Саясат • 19 Сәуір, 2019

Көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұя жағдайы басты назарда болуы керек

865 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Инвестиция және даму министрлігінің тұрғын үй коммуналды шаруашылық және құрылыс жөніндегі Комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов, облыс әкімі Даниал Ахметов пен Семейдегі зиялы қауым өкілдері Семейде арнайы өткен дөңгелек үстелде бас қосты.

Көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұя жағдайы басты назарда болуы керек

Жиын барысында министрлер көп балалы отбасылардың әлеуметтік жағынан қорғалуы, тұрғын үймен қамту, денсаулық, білім мәселелерін талқылады.

Гүлшара Әбдіхалықованың айтуынша 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап, мүгедек баласы бар ата-анаға күтім үшін жәрдемақы 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге өскен. Төменгі жалақы алушылардың жалақысына қосылып, көп балалы отбасыларға жалға үй берілетін болмақ. Көп балалылар қатарынан 906 отбасы ШҚО-да баспаға зәру. 2025 жылға дейін бұндай отбасыларға жеңілдікпен 2 пайыздық несиемен пәтер беріледі не болмаса өмір бақи жалға алып тұру үшін баспаналар берілуі туралы, екі түрлі нұсқадағы үлгісі бар бағдарлама бекітілген екен. 

Айта кету керек, Қазақстанда қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысы қарқын алып отыр. Бір ғана Семейдегі Қарағайлы ауданында 25 көппәтерлі үй салынып, жақын аралықта пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта бұл жерде 100 көппәтерлі үй салынбақ.

Инвестиция және Даму министрлігінің тұрғын үй коммуналды шаруашылық және құрылыс жөніндегі Комитет төрағасы Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, қалай десек те, жаңа пәтерге кез келгеннің қолы тез арада  жете бермейтіні анық.  Әсіресе, жалғыз басты аналар, көп балалы отбасылар және мүгедек баласы бар отбасылар баспанаға зәру. Ең алдымен соларға жағдай жасау қажет.

Ал Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинованың айтуынша, бүгінде үш ауысымда оқып жатқан мектептерге басты назар аудару керек. Олардың көпшілігі апатты ескірген ғимараттарда оқып жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде 1672 мектеп салынған. 2020-2021 жылдары 190 мектеп салынады. Биыл Шығыс Қазақстан бойынша екі мектеп салынып, пайдалануға берілмек.

Халық денсаулығы саласындағы оң өзгерістер туралы министр Елжан Біртанов былай деді:

- Президент тапсырмасына орай емханаларда алғашқы жәрдем қызметін сапалы жолға қоюымыз қажет. Бүгінде медицина мамандары жетіспей жатыр. Әсіресе, дәрігерлер. Біздің елдің медицина университеттері жеткілікті түрде дәрігерлер даярлап жатса да, дәрігерлер жалақы аздығынан жекеменшік біреулерге кетеді. Не болмаса, басқа мамандыққа ауысуға мәжбүр. Биыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша 22 мың медицина қызметкері жалақыларына үстемақы алатын болмақ. Егер бұрындары бір дәрігердің жүктемесіне 3000 пациент келсе, енді оны 1700-ге азайтпақ.

Жұмыс сапары барысында министрлер тобы қаладағы мектептерді, колледждерді де аралады.


Раушан НҰҒМАНБЕКОВА                  

«Еgemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ