Қоғам • 19 Сәуір, 2019

Жақсының жолы – жарық күн

1562 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақсының жолы – жарық күн. Жақыны көп, жаттығы жоқ жақсының бірі, Қазақстанның құрметті журналисі, сексеннің сеңгіріне шыққан белгілі қаламгер Итен Қарымсақұлының есімі еліміздің көзі қарақты оқырман қауымына етене таныс. Бұл кісінің сирек кездесетін есімінің салмақты сыры бар. Азан шақырып қойған аты – Итемген. Отызыншы жылдары анасы алты құрсақ көтеріп, алта­уын да жер қойнына беріпті. Жетінші болып дүниеге келген ұлды көрші-қолаң ырымдап ит бауырынан өткізіп, атын Итемген қойған екен. Ата-ананың көз жасын құрғатқан, үмітін жалғаған сол шақалақ бүгінде үлкен әулеттің ақсақалына, қазақ журналистикасының қадірлі қариясына айналды.

Жақсының жолы – жарық күн

Сыртқы сы­па сипаты, қыр­масақал азаматтардан да ширақ болмыс, қайратты шашына ақ кірсе де бурыл тарт­паған бітім, тіпті де келген жасын тап басуға мүм­кіндік бермейді. Бас­пасөз ардагері қайратты тұлғасымен, саламатшыл салтымен де баршаға үлгі. Айталық, Құдай берген қуат – денсаулыққа жіті мән беретін Иекең велосипед тебудің шебері. Алып мегаполис Алматыда өтетін велошерулердің белсенді қатысушыларының бірі. Бұл – осы жаста екінің бірі тәуекел ете бер­мейтін дағды.

«Заманның қас-қабағын бағып өттің, әйтеуір бірі болмай тағы көптің. Тәуелсіз қазақ елі сөзін айтып, байрағын тік кө­тердің әділеттің» деп көрнекті ақын інісі Ғалым Жайлыбай жырға қосқандай, И.Қарымсақұлы отандық баспасөзде кенже қалған құқықтық журналистикаға қан жүгіртті. Қиядағыны қапысыз шалып, адам құқығын қорғауда қабырғалы дүниелер толғады. Дүниеге келген Сыр өңірі – Ақмешітінен бастап, Торғай мен Жезқазған өңірлерінде талай ізі сайрап жатыр. Айталық, еңбек жолын 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде бастап, хат бөлімінде оқырмандармен тығыз байланыс орнатты. Жазуға құштарлық әскер қатарына борышын өтеуге аттанғанда да үзілмеді. «Красный боец» әскери газетінің штаттан тыс тілшісі болды. Кейін туған елдегі қызметін қайта жалғастырып, тағы біраз жыл Торғай облыстық «Торғай таңы», Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Сексенінші жылдардың орта шенінде Қызылорда қалалық кеңесі атқару комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі болды. Жарты ғасыр ғұмырын арнаған аға­мыз­­­ға өңірлік журналистиканың өк­песі жоқ шығар. Ал құқық саласында қалам сілтеуі Қы­зылордада «Про­ку­ратура тынысы» газетін тұрақты шы­ғарып тұрудан басталды. Баспасөздегі тың тақы­рыптардың біріне баланатын құ­қық қорғау саласының қыр-сырын меңгерген ол тоқсаныншы жылдардың ортасынан ауа прокуратура органдарында баспасөз қызметінің құрылуы мен нығаюына белсене атсалысты. Құқықтық-танымдық мақсатта «Прокуратура хабаршысы» газетін шығаруды ұйымдастырды әрі редакциялық кеңестің мүшесі болды.

Шыны керек, көп жағдайда аға буын өкілдері жастардың шығармашылығымен жіті таныс бола бермейді. Ал ойы биік, өзі кішік Итен ағамыз қайбір жылы бас басылымның сол кездегі Қызылорда облысындағы тілшісі Ержан Байтілестің «Пенде мен перде» және Кенді Алтай өңірінде еңбек етіп жүрген менің «Әулет» атты жинақтарымызға ағалық жылы сөзін арнап, кейінгі буынға деген ілтипатын көрсетті.

«Тұлабойы қарапайымдылықтан құйы­ла салған Иекеңнің туындылары өмір­дің өзіндей өрнекті, өнегелі» деп белгілі публицист Қали Сәрсенбай айт­қандай, әр жылдарда жарық көрген «Адам­дар. Жылдар. Тағдырлар», «Қоңыр қалам», «Жүрек жазбалары», «Жақсының жарығы» сынды кітаптарын және «Жаса, жарық күн!» поэзиялық жинағын парақтасаңыз, автордың алғыр азаматтардың айтулы істерінің жаршысы, өмірден өткендерінің жоқшысы болып жүргенін аңғару қиын емес. Бұл кісіліктің, адами қасиеттің арамызда әлі бар екенінің айғағы болса керек. Мәселен, ол кезінде «Социалистік Қазақстан» газетін басқарған Ұзақ Бағаев­тың күнделіктеріне ден қояды. Бас басылымды өрге сүйреген Бекболат Әде­товтің әлеміне бойлайды. Басқа да қазақ баспасөзінің  өкілдерін, ел мен жерге қызмет етіп жүрген қарымды қайраткерлердің портретін бедерлеген жазбаларының бәрі оқырманға ой салар­лық олжа. «Жақсыны ісінен таны» деген осы.