Қоғам • 19 Сәуір, 2019

Браконьерлікпен күрес жағдай мен жауапкершілік артқанда күшеймек

2267 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта ел аумағында браконьерліктің шектен шығуына жұртшылық тарапынан көбірек көңіл аударылуда. Аталған мәселе әлеуметтік желілерде біраз талқыланды. Аталған мәселені ел газеті «Egemen Qazaqstan» да біраз қаузады.

Браконьерлікпен күрес жағдай мен жауапкершілік артқанда күшеймек

Мәселен, биыл Қарағанды облы­сы­ның Нұра ауданы аумағында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекто­ры Ерлан Нұрғалиевтың сирек кезде­сетін және құрып кету қаупі төнген жабайы аңдар мен киіктерді қорғау бойынша іс-шараларды жүргізу барысында браконьерлердің қолынан ауыр жарақат алып, қайтыс бол­уы жұртшылықтың қабырғасын қайыс­тыр­ған қайғылы оқиға болғанын жаза отырып, браконьерлердің бұлайша шектен шығуы қоғам үшін қауіпті кесел екенін көтерді.

Браконьерлердің шектен шығуы қоғам тарапынан айыпталса да, киік­тер­ді қыру оқиғасы мұнан кейін де тоқтаған жоқ. Айталық, 2019 жылдың І тоқсанында 1740 құқық бұзушылық оқи­ғасы тіркелген.

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас дирек­торының орынбасары Жаннат Тансық­баевтың айтуынша, 2019 жылғы 10 наурызда Ақтөбе облы­сы Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резер­ватының аумағында атылған 40 киіктің өлексесі табылып, аталған факті бо­йынша қылмыстық іс қозғалған.

Кейбір жағдайда киіктерді браконьерлерден қорғауы тиіс мекеме инспекторларының өзі осындай қылмысты істерге қатысатыны тура­лы жекелеген фактілер тіркелді. Мұны «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның басшылық құрамы мәлімдеді.

«Дәл осындай жағдай 2019 жылғы 17-21 наурыз аралығында Қорғалжын мемле­кеттік табиғи қорығының аума­ғын­да орын алып, атылған 108 киіктің өлексесі табылды. Күдіктілерді іздеу жұмыстары кезінде 6 адам құрықталса, оның 2-еуі «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары болып шықты. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүние­сі аумақтық инспекциясында қыз­меттік тексеріс жұмыстары жүргі­зіл­ді», дейді Ауыл шаруашылығы министр­лігінде өткен брифинг барысында Қор­ғалжын қорығының директоры Асқар Сексенбиев.

Біз мұны «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК тарапынан браконьерлікпен күрес шара­ларының күшейтілуінің белгі­сі ретінде қабылдадық.

Киікті қорғау жұмыстарын кү­шей­­ту мақсатында Ақмола, Қара­ған­ды, Ақтөбе және Батыс Қазақ­стан облыстарындағы аталған аңның қолжетімсіз ареалына Орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан аумақтық инспек­ция мамандары жіберілді. Олар жергі­лік­ті жағдайды жете тексеру үстінде.

«Тек киіктерді ғана емес, жалпы жануарлар дүниесін қорғау мақсатындағы жұмыстар жүргізілу үстінде. 1 сәуірден бастап Атырау, Маңғыстау және Ба­тыс Қазақстан облыстарында «Бе­кі­ре-2019» балық қорғау акциясы басталды. Акция басталғаннан бері 250 табиғат қорғау заңнамасын бұзу­шы­лық анықталды. Оның ішінде Атырау облысының аумағында – 173, Маңғыстау облысында – 68, БҚО-да – 9 заңбұзушылық анықталды. Жалпы әкімшілік жауапкершілікке 191 адам тартылды, 13 қылмыстық тұрғыдан жазаланатын іс-әрекет белгiлерi тіркелді және 2,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар заң мен  тәртіп бұзушылардан 8 тонна 715 кило балық, оның ішінде 536 кило бекіре тұқымдас балық, 3,2 кило уылдырық алынды», дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Балық ресурстарын қорғау және ба­лық шаруашылығын реттеу басқар­ма­сы­ның басшысы Қадырбек Исқалиев.

Бұдан бұрын браконьерлердің емін-еркін қимылдауының бір себебі ретінде олардың көп жағдайда жазасыз кететінін, табиғат қорғау ұйымдары берген браконьерлік фактілермен жұмыс істеуге құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде ішкі істер органдарының қыз­меткерлері белсеніп кіріспейтінін, көп істің аяқсыз қалатынын жазған едік. Мысалы Нұра ауданының аумағында 2016-2018 жылдар аралы­ғын­да браконьерлік оқиғасына байланысты 15 іс құқық қорғау органдарына жолданса, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК қызметкерлерінің айтуы бойынша, әзірге соның екеуіне ғана сот шешімі шығарылғанын айтуға болады.

Осы тұрғыда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуы бойынша, қорықшы қазасынан кейін браконьерлікпен күресті нығайту бағытында жағымды өзгеріс бар. Ішкі істер органдарымен бірлесіп жұмыс жүргі­зу ісі жақсара түскен. Құқық қор­ғау органдары, жануарлар дүниесін қорғау­шылар талабына біршама сергек қарай­тын болған. Нәтижесі көп өтпей байқалуы тиіс.

«Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жолға қою үшін біз бірінші кезекте заң талаптарын күшейту және жануарлар дүниесін қорғаушы ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы іс-шараларды қолға алдық. Бұрын браконьерлер ұсталса, көп жағдайда айыппұл төлеу арқылы қылмыстан құтылып кететін. Енді оларды бас бостандығынан айы­руды сұрап отырмыз. Жануарлар дүниесін қорғаушы инспекторларды ынталандыру мәселесін де заң арқылы шешу қарастырылуда. Бұрын инспектор браконьерді ұстаса, жалақысына 30 пайыздық үстеме қосылатын. Енді осы талапты қайта қалпына кел­­ті­­руді сұрап отырмыз. Сондай-ақ жануар­лар дүниесін қорғаушы инспек­торлардың құқын ішкі істер орган­­да­ры қызметкерлерінің құқымен теңестірсе, қызметтің мәртебесі артқан болар еді. Тағы бір ескеретін мәселе, бақай­шағына дейін қаруланған браконь­­ерлердің қолданатын техника­лары біздің қызметкерлердікіне қара­ғанда әлдеқайда қуатты, жаңа. Сон­дық­тан оларды ұстау оңай емес. Бұл үшін біздің қызметті қайта жарақ­тан­дыру керек. Міне, осы бағыттағы шығындардың орнын тиімді толтыру үшін ұсталған, кінәсі мойындалған браконьерлердің техникаларын тәркі­леп, біздің қызметке беруді сұрап отырмыз. Қазір осы мәселелер қарас­ты­­рылу үстінде. Тиісті заңдарға өз­ге­­­ріс­тер енгізілетіні айқын. Бірақ қан­дай деңгейде болатыны белгісіз. Біз заңды қабыл­дайтын Парламент депутаттары­нан қолдау күтеміз», дейді С. Ділдахмет.

Иә, қазір жануарлар дүниесі қорға­латын аумақтың жалпы көлемі 123 миллион гектарды құраса, оны қорғай­тын­дар саны тым мардымсыз екен. Мәселен, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-де 220 инспектор мен 36 жедел топ қызметкері ғана бар. Үлкен аумақтағы жануарлар әлемін қорғауда мұның аздық ететіні белгілі. Сондықтан меке­менің штаттық кестесін арттыру бағы­тында да мәселелер қарастырылу үстін­де.

Әрине, браконьерлік тарапынан қылмыс пен заңбұзушылық асқынып отырған сәтте жануарлар дүниесін қор­ғау­шы мекемелер жұмысына қолдау білдіру, оларды нығайту өте қажетті шара. Сонымен қатар «алмақтың да сал­мағы бар» дегендей аталған қызметтің жауапкершілігінің арта түскенін де қалар едік.