мәдениет саласындағы менеджмент бағдарламаларының модельдері, табысты халықаралық тәжірибелер керек-ақ. Ал бүгінгі алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Музей, музеология және мәдени мұра» тақырыбында халықаралық ғылыми конференциясының берер мүмкіндіктері көп. Бұл – Қазақстанды әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялау және тиімді халықаралық ынтымақтастықты жолға қою мүмкіндіктерінің бірі, – дейді ол.

Екі күндік симпозиум аясында ғалымдар мәдени мұра нысандарын пайдалану және оны кеңінен танымал ету мәселелерін талқылады. Музей ісіне байланысты жинақталған тәжірибе мен салалық мәселелерді ортаға салған ғалымдар белгілі бір заңдылықтар аясында қаралатын теориялық негіздеріне, музейдің серіктестік жобалары саналатын аймақтың табиғи және тарихи өзектілігін қолдану барысына тоқталды.

Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің тәуелсіз мәдениет секторында жаңа тәуелсіз арт-кеңістіктер, фестивальдар, көрмелер мен тұжырымдық дүкендер сияқты жеке бастамалардың өркендеуі байқалады. Әйтсе де мәдениет саласындағы басқару мен қаржыландыру жүйесіндегі жетіспеушілік ТМД елдерінің көбіне тән ортақ мәселе екендігі туралы ғалымдар пікірі мәдени салаға әлі де терең талдау жасалу керектігін айғақтайды.

Алмакан Найзабекова, Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейінің бейнелеу өнерін ғылыми танымал ету бөлімінің басшысы, 
Орталық Азия мәдениет және өнер саласы (ЦАСКИ) музейінің меңгерушісі (Қырғыз Республикасы, Бішкек):

Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейі елдегі басты мәдени орындардың бірі. Өнерсүйер қауымға жете танысуға мүмкіндік беретін бейнелеу өнері және мүсіндеме бойынша онлайн галерея құру жұмыстары қолға алынды. Әйткенмен мемлекеттік қаржыландыру жоспарының тиімсіз екені белгілі. Сондықтан музейлер көптеген мәселелерді шешуде түрлі жобалар арқылы, халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Ал мәдени cектор мен креативті индустрия күшейіп келе жатқандықтан, музей саласын жан-жақты дамыту арқылы халықаралық қатынастарды нығайтудың негізі ретінде пайдаланудың әлеуеті зор.

Ольга Труевцева, Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, Тарихи-мәдени мұра және туризм кафедрасының меңгерушісі, Азия және Тынық мұхиты бойынша музей комитетінің төрағасының орынбасары (АСПАК) (Ресей Барнаул):

Бразилия, Аргентина, Жапония, Тунис дейсіз бе, әлемнің көптеген елдерінде музей жұмыстарын ұйымдастыру бойынша іс-шараларды өткізіп келеміз. Қазақстанға екінші рет сапарлап келіп отырмын. Салалық бағыттарды жүйеге түсіретін мұндай халықаралық ықпалдасқан жұмыстар өзара ғылыми ізденістерге әкеледі. Егер таныс болсаңыз, Алтай өңірінде күміс балқыту, алтын балқыту зауыттары болған, өкінішке қарай, бүгінде бұл орындарды қайта қалпына келтіру мүмкін емес, тек қолда барын сақтауға мәжбүрміз. Сібірдің өлкетану музейінде аталған бағытта бірнеше бастамалар қолға алынды. Атап айтқанда деректер базасын сақтау бойынша жойылып бара жатқан мәдени мұралардың «Қызыл кітабын» дайындау бастамасын көтердік. Қайта жасақтау мүмкін емес нысандарды қоса отырып, ғылыми мақалалар, сызбалар, құжаттар, бақылау жұмыстарын бір жүйеге түсірдік. «Қызыл кітап» негізінде жинақталған мәліметтерді пайдалану баршаға оңтайлы.