Жемқордың атын айтқан сыйақы алады
Сәрсенбі, 5 қыркүйек 2012 7:22
Еліміздегі шенеуніктер арасында дендеген сыбайлас жемқорлықты жою мәселесі көптен бері жыр болып келеді. Алайда, қаншалықты қатаң жазалар мен түрлі алдын алу шаралары қамтылғанымен сүйекке сіңген әдеттен қолына билік тиген арамтамақтар арыла алар емес. Олар күннен-күнге сыбайласқан күйі қазынаның қаржысын қымқырып, ел байлығының бүйірін қусырып барады. Сондықтан арам жолмен тапқан ақшалары бойларына дарымай қайта құсулары үшін оларды кез келген адам саусақпен шұқып көрсете алатындай амал қолға алынды. Соның бірі де бірегейі, үстіміздегі жылғы 23 тамызда Үкіметтің қаулысымен Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық дерегі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу шарасы болып табылады.

Бұл амалдар «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңның 7-бабының 2-1-тармағын орындау мақсатында қабылданды, яғни осы қағидалар бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдескен адамдарды көтермелеу тәртібі анықталады. Ол бойынша кез келген адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдем беру үшін орын алған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыс жасау дерегі туралы тиісті орындарға тез хабарлап немесе сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған іздеудегі адамның жүрген, тұрған жері туралы нақты ақпарат бере алады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты немесе қылмысты анықтау, жолын кесу және ашуға септігін тигізетін өзге де мәні зор көмегін көрсетуіне молынан мүмкіндік туып отыр.
Әрине, көтермелеу ақшалай сыйақысы әлгі адам берген ақпарат шындыққа сәйкес болса және айыпты адамға қатысты әкiмшiлiк жаза қолдану туралы сот қаулысы заңды күшіне енсе, және айыптау үкімі заңды күшіне еніп, ақталмайтын негіздер бойынша істі қысқарту туралы қаулы шығарылған жағдайда ғана төленеді. Біржолғы ақшалай сыйақының мөлшері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе қылмыстың ауырлығына сәйкес белгіленген.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша біржолғы ақшалай сыйақының мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті, онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК құрайды. Егер деректі жеткізген адам мұндай берілетін қомақты ақшалай сый- ақыдан бас тартқан жағдайда, ол арнайы мақтау қағазымен марапатталып немесе алғыс жарияланады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық дерегі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге де жолмен жәрдемдескен әрбір азаматқа құпиялық пен мемлекеттік қорғауға кепілдік беріледі. Көтермелеуді қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Марапаттау туралы құжатты қаржы полициясы тергеушілері мен басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдар көтермелеуге құқығы пайда болған күннен бастап 10 күн ішінде дайындап, тиісті орынға қарауға жібереді. Біржолғы ақшалай сыйақыны төлеу көтермелеу туралы бұйрық шыққан күнінен бастап 15 күн ішінде адамның жеке немесе өзге шотына аудару арқылы жүргізіледі.
Мұндай тиімді амалдың болашағы бар екенін халық көріп отыр. Өйткені, заңсыз байып жатқандардың көп екенін ескерсек, қарапайым адамдар, көрші-көлемдер, қызметтестер көрген-білгендерін жасырып қалмайтындықтары сөзсіз. Себебі, бір айлық жалақыға өмір сүріп жатқандар мен сыбайласып жеп жатқандардың әрекетін бүгінде көрмеу мүмкін емес. Ендеше, әзірге айдарынан жел есіп, мұрты майланып, қарны жер сызып, заңсыз тапқан ақшаның салмағынан талтаңдай басып жүрген талай сыбайластар сазайын тартады деп үміттенеміз. Дегенмен, көтермелеуді алу мақсатында көрінеу жалған ақпаратты хабарлаған адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке, тіпті, қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылатындығын ескерген жөн.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».