10 Наурыз, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

671 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сенатқа ұнап отыр АҚШ сенаты Украинадағы жағдайды сарапқа салып, бұл елде демократия бағытындағы оң өзгерістер барлығын атап өтіп, оны құптаған шешім қабылдады. Сырт қарағанда биліктен кеткен В.Ющенко мен Ю.Тимошен­ко­лар­дың батыстық бағыты АҚШ-қа жақындау көрінуге тиіс болса да, олардың президент В.Януко­вич­тің алғашқы қадамдарын құп­тауы біраз жұртты таңдандырды. Биліктен кеткісі жоқ Польша президенті Лех Ка­чиньски екінші мерзімге сайлану үшін күреске қосылатынын мә­лімдеді. Ол “Заң және әділет­ті­лік” партиясынан түспек. Әрине, оған ешқандай таңданудың қажеті жоқ сияқты. Ел заңы оған мүмкіндік береді. Бірақ жұрттың бұған назар аударатын бір жайы бар – кейде ол үкімет басшы­сы­мен де тіл табыса алмай жатады. Премьер-министр Туск бірде оны шет елге барғанда ұшағына мінгізбей тастап кеткені бар. Мұн­дай беделін төмендетіп алған қайраткердің жеңістен үміттенуі қиын. Соғыс тұтанғалы тұр Йемен Республикасы тыныш­сыз. Жақында ғана елде қақты­ғыс болып, қан төгілді. Бір жағы­нан “Әл-Каида” лаңкестік ұйы­мы бүлік салып жүрсе, екінші жа­ғынан Оңтүстік Йеменді жеке мемлекет етеміз дейтін сепа­ра­тистер үнемі бас көтеріп жатады. Кезінде ел аумағында Солтүстік және Оңтүстік Йемен дегенде екі мемлекет пайда болып, кейін бі­рік­кеннің жөн екенін ұғып, қо­сылған еді. Бірақ оңтүстік жағы қайта бөлінуді көксеп жүр. Са­рапшылардың пікірінше, соғыс болмай тынбайтын сияқты. “Құтырған иттен” сақтан Молдавия парламенті Жоғар­ғы сот палатасының төрағасы Ион Муруянуды қызметінен бо­сатты. Оған ЖСП төрағасының журналистермен тіл табыса ал­мағаны себеп болыпты. Муруяну журналистердің сот ісін көбірек сынап жазғанына өкпелеп, олар кейде “қоғам үшін аса қауіпті құ­тырған итке айналып кетеді” де­ген мәлімдеме жасаған көрінеді. Мұнымен, әрине, журналистер келіспеген. Тіпті Муруяну ресми түрде кешірім сұраған екен, бірақ оған “құтырған иттер” келіс­пепті. Монополияға қарсылық Еуропаның ішінде орналас­қан Ресейдің Калининград об­лыс-анклавында саяси партиялар бірігіп, “Біздің Калининград” ода­ғын құрыпты. Оған компар­тия­ның, РЛДП-ның, “Наша Россия”, “Патриоты России”, “Со­лидарность”, “Справедливая Россия” партияларының өкілде­рі, сондай-ақ жергілікті “Спра­ве­дли­вость” қозғалысы кіріпті. Одақ­тың үйлестірушісі, “Спра­вед­ливость” қозғалысының же­текшісі Константин Дорошоктың айтуынша, бұл коалицияның мақсаты – “Единая Россия” пар­тиясының саясаттағы моно­по­лиясына қ­арсы тұру. Осы тұр­ғыда олар қаңтарда айтарлықтай ауқымды митинг өткізген бола­тын. Енді 20 наурызда тағы да митинг өткізіп, оған 40-60 мың адам алып шықпақ. Сөйлескенге – өлім жазасы Солтүстік Кореядағы бір жұ­мысшы өзінің Оңтүстік Кореяға қашып кеткен жолдасымен қалта телефонмен сөйлескені үшін өлім жазасына кесіліпті. Бәлкім, ол бұл үшін жазаланатынын біл­меген де шығар. Қалта телефонға шекара тосқауыл бола алмайды. Дос адамға көңіл керек, хабарын біл­гісі келген болар. Тек ол өз әң­гімесінде кеткен досына елде күріштің қымбаттағанын айтқан екен. Сол сөз оның түбіне жетіпті. Тоқтамасаң – атыласың Қырғызстанның атақты Баткен облысындағы Қадамжай ауда­нында шекара қызметкері талапты орындамаған Өзбекстан азаматын атып өлтіріпті. Әлде басынғаны ма, әлде қашып құтылып кетемін деді ме екен, әйтеуір автокөлік жүргізген Өзбекстан азаматы ескертіп мылтық атқанға да тоқтамапты. Сонда көздеп атқан оқтан ол сол жерде қайтыс болады, қасындағы жолаушы жараланады. Адам өлген соң, бұл іске екі жақтың ресми орындары араласатыны анық. Босқын балалар БҰҰ-ның Босқындар жөнін­дегі Жоғарғы комиссариаты та­рат­қан мәліметтерге қарағанда, өткен жылы Ауғанстанның кә­ме­лет­ке толмаған 6 мың жас­өс­пі­рімінен Еуропа елдерінен баспа­на сұрап, өтініш түседі. Бұл бұ­рынғы жылдардан әлдеқайда көп. БҰҰ сарапшылары шын жағдай бұл ресми мәліметтен көп жоға­ры дегенді айтады. Көптеген жас­өспірім қайтарып жібереді деген қауіппен ресми түрде бас­пана сұрамайтын көрінеді. Авторы: Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.