Қоғам • 19 Сәуір, 2019

Коллекция жинауға құштар ғалым. Сан қырлы Сарыбаев туралы бір үзік сыр

1806 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан көрнекті түрколог-ға­лым Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі, филология ғылымдарының док­торы, профессор Шора Сарыбаев­­­тың арамыздан кеткеніне де бір жыл­дың жүзі болып қалды.

Коллекция жинауға құштар ғалым. Сан қырлы Сарыбаев туралы бір үзік сыр

Пайым-парасаты мол, адам­дық пен адалдық сияқты қа­сиетті өн бойына сыйдырған, өмірі өнеге болған тұлғалар бұл өмірден бақиға аттанған кез­де, көпшілік қимастықпен «жақсы кісі еді» деп айтып жа­тады. Өмірден озғанына жыл толмаса да, Шора Шам­ғали­ұлының отандық ғылымға еткен еңбегі, еліміздің дамуы­на қосқан үлесі туралы есте­лік­тер жора-жолдастары, ғы­лым-білім қайраткерлерінің автор­лығымен бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда. Мұның өзі қайраткер ғалымның өшпес еңбегіне берілген баға деп айтуға болады. Біз де ұста­зы­мыз туралы сөз қозғауды жөн деп санадық.

Ғалымның атқарған ерен еңбегі, қол жеткізген табыста­ры туралы сөз қозғасақ, алдымен ойға келетіні оның бай ана тіліміздің өткені мен бү­гінгісін егжей-тегжейлі зерттеп, қазақ тіл білімі аталатын іргелі ғылымның ілгері дамуына зор үлес қосқаны еске түседі. Ғалымның қаламынан шыққан 300-ден астам ғылыми мақала, оның ішінде 20 шақты монографиямен оқулық соған дәлел. Оның еңбектері қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда, қазақ тілі тарихы диалектология, лексикология, лексикография, грамматика сияқты көкейкесті мәселелерге арналған. Ұстазымыз күшін сарп етіп зерттеген екі саланың бірі – диалектология болса, екіншісі – тіл білімі тарихы. Сөз байлығының жергілікті қа­зы­насын зерттеу үшін, қазақ даласын көп жыл бойы суығына тоңып, ыстығына күйіп, ел-жұртымыздың сөз жиһазын қалт жібермей парақ бетіне түсіріп, білген-түйгенін ғылым әлеміне танытқан көрнекті ғалым еңбегін мақтан тұтамыз.

Айталық, «Қазақтың аймақ­тық лексикографиясы» атты еңбегі түркітану ғылымында аймақтық лексикография тео­риясына арналған алғашқы моно­графия. Ол әлемдік дең­гейде өткен халықаралық кон­ференцияларға, симпозиум­дар мен форумдарға қатысып, «Диалектілік лекскографияның талас мәселелері», «Тіл мә­де­­­­­ниеті және жергілікті ерек­шеліктер», «Диалектілік тер­ми­нология», «Түркі тілде­рінің аймақтық лексикография­сы» сияқты тақырыптарда баян­дама жасап, әлемдік түр­колог ғалымдардың назарын өзіне аударған еді. «Қазақ диа­лекто­логиясы» атты тұңғыш оқу­лықтың жарық көруіне ат­салысып, авторларының бірі болды. Қазақ және түркі тіл­дерінің диалектологиялық ат­ла­сын жасауға белсенді түр­де қатысып, көпжылдық еңбе­гінің жемісі ретінде акаде­мик Ш.Сарыбаевтың бас­шы­лығымен әрі редактор­­­­­лығымен жарық көрген «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» қазақ тіл бі­ліміне қосылған сүбелі үлес саналады.

Ерекше екпін түсіре айтатыны, саналы ғұмырының жетпіс жыл­ға жуық уақытын қазақ тіл білімінің тарихын зерделеуге арнағаны. «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» атты кітабының ал­ты томын жариялау барысында, бір ғасырға жуық мерзімде жарық көрген том-томдаған кітаптарды, шаң басқан мұра­ғат­тардан ашып, мерзімді бас­пасөзде жарияланған мақала­ларды, монографиялық еңбек­­тер­ді екшеп, оны картотекаға түсіріп, жүйелеп кітап етіп шы­­ға­рып, көпшілікке ұсынуы - оқы­мыстылар тарапынан ерекше бағаланды.

Шора Шамғалиұлының ең­бе­­гіне шолу жасағанда, тер­мино­логия мәселесін айт­пай кетуге болмайды. Тер­ми­нология бойынша дау­лы­ мә­­селелер төңірегінде, атап айт­қанда, терминдерді қолда­ну­да бірізділіктің болмауы, халық­аралық терминдердің қазақша баламасын берудегі ұстанымдардың әртүрлілігі, халықаралық терминдердің қазақша баламасын берудегі олқылықтар жөнінде ақпа­рат құралдарында және Мемле­кеттік терминология комиссиясында ой-пікірін ашық айтатын.

Шора Шамғалиұлының қа­тар­дағы аспиранттан Ұлт­тық ғылым академия­­­сының ака­демигі деңгейіне жетуі – біз аз-кем сөз еткен еңбектердің же­мі­сі. Ғалымның еліміздің белгілі жоғары оқу орындарында профессор ретінде дәріс оқуы – көп­теген тілші мамандығын мең­герген түлектердің қазақ тіл білімінің қыр-сырымен таны­суын мүмкіндік бергенін айту­ға болады. «Қазақ диалектология­сы» оқулығымен сусындаған тіл­ші-филологтар еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етеді.

Негізінен, көпшілік Ш­о­ра Шамғалиұлын қайраткер-ғалымдығымен қа­тар, сегіз қырлы, бір сырлы,­ өмірі өнегеге толы тұлға деп те таниды. Шөкең жайлы аңыз­ға айналған әңгіме де же­­тер­лік. Әріптестері, жора-жол­дастары оның ерекше қа­сиет­терін жыр қылып айтып жүреді. Алғашқы ойға оралатыны, ғалымның коллекциялық өнерге құштарлығы. Ұлы Шо­қан Уәлиханов бастаған кол­­­­лекциялық өнерді Сарыбаев әулетінде Шөкең бас болып дамыт­қанын жұртшылық жақ­сы біледі. Бұл туралы ке­зінде бұқаралық ақпарат құрал­дарында жазылып, теледидардан көрсетілген болатын. Ғалымның соңында мыңға тарта төсбелгілер, медальдар, ескі монеталар, ақшалар коллекциясы қалды. Сондай-ақ аурулардың салалары сараланып, бір жүйеге жинақталған мыңға тарта халық емшілігі туралы папкалар жиналған. Егер сіз ауруыңыздың ем-до­­мын білгіңіз келсе, ретті­лікпен тізілген картотека­дан оп-оңай біле қоясыз. Шөкең­нің жинаған коллекциялары­нан әркім ауруының емін тауып, нәтижесінде құлан-та­за жазылып кеткендерге та­лай куә болған едік. Соны­мен­ қатар «Ұлы адамдар мұ­ра­жайы» сериясымен дайын­дал­­ған материалдардың Ш.Уәли­ха­новқа қатыстыларын өзі білім алған Алматыдағы №12 мек­тепке тапсырған болатын. Қазір бұл мұражай жас жет­кіншектердің ұлы ғалым туралы қосымша мәлімет алуына мүм­кіндік тудырып отыр.

Сондай-ақ Шөкеңнің фут­болға құштарлығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өткен ға­сырдың 60 жылдарының екінші жартысында спорттың бұл түрі – футболға деген көп­шіліктің көңілі ауған кезі болатын. Жастар «Қайрат» футбол командасындағы ағаларына еліктеп, солар сияқты атақты футболшы болуды армандайтын. Шөкеңнің ғылыми жұ­мыстан қалт еткенде «Қайрат» командасы туралы газет-журналдарда жарық көрген материалдарды жинап, жүйеге түсірері, нәтижесінде 100-ден астам футбол туралы альбом жасап, үш кітап, футбол күн­тізбелерін басып шығарумен қа­тар, мыңдаған футболға қатысты төсбелгілер мен доп бел­гіленген спорт киімдерін, «Қайрат» командасының аға-буын өкілдерінің қолы қо­йыл­ған доптарды жинаумен ай­налысқанын біреу білсе, бі­реуі білмес. Ал ұстаз жас­тарды патриоттық тәрбиеге бау­луда, отаншылдық рухта тәр­биелеуде спорттың алар орнын ерекше футболдан ұлттық мұражай ашу керегін, оған қойылатын заттарға өзінің де үлес қосатынын айтып отыратын еді.

Өзгелерге өнеге бола­тын тағы бір қасиеті – қарапайым­дылығы. Мерейтойларды өткізуде Шөкеңнің ұстанымы ерек­ше еді. 70, 80, 90 жылдық тойларын әлдекімдер сияқты аста-төк той өткізіп, ел аралап, ша­пан киіп, елді дүрліктірмей-ақ өзі бітірген Алматыдағы №12 қазақ орта мектебі оқушы­ларына Абай атындағы опера және балет театрында қойы­латын «Біржан-Сара» операсына жеке қаражаты есебінен билет сатып алып береді. Шөкеңнің ісі үлгі боларлық емес пе?!

Шора Шамғалиұлының өзгеше қасиеттерінің қатарына әсем әзілқой­­лығын, сезімтал сер­гектігін, орынды ойын-қал­жың отырысының аса­балығын қосар едім. Бір қарағанда, ата­ғы дардай ака­­демиктің әрқашан той-домалақтардың төрінен табылып, жастармен жарысып, жасының тоқсанның төріне кө­терілгеніне қарамастан би алаң­дарының көркін қыз­дырып, бірнеше халықтың әнде­рінен попурри орындағаны кеше ғана сияқты еді. Ұстазым ылғи да «адам күліп жүру керек, күлкі адамның көңіл-күйін көтереді, әрі өмірді ұзар­тады. Күлкі бол­ғанда да жарасымды күлкі ғана жаныңды жадыратады. Күлудің түрі осы екен деп, неге бол­са соған ыржалақтай беруге тағы болмайды» деп ақылын ай­тушы еді. «Күлкі – өмірдің мүлкі» дегенді алға тар­тып, Шөкең 2000-нан астам анекдот жинақталған кітабын жариялау­ды жоспарлап еді. Амал не, оған үлгермеді...

Диалектология дарабозы, библиография білгірі, сөз сарапшысы, термин тілекшісі, футбол фанаты, коллекция ко­­ри­­фейі, күлкі королі сияқ­­­­ты сан қырларын сөз еткен ма­қаламды еліне етене жа­қын «Egemen Qazaqstan» газ­еті академик Шора Сары­баев­­тың тоқсан жас­қа тол­ған мерейтойына орай­лас­ты­рып жариялаған еді. Сол мақа­ламда ұстазымның ғиб­ратты ғұмырының жалғаса бе­руін тілеп, Алла сәтін салса, ол туралы «Ғасырдан ұзақ ғұ­мыр» атты мақала жазсам деген ниетім бар екенін де тілге тиек етіп едім. Амал қанша, ғы­лыми жұртшылық тоқсан бес жасқа қараған шағында көр­­некті ғалымынан айырылды.

Қазақта «Жақсының – аты өлмейді, ғалымның – хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Шөкеңнің ел игілігі, жақ­­­­­­сылығы мен бақыты жо­лын­дағы өрелі істері, ұрпағына өмірі өнеге болатын тұлға ре­тінде аты өлмейтіні, ғылымда қол жеткізген толағай табыс­тары, жарияланған том-том ең­бектері ғылыми мұра ретінде елге қызмет ете беретіні сөзсіз.


Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор