Қазіргі таңда облыстық Қоғамдық кеңес 38 қоғам қайраткерін, саяси партия филиалдарының басшыларын, еңбек ардагерлері мен ғалымдарды біріктіреді. Ұйымның жанынан түрлі бағыт бойынша алты тұрақты комиссия құрылды.
«Бүгін ресми басылымда өңірді дамыту жоспары жарияланды. Бұл жоспар тұрғындардың ұсыныстары мен әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне негізделген. Мен осы құжатта қарастырылған облысты дамыту шараларына қатысты ұсыныстарыңыз бен ойларыңызды естігім келеді»,- деді кездесуді ашқан Оңдасын Оразалин.
Кеңес мүшелері ауылдарды газдандыру, бюджет қаражатын үнемдеу, жол құрылысы, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлік пен үкіметтік емес ұйымдарды дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді.
«Осы кездесуге бастамашылық еткеніңіз үшін алғыс айтамыз. Біз ынтымақтас болып, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың тиімді арнасы болуға дайынбыз»,- деді кеңес төрағасы, мемлекеттік қызмет ардагері Бағлан Баймағмбетов.
Кездесу соңында облыс әкімі Қоғамдық кеңес алдына өзекті әлеуметтік проблемалардың жаңа шешімдері және жастармен тәрбие жұмыстарын жүргізуді күшейту сынды бірқатар міндеттер қойды.