Мемлекеттік қызметші мәртебесіне дақ түспесін
Сәрсенбі, 5 қыркүйек 2012 7:18
Қазақстанда жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып белгіленген. Сондықтан елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келеді.
Осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсем, өткен жылы тәртіптік кеңестің ұсынысы бойынша 125 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылса, оның 67-сі сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін тәртіптік жаза алды. Ал биылғы жылдың 6 айында 42 тәртіптік іс қаралып, оның ішінде 4 мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылығы үшін жазаланды.
Сәрсенбі, 5 қыркүйек 2012 7:18
Қазақстанда жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып белгіленген. Сондықтан елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келеді.
Осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсем, өткен жылы тәртіптік кеңестің ұсынысы бойынша 125 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылса, оның 67-сі сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін тәртіптік жаза алды. Ал биылғы жылдың 6 айында 42 тәртіптік іс қаралып, оның ішінде 4 мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылығы үшін жазаланды.
Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу басқармасының мәліметтері үстіміздегі жылғы 1 тоқсанда облыс бойынша 29 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылғанын айтады. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер саны – 14, мемлекеттік қызметшіге теңестірілгендер – 7 (5-еуі білім саласында), құқық қорғау және кеден органдарының қызметкерлері – 8 адам. Осы 29 лауазым иесінің 7-і тәртіптік кеңесте қаралып, басқаларын мемлекеттік орган басшыларының өздері қарап, жазаға тартқан.
Бүгінде сыбайлас жемқорлық үшін жазаның күшейтілуі себебінен қызметінен айырылу қаупі төнген қызметшілер неше түрлі айлаға баруды әдетке айналдыра бастады. Олардың тәртіптік ісі қаралар кезде ауруханаға жатып алуы, сотқа шағымданып, істі қарауды уақытша тоқтатып қоюы, сосын сот шақыруына келмей, істі сағыздай созуы да жиілеп барады. Тіпті кейбір органдарда жазадан қашып, бала күтімі бойынша «демалысқа» кеткен азаматтар да бар.
Мемлекеттік органдар жыл сайын өздерінің жемқорлыққа қарсы жоспарларын бекітіп отырады. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жоспарлар тек қана қағаз күйінде қалып отырғанын талдау көрсетті. Ал жемқорлықпен ішкі күрестің түрі уақытылы декларация тапсыру және тоқсанына бір рет құқықтық сабақ өткізумен шектеліп отыр. Органдар өз қызметіндегі проблемаларды талдап, бастама көтермейді. Өз арасындағы жемқорлықпен күресіп, оны әшкерелеудің орнына, әріптестерін жазадан құтқаруға тырысады. Мұны «корпоративтік бірлік» деп күпінетіндер де кездеседі. Алайда бұл «корпоративтік бірлік» емес, құқық бұзушыны жасыру, яғни заңсыздыққа бару болып табылады.
Мемлекеттік органдардағы жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтар кадрларды іріктеуден бастау алатыны өтірік емес. Неге? Өйткені, қолданыстағы конкурс өткізу механизмі әділеттілікті қамтамасыз ете алмай отыр. Конкурстар өткізуде формальділік басым, өйткені қорытынды шешім шығару кезінде комиссия басшыға тәуелді болуда. Сондықтан мемлекеттік қызметке білімі, білігі барлар емес, «ағалары» мен «қалталары қалыңдар» өтіп кетіп жатады.
Сонымен бірге, тесттен өткен үміткерлердің ішінен таңдау жүргізудің ешқандай критерийлері белгіленбеген, барлығы мемлекеттік орган басшысының құзырында. Осыны пайдаланып, мемлекеттік қызметке біліктілігі аз, моральдық келбеті төмен адамдар кіру мүмкіндігі жоғары. Ал тәртіптік кеңестің мемлекеттік органдарда кадрларды іріктеу үдерісіне араласуы заңсыз болып табылады. Осындай себептер мен салдарлар аттестация, қызметшілерді ауыстыру кезінде де орын алуда. Қызметшілерді мәжбүрлеу арқылы төмен лауазымға ауыстыру фактілері де орын алуы мүмкін. Айтайын дегеніміз, «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы» осы айтылған кемшіліктерді жою, мемлекеттік қызметшілердің сапасын арттыруға, сол арқылы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталып отыр. Өйткені, тұжырымдамаға сәйкес, жақында «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, кадрларды іріктеу механизмі жаңадан қалыптастырылатын болады. Кадрлар резервін жаңа тұрғыда қалыптастыру «командалық жүйеден» арылуға септігін тигізбек.
Сапалы кадрлар тұрақтылығын сақтау үшін саяси қызметшілер, «А» және «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілер санаты анықталады. Қазіргі уақытта «коррупциогендік лауазымдар» тізбесі жасалып жатыр, оған жатқызылған лауазым иелеріне қосымша жемқорлыққа қарсы арнайы тексеру жүргізілетін болады.
Егер облыстағы мемлекеттік қызметтің мониторингі бойынша статистикалық көрсеткіштерді мысалға келтірер болсақ, 2012 жылдың 1 шілдесіне мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 4881 болса, нақты саны – 4645, яғни 95,2% қамтылған. Ал сараптап қарайтын болсақ, қалған 5% шамасындағы лауазымдар уақытша немесе тұрақты бос қалып отырады. Сондай-ақ, өткен жылы жарияланған конкурстардан 268 жеңімпаз анықталса, оның 132-сі немесе 49,3% отыз жасқа дейінгі азаматтар. Ал 2012 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша жарияланған конкурстарда 124 жеңімпаз анықталып, оның 69-ы (55,6%) отыз жасқа дейінгі азаматтарды құрапты. Дегенмен, конкурс жеңімпаздарының қатарында жастар көп болғанымен, олардың үлес салмағы жалпы мемлекеттік қызметте жүрген қызметшілер арасында едәуір аз екендігі байқалып отыр. Бұл да ойланатын мәселе.
Біз жақында «Жас тұлпар» жас мемлекеттік қызметшілер клубымен бірлесіп жоғары оқу орнын бітіруші түлектермен кездесу өткіздік. Кездесу барысында жастардың жанарларынан мемлекеттік қызметке деген құштарлық онша байқалмады. Олар үшін жұмысқа орналасудың басты шарты – жоғары еңбекақы болып табылады екен. Осы жерде Мемлекет басшысының «Біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. Еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін емес. Туған Қазақстанда еңбек етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асырулары қажет», деген сөзі еске оралады.
Бүгінде Мемлекет басшысы еліміздің кадрлық әлеуетін қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр. Саны бар, сапасы жоқ мамандарды емес, болашақта халық үмітін ақтай алатын іскер азаматтарды дайындау қажет екенін үнемі еске салуда. Сондықтан алдағы уақытта мемлекеттік қызметтің жаңа моделінде іске асырылатын ынталандырудың тиімді жүйесі жұмыстағы жоғары көрсеткіштер үшін тікелей ынталандыруларды құрушы, кадрларды мемлекеттік қызметте ұстап қалуды қамтамасыз етуші фактор және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға арналған қосымша шара болады деп білеміз.
Әзімхан САТЫБАЛДИН,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл
облыс бойынша басқармасының бастығы, Тәртіптік кеңес төрағасы.
Жамбыл облысы.