Аймақтар • 20 Сәуір, 2019

Солтүстік Қазақстан саяжайларын су басты

1123 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тасқын судың екінші толқыны Петропавлға келіп жетті.

Солтүстік Қазақстан саяжайларын су басты

Есіл өзенінің суы арнасынан асуы салдарынан Челябі-Новосібір бағытындағы республикалық маңызы бар трассаның кей бөлігін қарғын су шайып кетті. Жүргіншілер енді айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Қауіпті аймақтар төтенше жағдайлар жөніндегі  департамент мамандарының бақылауында.

Есіл өзенінің су деңгейі бір тәулікте 12 сантиметрге дейін көтеріліп, Новоникольское елді мекенін жалғастыратын көпір су астында қалды.Покровка, Николаевка және Өрнек ауылдарын да су басу ықтималдығы басым.

«Ақмола облысы жағынан артық судың жіберілуі себепті Сергеев су қоймасында су деңгейі 880 сантиметрге жетті. 790 миллион текше метр су жиналды»,дейді  «Қазгидромет» РММ СҚОФ-ның директоры Қымбат Мерғалимова.

Петропавлдағы су торабы да лықа толып тұр. Саяжайларды су алып, Заречный кентіне тақау қалды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамил Камаловтың айтуынша,  ол аймақтатәртіп сақшылары тәулік бойы кезекшілік етеді. Республикалық маңызы бар жолды су шайса, айналма жол пайдаланылады. Байланыс үзілмейді.  «Элегия», «Электрон» саяжайлары да су астында қалуы ықтимал. Жылда көктемгі су тасқынынан зардап шегетін  Былғары тері зауыты ықшамауданының тұрғындарына биыл алаңдауға негіз жоқ. Былтырлары тұрғызылған бөген кез келген қауіп-қатерге төтеп бере  алады.

Заречный кентіне жақын автожолда көліктердің жүруіне шектеу қойылды.

Солтүстік Қазақстан облысы