Алматыдағы алқалы жиын
Сенбі, 1 қыркүйек 2012 7:51
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің жиналыс залында Конституция күніне орайластырылған «Конституция – қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Сенбі, 1 қыркүйек 2012 7:51
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің жиналыс залында Конституция күніне орайластырылған «Конституция – қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Еуропа кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін еуропалық комиссиясының президенті, Еуропа кеңесі Венеция комиссиясының мүшесі, Еуропаның саксондық әділет министрінің орынбасары, ТМД Экономикалық сотының төрағасы хатшылығының басшысы, Халықаралық құқықтық ықпалдастықтың герман қоры Қазақстан жобасының өкілі, Берлин Жерінің Конституциялық соты төрағасының орынбасары, Австрия, Түркия, Корея, Германия, Ресей, Латвия, Молдова, Беларусь, Литва, Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан, Украина мемлекеттерінің конституциялық соттарының төрағалары бар жиырмадан астам елдің ресми өкілі қатысқан бұл жиында мемлекеттің негізгі заңы мен адам құқықтары, мемлекеттердің конституциялық дамуы барысына арналған баяндамалар жасалды.
Ғылыми-практикалық конференция жұмысына Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов, Әділет министрі Берік Имашев, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, аталмыш жоғары оқу орнының ректоры, Ғалымқайыр Мұтанов, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, Қазақстанның білімі мен ғылымының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен шетелдік қонақтар қатысты. Алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар мен конференцияның қатысушыларын қала әкімі Ахметжан Есімов құттықтап, жылы лебізін білдірді. Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов алғашқы сөзінде Конституциямыздың қабылданған алғашқы күннен бастап тағдырдың өзі, Тәңірдің байламы бір шаңырақтың астында тату күн кешуді жазған көпұлтты еліміздің татулығы мен тұрақтылығына қызмет ете отырып, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қарыштап дамуына, толассыз өсуіне кепіл болып келе жатқан заңдар жиынтығы, тіпті, ең басты ұстанымымыз бен киелі қағидамызға айналғандығын баса атап өтті.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров модераторлық еткен конференцияның алғашқы баяндамасын «Қазіргі қоғамда Конституцияның аксиологиялық негіздерін әлеуметтік тұрғыдан қабылдау» деген тақырыпта Армения Республикасы Конституциялық сотының төрағасы, Жаңа демократия елдерінің конституциялық бақылау органдары конференциясының төрағасы Гагик Арутюнян жасады. Қазақстан халқы мен ғылыми-практикалық конференция қонақтарын Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтай келе, ол еліміздегі трансформациялық конституционалдылықты орнатудың өзіндік жолының таңдалуы ТМД елдері үшін айтарлықтай үлгі болғанын, Қазақ елі азаматтарының Конституцияның бұлжымай сақталуын және Ата Заңға шексіз құрмет танытатындығын тілге тиек етті. Елбасы Н.Назарбаевтың Астана қаласында өткен конференцияда «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» тақырыбында сөйлеген сөздерінің маңызы мен бүгінгі әлемдегі қауіп-қатерлерді терең пайымдау екендігін атап айтты. Ол адамзат қолданысындағы Конституция ұғымын жан-жақты талқылап, белгілі бір тәртіппен өрілген заңдар жүйесінің өзектілігін, мемлекеттің әрбір азаматына, жалпы адамзатқа қызмет ететін, құқықтылықты қатаң сақтайтын заңдар қағидатының дамуы мен ауқымдылығына тоқталды, сондай-ақ, ол Армения Республикасы Конституциялық сотының шешімімен Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов мырзаны Конституция мен әділет саласына қосқан үлесі мен атқарған қызметі үшін Алтын жұлдызға ұсынғандығын жеткізді.
Тұлғаның конституциялық құқықтары мен бостандықтары құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуі барысында соттардың Германия Конституциялық сотына өтініш жасау тәртібі туралы Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі герман қоғамының «Орталық Азия елдеріндегі құқықтық және сот реформаларын қолдау» бағдарламасының Қазақстандағы және Тәжікстандағы жоба жетекшісі Йорг Пуделька баяндама жасады. Өз сөзінде Германия өкілі Қазақстан Республикасының Конституциясы қазақстандық қоғам дамуының қауіпсіздігі мен тұрақтылығының негізі екендігіне тоқталды.
Шетелдік қонақтардан кейін ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаев, Алматы қаласының прокуроры Берік Асылов, аталмыш оқу ордасының ғалым-ұстаздары Дәулет Байділдинов, Зайлағи Кенжалиев, Алуа Ибраева, Серікқали Тыныбековтер және еліміздің өзге де оқу ордаларының ғалымдары сөз кезегіне ие болды. Конституциялық Кеңес мүшесі Ілияс Бақтыбаев Әл-Фараби атындағы киелі қара шаңырақта өткен ғылыми-практикалық конференцияны қорытындылап, келген қонақтарға алғысы мен ризашылығын жеткізді.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Талғатбек АСАНОВ.