Сыртқы сыпа сипаты, қырмасақал азаматтардан да ширақ болмыс, қайратты шашына ақ кірсе де бурыл тартпаған бітім, тіпті де келген жасын тап басуға мүмкіндік бермейді. Баспасөз ардагері қайратты тұлғасымен, саламатшыл салтымен де баршаға үлгі. Айталық, Құдай берген қуат – денсаулыққа жіті мән беретін Иекең велосипед тебудің шебері. Алып мегаполис Алматыда өтетін велошерулердің белсенді қатысушыларының бірі. Бұл – осы жаста екінің бірі тәуекел ете бермейтін дағды.
«Заманның қас-қабағын бағып өттің, әйтеуір бірі болмай тағы көптің. Тәуелсіз қазақ елі сөзін айтып, байрағын тік көтердің әділеттің» деп көрнекті ақын інісі Ғалым Жайлыбай жырға қосқандай, И.Қарымсақұлы отандық баспасөзде кенже қалған құқықтық журналистикаға қан жүгіртті. Қиядағыны қапысыз шалып, адам құқығын қорғауда қабырғалы дүниелер толғады. Дүниеге келген Сыр өңірі – Ақмешітінен бастап, Торғай мен Жезқазған өңірлерінде талай ізі сайрап жатыр. Айталық, еңбек жолын 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде бастап, хат бөлімінде оқырмандармен тығыз байланыс орнатты. Жазуға құштарлық әскер қатарына борышын өтеуге аттанғанда да үзілмеді. «Красный боец» әскери газетінің штаттан тыс тілшісі болды. Кейін туған елдегі қызметін қайта жалғастырып, тағы біраз жыл Торғай облыстық «Торғай таңы», Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Сексенінші жылдардың орта шенінде Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болды. Жарты ғасыр ғұмырын арнаған ағамызға өңірлік журналистиканың өкпесі жоқ шығар. Ал құқық саласында қалам сілтеуі Қызылордада «Прокуратура тынысы» газетін тұрақты шығарып тұрудан басталды. Баспасөздегі тың тақырыптардың біріне баланатын құқық қорғау саласының қыр-сырын меңгерген ол тоқсаныншы жылдардың ортасынан ауа прокуратура органдарында баспасөз қызметінің құрылуы мен нығаюына белсене атсалысты. Құқықтық-танымдық мақсатта «Прокуратура хабаршысы» газетін шығаруды ұйымдастырды әрі редакциялық кеңестің мүшесі болды.
Шыны керек, көп жағдайда аға буын өкілдері жастардың шығармашылығымен жіті таныс бола бермейді. Ал ойы биік, өзі кішік Итен ағамыз қайбір жылы бас басылымның сол кездегі Қызылорда облысындағы тілшісі Ержан Байтілестің «Пенде мен перде» және Кенді Алтай өңірінде еңбек етіп жүрген менің «Әулет» атты жинақтарымызға ағалық жылы сөзін арнап, кейінгі буынға деген ілтипатын көрсетті.
«Тұлабойы қарапайымдылықтан құйыла салған Иекеңнің туындылары өмірдің өзіндей өрнекті, өнегелі» деп белгілі публицист Қали Сәрсенбай айтқандай, әр жылдарда жарық көрген «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Қоңыр қалам», «Жүрек жазбалары», «Жақсының жарығы» сынды кітаптарын және «Жаса, жарық күн!» поэзиялық жинағын парақтасаңыз, автордың алғыр азаматтардың айтулы істерінің жаршысы, өмірден өткендерінің жоқшысы болып жүргенін аңғару қиын емес. Бұл кісіліктің, адами қасиеттің арамызда әлі бар екенінің айғағы болса керек. Мәселен, ол кезінде «Социалистік Қазақстан» газетін басқарған Ұзақ Бағаевтың күнделіктеріне ден қояды. Бас басылымды өрге сүйреген Бекболат Әдетовтің әлеміне бойлайды. Басқа да қазақ баспасөзінің өкілдерін, ел мен жерге қызмет етіп жүрген қарымды қайраткерлердің портретін бедерлеген жазбаларының бәрі оқырманға ой саларлық олжа. «Жақсыны ісінен таны» деген осы.