20 сәуір күні таңғы сағат 04:15-те Алматы-Ташкент автожолының 181 шақырымында Toyotа Camri жеңіл автокөлігі (мемлекеттік нөмірі 811 IJA 02) осы бағытта жүріп бара жатқан Mersedes-Bens 814 (мемлекеттік нөмірі 209 HOA 08) жүк көлігінің артына соғылған. Апат салдарынан жеңіл көлікте отырған әйел оқиға орнында көз жұмды. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алматы қаласына бағыт алған Van Hool (мемлекеттік нөмері 8213 FA 13) автобусы апатқа ұшыраған көлікті айналып өтпек болып, аударылып, 8 жолаушы оқиға орнында қаза болды. Көлік ішінде болған 46 азаматтың 44-і Өзбекстан азаматтары болса, қалған 2 жолаушы қазақстандық азаматтары болып шықты.
Жамбыл облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнына жедел түрде Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле және жедел жәрдем, төтенше жағдай қызметтері жетіп, зардап шеккендерді Отар станциясындағы және Қордай ауданындағы ауруханаларға жеткізді. Апатқа ұшырағандардың 2-еуі ауруханаға жетпей көз жұмғаны белгілі болды. Сонымен, апат салдарынан 11 адам қаза тапты. Сондай-ақ, 5 адам ота үстелінде, ал 3 адам жан сақтау бөлімінде жатыр. Жарақат алған басқа жолаушыларға тиісті көмек көрсетілуде. Зардап шеккендерге жедел көмек көрсетуге Жамбыл облыстық денсаулық басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов бастаған 3 оташы-дәрігер тікұшақпен Қордай ауданына жеткізілді.
Орын алған оқиғаға қатысты бүгін Тараз қаласында арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық полиция департаментінің бастығы, полковник Арман Оразалиев және басқа да тиісті лауазым иелері бар. Комиссия оқиға орнына барып, жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап, зардап шеккендерге сапалы көмек көрсетуді ұйымдастыруда. Сонымен бірге оқиға орнында Жамбыл облысының прокуроры Жарқын Құсайынов жұмыс жасауда. Ал, апатқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345 бабының 4 тармағына сай қылмыстық іс қозғалды.
Жамбыл облысы