Қазақстан • 19 Сәуір, 2019

Болашақтың трамвайы: үміт пен күдік

1047 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2020 жылдың жазында бас қалада жаңа жүрдек трамвайлар жүйткіп жүруі керек болатын. Аstana LRT жеңіл рельсті трамвайлары елорданың шет аудандарын орталықпен жалғауға тиіс еді. Алайда жолаушыларды сүт пісірім уақытта діттеген жеріне жеткізеді, мегаполистің мәртебесін асырады деп жоспарланған мегажоба қазір тоқырап тұрғаны мәлім болды.

Болашақтың трамвайы: үміт пен күдік

Үкімет отырысында баяндама жасаған елорда әкімі Бақыт Сұлтанов:

– Құрылыс қарқыны 43 пайызға төмендегеніне байланысты инвестиция көлемі де 2 есе азайды. Былтыр біраз ірі жобалар аяқталды, соның қатарында «Астана» халықаралық қаржы орталығын орналастыру үшін ЭКСПО павильондарын реконструкциялауға 20 миллиард теңге бөлінді. Биыл ондай ірі жобалар жоқ. Соңғы 2 жылда қалада 12 ірі нысан пайдалануға берілген болатын, биыл 4 үлкен жоба ғана жүзеге асырылып жатыр. Аstana LRT құрылысының тоқтап қалғаны да құрылыс секторына әсер етіп отыр, – деді.

Біз кезінде «болашақтың трамвайы» деп бағаланған жоба құрылысының тоқтап қалуына не себеп болғанын білу үшін жобаға аттас компания «Астана LRT» ЖШС-на хабарласқан едік. Компанияның баспасөз қызметі өздерінің тек тапсырыс беруші екенін  айтып, құрылысқа жа­уапты «ЛРТ құрылысы жөніндегі дирекция» ЖШС-на сілтеді. «ЛРТ құрылысы жөніндегі дирекция» ЖШС-ның телефон тұтқасын көтерген қызметкері бұған қатысты ешқандай комментарий берілмейтінін, мұндағы кез келген мәселе бойынша қалалық әкімдікке хабарласу керектігін айтып, қысқа сөйлесті.

Ал елорда әкімдігінің баспасөз қызметінің жауабы төмендегідей:

– Қазақстан мен Қытай тараптары арасындағы келісімде LRT жаңа көлік жүйесінің 1-кезеңінің құрылысы Қытайдың мемлекеттік даму банкі  арқылы алынған қарыз есебінен қаржыландырылады деп қарастырылған. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының бір бөлігі қаржыландырылды және аяқталды. Қазір өзара талаптарды нақтылау мақсатында, жобаны қаржы­ландырудың уақытша кідіруін тудырған Қытай консорциумы мен ҚМДБ арасында қаржыландырудың келесі транш­тары келісіліп жатыр. Сонымен қатар жобаға жүктемені төмендету және қаржыландыру шарттарын жеңілдету мақсатында әкімдік Үкіметпен бірлесіп ұлттық валютадағы ішкі қаржы көздерінің есебінен жобаны одан әрі іске асыру нұсқаларын қарастыруда.

Жалпы, елордада жеңіл рельсті трамвай салу туралы 
идеяның көтерілгеніне 15 жыл­дың жүзі болыпты.

Бастапқы жоспарға сүйенсек, елордада осыдан 2 жыл бұрын, яғни, ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде жеңіл рельсті трамвай жүре бастауға тиіс болатын. Алайда, жүрдек трамвайдың өзі жоқ, тек ол жүруге тиіс жолдың бойында жеңіл рельстер төселетін биік-биік тіректер ғана қаздай тізіліп тұр. Құрылысы 1,6 миллиард долларға бағаланған жобаны жүзеге асыратын консорциумның құрамында 3 бірдей қытайлық компания бар. «Астана LRT» ЖШС компаниясының деректері бойынша жобаның 80 пайызын қытай тарапы қаржыландырса, 20 пайызын қазақстандық тарап өтеуге тиіс.

Жалпы, жеңіл рельсті көлік түр­лері Қазақ­стан үшін таңсық бол­ғанымен, шет мемлекеттерде кеңінен қолданысқа енген. Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында салынған Еуропа елдеріндегі көлік желілерін айтпаған­да, соңғы 15 жыл ішінде әлемде 80 LRT жүйесі салыныпты. Бұл, әсіресе дамыған елдерге тән.

Яғни, метро мен темір жол көліктеріне қара­ғанда көлемі шағын, тиейтін жүгі болға­ны­мен, оның өзіне тән ыңғайлы жақтары бар деген сөз. Мысалы, Оңтүстік Корея­ның Пусан мен Кимхэ қалалары арасында қатынайтын 24 шақырымға жуық, 21 стансадан өтетін LRT желісін салуға 6 жыл уақыт кетіпті. Құрылысы 2006 жылы басталып, 2011 жылы іске қосылған желі арқылы күн са­йын 176 мың жолаушы жүреді екен.

Канаданың Калгари қаласының орталығын шет аудандарымен жалғай­тын Си-Трейн LRT желісімен күн сайын 300 мыңға тарта адам қатынайды. Біз кейінгі 10-15 жылда салынған, әлі де қосымша стансалар қосылуы мүмкін жаңа желілерді сөз етіп отырмыз. Сол сияқты, ондаған жыл бұрын салынған, тасыған адамдарының саны да ондаған, бәлкім жүздеген миллионнан асып кеткен желілер аз емес.

LRT-ның метродан басты артық­шылығы – оның жолға түсетін білік салмағының төмендігі. Екіншіден, бұл басқа көлік түрлерімен қиылысатын желілермен де жүре алады. Көлік ағыны күшті жерлерге бағдаршам, эстака­да, туннель, жаяу жүргіншілер көпірін салуға  болады. LRT құрылысының метро­ға қарағанда, арзанға түсетіні де рөл ойнайтыны түсінікті. Әрине, желі­нің ұзақтығына, қаладағы көлік қаты­насы­на, жер бедері сынды факторлар құрылыс салу бағасына әсер етеді.

Сөз басында айтып кеткеніміздей, соңғы жоспар бойынша елордадағы Н.Назарбаев әуежайынан бастап, «Нұрлы жол» темір жол вокзалы аралығын­дағы 18 стансаны жалғайтын, 19 құ­рам­нан тұратын, 600 адамды сағатына орта есеппен 40 шақырым/сағ жылдам­дықпен таситын жеңіл рельсті трамвай елорданың көшелерінде 2020 жыл­дың маусымынан бас­тап заулап жүруге тиіс болатын. Құрылыс жұ­мыс­тары тоқтап қалғаннан кейін бұл мерзім өзгеріп кетпеді ме? LRT жұ­мыс­қа кірісетін мерзім қашанға дейін шегерілуі мүмкін? Бұл туралы нақты ақпарат алу әзір мүмкін болмады. Әзірге болашақтың трамвайының өзі жоқ, тек жеңіл рельсінің астына төселетін биіктігі 5-6 метрлік қазық-колонналары ғана қалқиып тұр.