10 Наурыз, 2010

Сәулетші

6627 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Сәулетші! Сәулет анасы – тарих, тарих айнасы – сәулет деген қағида бар. “Сәулет – таспен жазылған құдіретті музыка”, депті неміс ақыны. Осылардан сәулет өнерінің адам һәм қоғам өмірінде алатын маңызды орны көрініп-ақ тұр. Әр халықтың өз дүниетанымына, өз бол­мысына сай, оның ұлттық ерекше­ліктерін ай­шықтайтын сәулет өнері ежелден болған. Со­ны­мен қатар, ол әр елдің әлеу­меттік-эко­но­микалық, рухани дамуы немесе құлдырауы­ның да айқын айғағы. Бұларды біздер Афи­надағы Парфенон тарихынан, Римдегі Коли­зей тарихынан, Новгород, Псков, Самарқанд, Бұхара тарихтарынан жақсы білеміз. Ертеде біздің де ұлттық бол­мысымызды көрсете біл­ген Тараз, Құлан, Сауран, Отырар, Сарайшық, тағы басқа да қалаларымыз болды. Байтақ же­рімізде қала мен дала өркениеті қатар дамы­ғаны жылдан жылға, әсіресе, мына тәуелсіздік алған тұ­сы­мызда анық айқындалып келеді. Халқы­мыз­дың жадында “бес қаладан Сауран­ға, Саураннан Сайрамға, Сайрамнан Таразға дейін қозы тұяғы жерге тимей ойнақтап шауып өтеді” деген әсерлі теңеу қалған. Х ғасырда ғалым-энциклопедист әл-Бируни Амудария мен Сырдария өзендерінің аралығында 300-ге жуық қала орнықты деп жазған екен. Заманында Қазақ елінің жұлдызы жанып, дәурені жүріп тұрғанының бірден бір көрінісі еді олар. Дегенмен, заман өзгерді, ұлттық сәулет өнерінің үлгісі іспет­тес бұл қалалар тарих тепкісіне шыдамай қирап, құлап, құм басып, ұзақ жылдар біздің жадымыздан кетті. Тіпті осы қалаларға сән берген сәулетшілер мен құрылысшылардың есімі де тарихымызда дұрыс сақталмаған. Соңынан ұзақ жылдар көшпенділер өр­ке­ниетін дамыттық, ұлттық сәулет өнері­міздің озық үлгісі деп киізден үй тұрғызып, оны дәстүрлі оюлармен безендірулерден шыға алмай жүрдік. “Қазақтың әлемдік өркениетке қосқан үш нәрсесі бар. Соның бірі – киіз үй”, дейтін Ғабит Мүсірепов. Көп ғасырлар бойы киіз үй біздің дала сәулет жәдігері болды. ХХ ғасырда еліміз отырық­шылыққа көшіп, киіз үй де заман талабына сай келмей, барлық сән-салтанатымен артта қала берді. Қазақ елінде көптеген қалалар бой көте­ріп, сәулет өнеріне сұраныс пен талаптың кү­шеюі кеңес дәуірінен басталды десек, артық болмас. Сәулет өнерінің әртүрлі үлгілері өмірге келе бастады. Және де олар көбінесе осы дәуірдің орталығы, астанасы Мәскеуден ұсынылды. Дей тұрғанмен, осы тұста сәулет өнерінің өзімізге тән ұлттық үлгісі де қалып­таса бастады. Тарих сахнасына талай дархан тұлғалар шықты. Солардың бірі сәулет өне­рінің көшбасшысы – Төлеу Би­сенов. Оның осы саланың елімізде бастау алып, ұлттық бол­мысын қалыптастырудағы ерен еңбегін ма­ман­дар М.Әуезовтің әде­биеттегі, Ахмет Жұ­ба­новтың музыка өнерін­дегі, Әбілхан Қас­теевтің суретші ретіндегі ерліктерімен қатар қойды. Төкеңмен бірге тізе қосып, Қазақстанда сәулет өнерінің іргесін қалаушылардың бірі деп осы саладағы алғашқы профессор, талантты ғалым Мал­бағар Меңдіқұловтың есімі де құрметпен аталады. Ұлтымызға тән сәулетшілік өнеріміз болған, оның озық үлгілерін дамытуымыз керек деп ашық айтып, атсалысқан осы екі абзал ағаларымыздың еңбегі сол дәуірде онша қолдау таппады, тіпті өз бастары қу­ғынға ұшырады. Бірақ артында шәкірттері, із­басарлары қалды. Олар өсірген сәулет сәйгү­ліктерінің бірі емес, бірегейі деп Әбдісағит Шаймұхамбетұлы Тәтіғұловты айтуға болады. Әбдісағит Тәтіғұловтың Қазақстанда сәу­лет-құрылыс ісіне белсене араласқанына биыл жарты ғасырға жуық, ал атағы өзімізде ғана емес, басқа елдерге де тараған, осы саладағы шетел мамандары жақсы білетін “Казгор” жобалау академиясын үзбей басқарғанына 35 жыл болады екен. Осы ұзақ жылдарда талай көз тартар, көңіл сүйсінер сарайлар мен ғимараттар салған, қазақ ұлттық сәулет өнерін әлемдік деңгейге шығарып, оны басқаларға көр­сете алған, тынымсыз ғылыми ізденісте­рінің арқасында осы саланың тарихы мен теория­сына дербес үлесін қосқан, жалпы еліміздегі сәулет өнерінің қайраткері және оның жетекші ұжымының басшысы ретінде жеке өзінің қолтаңбасы бар азамат. Мен Әбекеңді ұзақ жылдар білемін. Туған жеріміз, өскен өлкеміз бір, бір заманда өстік. Әрқилы өткелдерден де бірге өтіп келе жатырмыз. Әбдісағиттың бабасы, Кенеса­ры­ның сан жорықтағы сенімді серігі, үзеңгілесі Жәуке батырдың есімін Торғай өңірі үлкен құрметпен атайды. Есімі ел жадында сақ­талған. Жәуке батырдың ерен ерлігін айтып, ақын Нұрқан Ахметбековтің жырына алғаш қосқан менің әкемнің інісі Мұрат ағам еді. Атақты батыр бабаның ұрпағы өзіне тарта білді. Әбдісағиттың атасы Тәтіғұл қажы ел ағасы болған, мешіт салдырып, балаларды оқытқан. Кешегі Торғай даласында болған атақты дүбірде Тәтіғұл қажы ел намысы үшін ту көтеріп, балалары Нұрмұханбет те, Шай­мұхамбет те (Әбдісағиттың әкесі) әке­ле­рімен бірге болған. Сол үшін қажы бала­ларының екеуі де Кеңес өкіметі тарапынан қуғын көріп, туған жерін, қыстауын тастап, басқа өңірге кетуге мәжбүр болған. Сол басқа өңірде дү­ниеге келген Әбдісағит ата мен әкенің басына түскен қиындықты со­лармен бірге атқарды, сол дүрбелең кезеңнің ыстығы мен суығын қатар көре жүріп бой түзеді, азаматтық тұл­ғасы қалыптасты. Ұлттық сәулет өнерін дұрыс қалыптастыру үшін ең алдымен ел тағдырын, ұлт намысын ойлайтын мамандар, азаматтар керек дейміз. Міне, осындай азаматымыз – Әбдісағит Тәтіғұлов. Ал енді оның ұлтжан­­дылығы атасы көтерген тумен, әке өнегесімен, ана сүтімен қалыптасқан деуімізге жоғарыда айтқандарымыз негіз бола алады. Әбекеңнің сәулетші өнерін таңдауына туған елінің тылсым сырының әсері болды деуімізге болады. Сонау Ұлытаудан бастау алып құрдымға кеткенше өзекті елдің өміріне мән мен сән сыйлап келе жатқан қасиетті Торғай өзенінің қос жағалауында тарихи, мәдени ескерткіштердің ансамблі қоныс тепкен дерсің. XVІІІ-XІX ғасырларда күй­ді­ріл­ген қызыл кірпіштен өрілген еңселі ғи­ма­рат­тар сан ғасырлық оқиғалардың куәсі іс­пет­ті алыстан қол бұлғайды. Олардың бі­разы рес­публиканың тарихи-мәдени ескерт­кіштерінің тізбесіне алынған. Бала Әбдісағит олар туралы аңыз әңгімелерді естіп өссе, есейе келе оларды өзінің зерттеу нысанасы етті. ХХ ғасырдың ұлы архитекторы Ле Кор­бюзьені барша әлем біледі. Сол айтқан екен: “Сәулетші сезімтал, әрі өнердің тә­жірибелі білімпазы болуы керек. Ол тек қана инженер, құрылысшы емес, дәрігер, пси­холог және міндетті түрде ақын болуға тиіс”. Осы қасиеттердің бәрі болмаса да, дені Әбдісағитта бар. Ерекше сезімталдығына оның жобасымен салынған сұлу ғимараттар куә. Майталман инженер, тәжірибелі құ­рылысшы екенін баршамыз мойындап, осы саладағы елеулі жобаларды іске асыру үшін басшы да, қосшы да оның ақыл-кеңесіне құлақ түреді. Ақындығы тағы бар. Сөйтіп, Ле Корбюзье айтқандай, Әбекең де сәулет өнерінің қадірін, қасиетін жан дүниесімен түсінетін сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Әбекеңнің тікелей басшылығымен “Каз­гор” жобалау академиясы Алматыдағы Рес­пуб­лика сарайының, 25 қабатты “Қазақстан” қо­нақ үйінің, стадионның, “Алатау” санаторийі­нің, тағы да басқа аты әйгілі ғимараттардың жобасын ұсынды. Олар ұсынған Қазақстан Сәулетшілер одағының Гран-при жүлдесі мен алтын медалін алған осы қаладағы “Нұрлы тау” көпфунк­цио­нал­ды кешенінің жобасы іске асып отыр. Түрік ағайындар “Анкара” қонақ үйін салғанда Әбекең өзінің әріптесі, талантты архитектор Тоқтар Ералиевпен бірге осы құрылысқа жетекшілік етіп еді. 40 жылдан артық Әбекең мен ол басқарған академия Алматы қала­сындағы барлық сәулетті ғи­ма­раттардың жобасын жасауға белсене араласты. Сон­дықтан да баршамыз мақтан ететін әсем қаламыз Алматы келісті келбеті үшін Әбекең мен ол басқарған жобалау академиясына бірден-бір қарыздар десек, қателеспеспіз. Қазақстан сәулетшілерінің үлкен ше­бер­лік танытатын және өз істеріне үлкен жау­ап­кер­ші­лік артатын тұсы – Астана қала­сының сәу­лет-құрылыс жұмыстарының жобалары. “Ас­та­на алдымен қазақ рухына сай келетіндей, эко­логиялық таза, әлеуметтік мәселелері оңтай­лы шешілген қала болып көркеюі керек. Қазақстанды әсем әрі ұлттық сипаттағы ғи­ма­раттарымыз бар ел ретінде әлемге таныт­қымыз келсе, бар күшімізді Астана ғимарат­тарының сұлу жобаларына жұм­сауымыз керек. Архитектуралық шығар­малар тек практикалық мақсаттар үшін емес, қоршаған ортаның эстетикасын қалыптас­тыратын, қоғамның белгілі бір идеялық мақсат-мұратын, эстети­ка­лық мұқтажын бейнелі түрде баяндау керек­тігін де естен шығармауымыз керек”, дейді Әбекең. Осы тұрғыдан өзі де, ол басқарған акаде­мия да Астанадағы жаңа құрылыстар­дың көр­кемдігіне атсалысуда. Қаламыздағы “Нұрсая”, “Триумфальный” тұрғын үй кешендерінің, Әзірет Сұлтан мешітінің, Хан Кене мүсінінің жобаларында Әбекеңнің қолтаңбасы бар. “Казгор” жобалау академиясын Әбдісағит Тәтіғұловтың 35 жыл үзбей басқарып келе жатқанын жоғарыда айттық. Осы жылдары “Казгор” қатардағы жобалау институтынан академия дәрежесіне, өз саласында еліміздегі жетекші кәсіпорын дәрежесіне көтеріле білді. Кешегі заман өзгеріп, егемендіктің алғашқы жылдарында осы сияқты ұжымдар күнін көре алмай, жаппай жабылып жатқанда, “Казгор” өз мамандарын, өз қалпын сақтап қала алды. Ал бүгін бұл әлемге аты әйгілі Жобалау ака­демиясы. Әбекеңмен ұзақ жыл­дар қызметтес болған әріптестері оның бас­шыға тән үш айтарлықтай қасиетін айтады. Біріншіден, ол мықты инженер және ұйым­дастырушы ретінде маңайына дарынды адамдарды топтастыра білді. Екіншіден, осы ұжымның басты іс-бағыттарын анықтап, оның заман талабына сай болуын қамта­ма­сыз етті. Үшін­ші­ден, ұжым мүшелеріне адал болды, олар­дың еңбегін бағалай білді. Бас­шыларының осындай ізгіліктеріне көзі жеткен ұжым жыл санап істеген істің, ұсынған құрылыс жобаларының сапасын арттыра берді. Аталмыш академия нарық заманында талай сынақтардан абыройлы өтіп келеді. Нарық талабына сәйкес өзінің ішкі құ­рылымын күрделі түрде қайта жасады. Жаңа құрылыс материалдары және ақпараттық технологияның өмірге келуіне байланысты жобалау тәсілдері жаңарды. Осы саладағы әлемнің озық үлгілері мен жобалау стан­дарттары енгізілді. Демо­кратиялық үрдістер де орын алып, академия өз президентін баламалы түрде бір­неше рет қайта сайлады. Бүгін осы академия дарынды сә­улетші, осы са­ла­ның ноқта ағасы Шота Ыдырысұлы Уәлихан айт­қан­дай, архитекторлар мен инженер­лер­дің “Ару ана” (Аль­ма-матер) дәрежесіне көте­ріліп, өз жанынан бөліп, келешегі мол отаулар тігіп жатыр. “Казгор” жо­ба­лау акаде­мия­сы­ның ізгілікті істері еленбей қалған емес. Сонау кеңес дәуірінде бү­кіл­одақтық социа­листік жарыс­тың бас бәйгесін он бес рет жеңіп алған екен. Еге­мендік алған тұсымызда академия Қазақ­стан Президентінің “Алтын сапа” бел­гісімен мара­пат­­талды. Академия през­идентінің де еңбегі жоғары ба­ға­ланып отыр. Ол Қазақ­станның құр­метті құрылыс­шы­сы, құрметті инженері, мәдениет қайраткері атақ­тарының иегері, сан рет орден-медаль­дармен де марапатталған, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші ғасырда өмір сүрген сәулетші Марк Витрувий Пол­­лион: “Түрлі саланың қатысуымен пайда бол­ған жұмыстардың да ең соңында сәулет­шінің көзінен өтетіндігі тегіннен болмаса керек. Сәулетші ғылымды қабылдай алатын­дай табиғатынан талантты адам болуы керек”, деген екен. Өзінің нәзік эстетикалық сезімі­мен, асқан талантымен, осы саладағы табан­ды ғылыми ізденістерімен ел есімінде қалған сәулетшілер аз емес. Осы тұрғыдан жоғарыда аталған Марк Витрувий Поллионның өзін, ХV ғасырда өмір сүрген сәулетші Леон Батиста Альбертиді, ХVІ ғасырдың перзенті сәулетші Андрео Палладионы, біздің сәулет өнерінің бастауында тұрған Малбағар Мең­діқұловты, олардың артына қалдырған ғылыми еңбектерін айтуға болады. Осылардың, осы саладағы басқа да ға­лым­дардың іргелі ізденістерін жалғастырып, оған өзінің дербес үлесін қосып келе жатқан да­рын­­ды ғалым Әбдісағит Тәтіғұлов. Оның қала­мынан 200-ден астам ғылыми еңбектер, мақалалар жарық көрген екен. Ол ғылым кан­дидаты, профессор. Мәскеудегі халық­аралық сәулетшілер академиясының акаде­мигі. 2001 жылы “Архитектура және жобалау негіздері” атты Әбекең басшылық еткен ғылыми еңбек жарияланды. “Сәулетші – 2001” атты халық­аралық сәулетшілер фести­ва­лінде осы еңбек сәулет өнері туралы жазыл­ған ең маңызды ең­бек ретінде танылып, Ә.Тәтіғұлов Архите­к­торлар одағының халық­ара­лық ассоциация­сының І дәрежелі дипло­мы­мен марапатталды. 2005 жылы осы еңбектің алғашқы екі томына тағы екі том қосылды. Сөйтіп, бұл еңбек эн­циклопедия дәрежесіне көтерілді. Әбекеңнің “Сәулет конструкция­ларының негізі және азаматтық ғимараттарды жобалау” атты моно­графиясы осы салада білім алып жатқан жас­тар үшін маңызды оқу құралы болып табыла­ды. Басқа да оншақты моногра­фияларының сапасы жоғары, маңызы терең дейді осы сала­ның мамандары. Көп­шілік, әсіресе мамандар, олардың назарын аударған жобалары арқылы, табанды ғылыми ізденіс­терінің нәтижесінде Тәтіғұлов есімі әлем елдеріне таныла бастады. Талантты инженер, дарынды сәулетші ретінде талай халық­аралық конгрестерге қатысып, мінбеден өзінің ғылыми жаңалықтарын жария етті. АҚШ, Швейцария, Италия, Германия, Ка­нада, Ресей, Қытай, Түркия, Англия, Корея елдерінде, басқа елдерде өткен халықаралық сәулетшілер конгресінің тұрақты мүшесі. Ар­хитекторлар одағының халықаралық ассоциа­циясының Гран-при жүлдесі мен алтын медалінің бір емес, бірнеше мәрте иегері. Ол басқарған академия әлемдегі ең танымал жобалау компанияларымен, мысалы АҚШ-тағы “Som”, “LERA”, “Ramse”, ағылшынд­ар­дағы “Foster+Purtners”, “Buro Happold”, “Arup” Оңтүстік Кореядағы “Space Group”, тағы басқаларымен қоян-қолтық жұмыс істей бастады. Олардың бірігіп жа­саған құрылыс жобалары іске асуда. Сөйтіп, аталмыш академияның әлем деңгейіндегі келбеті қалыптасып келе жатыр. Ал оның басшысы Әбдісағит Тәтіғұлов бүгінгі таңда қазақ сәулет өнерін әлемге таныттырып, оның әлем қауымдастығында елеулі орын алуына атсалысып жүрген бірден бір азаматымыз. Біз сәулетші өмірін, сәулет әлемін әңгіме етудеміз. Әңгіме арқауы бір азаматымыздың жемісті еңбегі туралы болып отыр. Бірақ, бұдан сәулет өнерінің жолы, сәулетшінің өмірі жеңіл екен деген пікір тумаса керек. Бұл да қиыншылығы мен қайшылығы көп, әрбір жемісі табанды күреспен ғана келетін сала. Шет елден келгендердің осы саланың ұлттық болмысына тигізген теріс әсері де аз емес. Осы мәселе және бұдан басқа да сәулет­шілерді қобалжытатын жағдайлар бар. “Жарты ғасырға жуық құрылыстың қақ ортасында жүріп, көпті көрген, көп тәжірибе жинаған маман ретінде мені бүгінгі Қазақстан аумағындағы қалалар­дың жай-күйі толған­тады, алаңдатады. Кеңес кезінде республикада қаншама қалалар салынды десеңізші: Кентау, Қаратау, Арқалық, Жа­ңатас, Қапшағай, Жаңаөзен, т.б. Солардың кейбіреуінің (тіпті көбінің) бүгінде мәні де, сәні де кетіп бара жатқаны жанға батады. Арқалықтағы небір зәулім ғимараттар қаңырап бос қалып, құрылыс материалдары ұстағанның қо­лында, тістегеннің аузында кетіп жатыр деген­ді есті­генде төбе шашың тік тұрады. Ал талапайға түсіп жатқан қа­лалар жалғыз Арқалық емес, басқа өңірлерде де бар. Көз алдымызда қараусыз қалып, азып-тозып бара жатқан сол қалалар Ай мен Күннің аманында сонау ықылым замандарда құм жұтқан қалалардың кебін киюі керек пе?” деп қынжылады Тәтіғұлов. “Соңғы 10-15 жылда бұрынғы сәулет ме­ке­мелері мен ұйымдар тарап кетті. Ондағы тә­жі­рибелі сәулетшілер қазір мол айлық тө­лей­тін “Элитстрой”, “Базис-А”, “Қуат” се­кіл­­ді шет­елдіктер қаржыландыратын фир­маларға кет­кен. Олар қандай тапсырыс алса соны ор­ындайды. Америкалық па, азиялық па бәрібір. Сондықтан ұлттық сәулет өнеріміздің негізін оқу орындарында қалап, құрылыс ком­па­нияларына өзіміз иелік етпей болмай­ды”, деп еді жақын жылдарда өмірден өткен аб­­зал азаматымыз, сәулетші Қалдыбай Монтақаев. “Қазақстан қалалары бекітілген бас жобалар бойынша салынған. Бірақ бұл жобалар да қатып қалған дүние емес, оған өмір өз керегін енгізіп, түзетулер мен толықтырулар жасалып отырады. Ең бастысы – бұл жұмыстарға дер кезінде мамандардың қатысуын, жобалардың кәсіби біліктілік пен жоғары дәрежеде жасалуын қамтамасыз ету. Жақсы туындылар жасау үшін конкурстар өткізу қажет. Оған тек өзіміз ғана емес, әлем­ге белгілі шеберлердің қатысуы орынды болар еді. Осы уақытқа дейінгі конкурста бармақ басты, көз қысты мәселелер көп болды. Мұндай жолдың алысқа, жақсылыққа апармайтыны хақ”, дейді сәулетші Шота Уәлихан ағамыз. Біз қазір құрылысшыларға тәуелдіміз, солардың айтқанын орындайтын топқа айналдық. Бар билікті, төрелікті құрылыс компаниялары мен фирмаларына ғана беріп қоймай, ұлттық құрылыс болашағын сәулет­шілерден солармен бірдей талап етсе, әрине, қалаларымыздың кереметтей өзгеріп, көркейе­рі күмәнсіз деген де пікір айтады осы саланың ма­ман­дары. Сәулетшілер, құрылыс­­шылар даярлайтын жоғары оқу орындары кәсіби бағдар, білікті білім берумен қатар, этика, эстетика, мәдениет пән­дерін де терең оқыту керек де­ген пікір айтылады. Осы айтылған­дардың бәрінің де негізі мен орны бар. Біз егемен елміз, өркениеттің қа­зір­гіден де биіктеріне шығамыз де­ген ойдамыз. Жақсы үйлер өркениет деңгейінің тағы бір айқын айғағы, ел тұрмысының дәрежесін де көрсететін осылар. Сондықтан істеген істері­міздің сапасы жоғары болуы керек. Салынған ғимараттар, тұрғызылған қалалар жылылығымен ғана емес, сұлулығымен де қуантып жүруі ке­рек. Өйткені, біздің өмі­рімізді қор­шаған орта болғандық­тан, олар да жанға жайлы болуы керек. Біздің заманымыздан келесі ұрпақ­тың еншісіне көшетін жәдігерлер сым­бат-сұлулығымен оларды да өскен ортаның одан әрі көркеюіне шақы­рып тұруы керек. Осындай жағдайларды нәзік сезімтал сәулетші Әбдісағит Тәті­ғұ­лов өзінің ғылыми еңбектерінде жа­зып та, әртүрлі мінбелерден айтып та жүр. Тек қана сәулет өнерінде емес, жалпы өмірінде сезімтал, қайы­рымы мол, қолынан келген жәрдемін ешкімнен аямайтын азамат екендігін тынбай көрсетіп жүр Әбекең. Ата­ме­кені Батпаққара еліне (қазіргі Аман­гелді ауданы), Бозтүбек пен Ханшабылғандағы ескі тарихты тірілтуге жасаған көмегі қан­шама. Тарихымыздың дара тұлғалары Иман, Қош­қар, Жәуке батырларға қойған ескерт­кіште елді қуантты. Ғұлама ғалымдар, ардақты ағала­рымыз, академиктер Манаш Қозыбаев пен Өмір­зақ Сұлтанғазин өмірден өткенде, өзі жобасын жасап, бастарына кесене орнатқан да Тәтіғұлов болатын. Осындай шексіз қайы­рым­­ды­лығымен, жақсыға қошемет көрсетіп, қор­шаған ортасының ауыртпалығын бас­қа­лар­мен бірге көтеруге дайын тұратын­дығымен де Әбекең ел алдында абыройлы. Әбекең мен Мағрипаның шаңырағынан өскен балапандары Әбуәлі мен Айдар да бү­гін­де үйлі-баранды азаматтар, әке жолын қу­ып, сәулет өнерінің білікті мамандары болып қалыптасып келе жатыр. Жоғарыда айтылған биік баға алған төрт томдық энциклопедиялық ғылыми еңбекті жазуға Әбекеңмен қоса осы балалары да қатысты. Оларды өсірген, қазақ қызының барлық жарқын мінезі бойына біткен аналары, Әбекеңнің жұбайы Мағрипа өкінішке орай дүниеден ерте кетті. Ал шаңырақ иесі Әбекең бүгін жетпісте. Артында табысты жылдар қалды. Қала­мыздың келбетін келістірген дарынды азаматымыз деп онымен елі мақтанады. Қазақ сәулет өнерінің бәйге-торысы һәм Құлагері дейді оны жұрт. Ерен еңбегіне сай осы атақтар оған жарасып-ақ тұр. Алдағы өмірінде де солай болғай!