Ұзақ жылдар прокуратура саласында жемісті қызмет істеген көрнекті заңгер Ғалым Бәжімұлы Елемесов еліміздің құқық қорғау, заң саласын нығайту ісіне сүбелі үлес қосқан тұлғалардың бірі деуге болады. Әсіресе республиканың құқық қорғау органдары жұмысын жетілдіруге, заңдылықты нығайтуға зор еңбек сіңірді. Өзінің шебер ұйымдастырушы екенін де көрсете білді.
Ғ.Елемесов отыз жылдан астам өмірінде білімін құқық қорғау органдарына, соның ішінде 15 жылдан астамын Көкшетау облысына арнады. Ол облыстық прокуратураның бөлім прокурорынан КСРО Жоғарғы Сотының мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағасы, Қазақ КСР Бас Прокурорына дейін кәсіби мансаптың барлық сатысынан абыроймен өтті.
Өзінің қағидаттылығымен, жоғары борыш сезімімен және жауапкершілікпен, еңбекқорлығымен және кәсібилігімен Ғ.Б.Елемесов қызметтегі әріптестерінің, республика азаматтарының арасында шын құрмет пен беделге ие болды.
Оның басшылық етуімен республиканың прокуратура органдары алдында тұрған міндеттерді табанды және қағидатты шешіп, прокурорлық қадағалауды одан әрі жетілдіру, заңдылық пен азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша ауқымды және тиімді жұмыс атқарды.
Ғ.Елемесовтің атына жазылған алғыс хаттар бұған куә. Оларда Ғ.Елемесов республика прокуратурасына басшылық еткен кезеңде құқық қорғау органдарының өзара түсінушіліктің және іскерлік байланыстың құрылғаны айтылды.
Ғалым Бәжімұлымен бірге жұмыс жасаған азаматтар, ер жүрек, қайырымды, еңбекқор, адамгершілігі зор ерекше азамат ретінде білетіндерін айтып, естеріне алады.
Ғ.Елемесов прокуратурадағы қарбалас жұмысты да істей жүріп, ғылыми еңбекпен де жан-жақты айналысты. Заң ғылымына зор үлес қосып, осы бағытта көптеген көкейкесті мақалалар жариялады. Құқық тақырыбына екі монография жазып, жарыққа шығарды. 1974 жылы Мәскеуде криминология және қылмыстық құқық мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
Ғ.Елемесов 1-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі сыныптық шенінің, «Прокуратураның құрметті қызметкері» төс белгісінің және «Қазақ КРС-нің еңбек сіңірген заңгері» атағының иегері.
Сонымен қатар, «Халықтар достығы» орденімен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.
Заң ғылымдарының кандидаты, ғалым Ғ.Б.Елемесов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Х-ХІ шақырылым депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланған.
Көкшетау қаласының бір көшесі Ғ.Елемесовтің құрметіне аталған, облыс прокуратурасында оның музейі жұмыс істейді.
Ғалым Елемесов жұбайы екеуі бір ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді.
«Жақсының аты өшпейді» дейді дана халқымыз. Аты аңызға айналған, ардақты ағамыз Ғ.Б.Елемесовтің есімі әрқашан айтылып, өмір жолы бізге, ұрпақтарына, прокуратура органдарының жас мамандарына үлгі-өнеге болып қала бермек.
Тимур Тәшімбаев,
Ақмола облысының прокуроры