Шараға Елбасы кітапханасының директоры Ә.Рахымжанов, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры А.Күрішбаев, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Салтанатты іс-шара шымылдығы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің әскери дефилесімен басталды. Сондай-ақ Елбасы жеке архивінің құжаттарынан жасақталған «Қазақстандағы президенттік институттың құрылу және даму тарихы» көрмесінің ашылуымен жалғасты. Көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов: – Тәуелсіздік жылдарында мемлекет өмірінде орын алған тарихи оқиғаларды ескере отырып, халықтың үміті ақталды деуге толық негіз бар. Қазақстан қарқынды дамып келе жатқан елдердің қатарына қосылып, жаңаша ойлау мен тың көзқарастың үлгісіне айналды. Осы тұста Елбасымыз таңдаған президенттік институт қоғам бірлігін нығайтып, мемлекет егемендігін күшейтті. Мұның бәрі Қазақстанның әлем алдындағы абыройын асқақтатты, – деді.
Университет басшысы А.Күрішбаев көшпелі экскурсияның маңыздылығына тоқталып, шара ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. «Елбасымыздың қайраткерлік жолындағы барлық маңызды құжаттары топтастырылған бұл көрменің орны ерекше. Игі шараның біздің оқу ордамыздың қабырғасында өтіп жатқандығы көңіл қуантады. Өскелең ұрпаққа үлкен тәлім, тағылым, жігер беретіні анық», деп түйіндеді Ақылбек Қажығұлұлы.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Тұңғыш» көшпелі экскурсиялық жобасы Елбасының жасампаз идеялары мен бастамаларын, кітапхананың бірегей қорларын насихаттап, келушілерді Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолымен және қызметімен таныстырады.
Студенттер назарына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тарихи жолын ашатын сирек кадрлар, фотосуреттер мен мұрағаттық құжаттар жиынтығы ұсынылды. Сонымен қатар ХХ ғасырдың 60-70-жылдарындағы құжаттармен, Н.Ә.Назарбаевқа отандық және шетелдік спортшылар тарту еткен сыйлықтар топтамасымен танысты.