Белгілі суретші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Болат Тұрғынбайдың көпжылдық ізденісінің нәтижесінен туған «Балқоңыр» атты көрмесіне қойылған картиналардың қысқаша мазмұнын қарапайым қисынмен зерделесек, осындай биік зияткерлік ойға қарай жетелейді. Суретшінің пайымында, адам – ғарыштың бір бөлшегі. Шығармашылығына «сана» тақырыбын өзек еткендіктен, Болат сурет өнеріндегі өз бағытын «Сана art» деп атаған. «Сана» – сурет өнеріндегі Болаттың жеке өз бағыты. Оның пайымынша, адамның санасы дұрыс қалыптасып, ғарыш заңымен өз міндетін дұрыс атқарып тұрса, өркениет әлемі қателіктерден тыйылып, онда ұлы өзгерістердің қақпасы ашылған болар еді.
«Мен бұл жұмыстарымда сан мен сананың байланысын көрсетуге арнадым. Сурет өнерінде бағыттар өте көп: кубизм, дадаизм, футуризм, символизм, реализм, тағы басқа «изм»-дер жайдан-жай туа салған қиялдың жемісі емес, ол – өнердегі әлдебір жаңашылдықтың бастауы, өзгеше қалыптау мен ойлаудың көрінісі. Бүкіл әлем бүгінгідей цифрландыру жүйесіне, компьютерлендіру кезеңіне қадам жасап жатқан кезде, бұл бағыт сананы сан арқылы игеруге ұмтылыстан туған. Жарық дүниені сана билемесе, хаос басталады. Ғарыштық өлшемде де осылай, дүние физика, математика заңдылықтарына бағынып, сана арқылы басқарылып тұр. Егер жаратылыстың бұлжымас заңы бұзылатын болса, нақты тәртіппен реттелген жер бетіндегі жүйе бұзылады. Менің сурет өнеріндегі ізденісім осы тақырыпқа бағытталған», дейді Болат өз шығармашылығы туралы.
Болаттың шығармашылығындағы ғарыш, ғарыштық сана тақырыбы неден басталды, ол бүгін қандай деңгейге дейін өсіп-жетілді? Адамзаттың жан-жүрегін, ақыл-санасын ғаламтор шырмап, жылылығын ұрлап, тастан да бетер суық етіп, роботтарға айналдыра бастаған кезеңде ғарыштық жоғары сана бұл зауалға тойтарыс бере ала ма? Соңғы жылдардағы еңбек нәтижесін көрсететін «Сана», «Томирис», «Тоғысу», «Шырақ», «Уақыт өткелі», «Түрлену» секілді сабақтас идеялар арқылы бір-бірін мазмұн жағынан байыта түскен тізбекті картиналар топтамасы осы сұраққа жауап іздейді. Сурет өнерінің сәулесін сезінетін жандар оны табады да. Дөңгелек, сопақша, үшбұрыс тектес геометриялық пішіндермен салынған картиналарға жағалата көз салып өткен адам, Болаттың қызылды-жасылды ашық, қанық, жарқын түсті бояуларға айрықша басымдық беретінін бірден байқаған болар еді. Бұл кездейсоқ емес. Мысалы, Ғарыш пен Жерді бірлікте қарастыратын суретші «Уақыт өткелін» салғанда, жалғаннан өзін шарқ ұрып іздеуден шаршамайтын адамдардың толассыз айналып жатқан шетсіз-шексіз кеңістіктегі миллион соқпағының қазығы, таба алмай жүрген ақиқаты өз ішіндегі жарыққа байлаулы екеніне бойлатқысы келеді және ол осы ойын жан-жағындағы жақсылық пен тазалықты сезіне тұрып, көтеріңкі көңіл күйде кескіндейді. Ашық түсті бояулар палитрасы жүректегі қуаныш сезімін, парасатты оятпай қоймайды. Ашық түсті бояу – жақсылықтың, мейірімнің, кешірімнің түсі. Суретшінің өзін агрессиядан, жамандықтан алыс ұстайтынының дәлелі бұл. Мынау картиналардың әрқайсысы адам мен табиғат үйлесімде болса, адамзат пен өркениет та ғажап дамуды бастан кешірер еді дегенді бояу тілімен байсалды жеткізіп тұр.
Суретші шығармашылығымен жақсы таныс өнертанушы Зухра Ыдырыс көрме қонақтарына Болат Тұрғынбай картиналарының мазмұн ерекшелігі туралы әңгімеледі. «Суретші дәстүрлі кескіндеме, дәстүрлі бейнелеу өнеріндегі ізденістері арқылы жаңа ұғымдарды: бүкіл ғалам, жаһандық әлемді өзіне тән көзқарасымен ұсынып отыр. «Космо аrt», «Сана art» деген терминдерге сыйдырып отырған тың туындылары жаратылыс туралы, бізді қоршаған әлемдегі тартыстар туралы болғанымен, біздің санамызда, өмірімізде ешқандай да негатив көңіл күй қалдырмайды. «Космо art», «Сана art» деп отырғанымыз, екі ұғымды бірдей қарастырған сыртқы әлем мен суретшінің ішкі әлемінің байланысынан туындап отыр. Суретші сан мен сана деген ұғымдарды жинақтай келе, өзінің жаңа ізденісін көрсетуді мақсат етті» деп Болаттың сурет өнерінде қалыптастырған қолтаңбасына кәсіби тұрғыда талдау жасады.
Болаттың «Балқоңыры» ғарыш тақырыбының суретші үшін таусылмайтын бай тақырып екенін барлық қырынан дәлелдеді. Кеңістіктен төгілген шуақты, қуанышты, сұлулықты сезіну сурет өнерінің басты мұраты болып қала береді. Ал полотнолардағы жарқын бояумен кескінделген жарық әлем – Болаттың өз әлемі.
АЛМАТЫ