Аймақтар • 19 Сәуір, 2019

Дананың көмегімен 8 адам өлімі, 14 тонау, 500-дей ұрлық ашылды

915 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кинологиялық қызмет орталығы «үздік қызметтік-іздестіру иті» марапатын бірнеше рет иеленген Дананы «зейнеткерлікке» қимай шығарып салды.

Дананың көмегімен 8 адам өлімі, 14 тонау, 500-дей ұрлық ашылды

«Дана – неміс тұқымдас асыл текті овчарка, былайша айтқанда, «аристократка». Мінезі жуас, салмақты, тілалғыш, із кесуде алдына қара салмайды. Бос уақытында асыр салып ойнағаннан гөрі жалғыз қыдырғанды тәуір көреді. Түріне қарасаң, ойланып жүретін сықылды».  Бұл – Дананың иесі, инспектор-кинолог Әділбек Қожахметовтың берген мінездемесі.

Дана іріктеу кезеңінде-ақ  бірден көзге түскен. Шөпке  шашып тасталған 20 түйір азықтың бәрін тауып,  «5» деген ең жоғары бағаға ие болған.Тіл алу дағдысын үйрететін дайындықтан да еш мүдірмеген. Астанадағы кинологиялық орталықта  «мамандығын жетілдіріп» келгеннен кейін із кесу құрамына қабылданған.

«Дана иістерді талдап жұмыс жасайтын, сондықтан, тапталған іздердің өзін адаспай, еш қиындықсыз табатын», дейді Әділбек Қожахметов.

Иісшіл иттің көмегімен 8 адам өлтіру, 14 тонау және 500-дей  ұрлық  әшкереленген.  9 жыл қызмет ету – ит үшін үлкен мерзім, Оны «зейнетке» шығару шешімі қабылданып, орнын «Альма» атты овчарка алмастырды.

Жыл басынан бері өңірде із алуға үйретілген иттер 288 рет пайдаланылып, 183 қылмысты ашылған.