10 Қазан, 2012

Заңдылықты қадағалау басты назарда

328 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Заңдылықты қадағалау басты назарда

Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:20

Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді. Ол баспасөз өкілдері алдында үстіміздегі жылдың 9 айындағы прокурорлық қадағалау жұмыстарының кейбір нәтижелері мен күні кеше Ақтау қалалық сотында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларға қатысты қаралған сот процесі туралы айтып берді. 

 

Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:20

Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді. Ол баспасөз өкілдері алдында үстіміздегі жылдың 9 айындағы прокурорлық қадағалау жұмыстарының кейбір нәтижелері мен күні кеше Ақтау қалалық сотында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларға қатысты қаралған сот процесі туралы айтып берді. 

Бас прокуратураның ресми өкілі бұқа­ра­лық ақпарат құралдары өкілдеріне берген брифингін прокуратура органдары іс-әре­­кетіндегі басыңқы бағыт бұрын­ғы­сын­ша азаматтардың еңбек құқықтарын қор­ғау болып қала беретінін сөз етуден бас­тады. Бұл жұмыстағы негізгі екпін ең­бек­ке ақы төлеудің уақтылығы мен толық­тығына арналып келеді.
Дегенмен, біз кездесуде баяндалған мәлімдеменің Ақтау қалалық сотында өткен процеске қатысты бөлігі туралы алдымен әңгімелеп бергенді жөн көріп отырмыз. Себебі, мұндағы әңгіме біздің елдігімізге нұқсан, мемлекетіміздің іргесін берік ұстауымызға залал келтіретін қауіпті оқиғаға байланысты қозғалды. Осыған орай сөйлеген сөзінде Нұрдәулет Сүйіндіков Ақтау қалалық сотында Владимир Козловқа, Серік Сапарғалиға және Ақжанат Аминовқа қатысты шығарылған үкімге қысқаша тоқталып өтті. Сот шешіміне сәйкес В.Козлов ҚР Қылмыстық ко­дексінің 164-бабы 3-бөлігімен (әлеумет­тік араздықты қоздыру), 170-бабы 2-бө­лігімен (өкіметті күштеп құлатуға ша­қы­ру, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру) және 235-бабы 1-бөлігімен (қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құру және оны басқару) көзделген қыл­мыс­тарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Осы қылмыстары үшін оған 7,5 жылға бас бостандығынан айыру мен мүлкін тәркілеу түріндегі жаза берілді. Бас прокуратураның өкілі сотталушы меншігінде 3 қымбат бағалы автокөлік, Алматы қаласы мен Қазақстанның барлық облыс орта­лықтарында және кейбір ірі қала­ларында 11 пәтері, 5 үй құрылысы, 2 жер учас­кесі және 1 гаражы бар екенін жеткізді.

Осы жерде «Ол мұның бәрін қандай табысымен тапқан?» деген заңды сұрақ туындайды. Шынында осыншама байлыққа кене­луіне кім жол ашып берген? Осыдан кейін оның сыртында қаржылы адам­дар­дың тұр­ғаны еш күмән келтірмесе керек. Ал сот шешіміне сәйкес енді бұл мүлік­тердің бәрі мемлекет есебіне тәркіленуге жататын болып шықты.
Ақтау қалалық соты Жаңаөзен оқи­ға­ларын ұйымдастырушылардың бірі екені толық дәлелденген келесі қылмысты тұлға – Серік Сапарғалиға қатысты да үкім шығарды. Ол Қылмыстық кодекстің 170-бабы 2-бөлігімен көзделген қыл­мыс­ты жаса­ғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалды. Сот­талушы сондай-ақ 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөл­шерінде айыппұл төлейтін болады. Ал Ақ­жанат Аминов Қыл­мыстық кодекстің 164-бабы 3-бөлігі, 170-бабы 2-бөлігі және 235-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыс жасады деген айыппен шартты түрде 5 жылға бас бостан­ды­ғы­нан айыру жазасына кесілді. Оған сон­дай-ақ 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Н.Сүйіндіков содан кейін былай деді: Алдын ала тергеу және сот талқылауы көрсеткендей, тіркелмеген «Алға» пар­тия­сының басшысы Владимир Козловтың және басқалардың жұмыстан босатылған мұнай­шыларды наразылық акцияларын жалғасты­руға және билікке қатаң қарсы тұруға бе­йімдеу жөніндегі белсенді әре­кеттері Жаңа­өзендегі жаппай тәртіпсіз­діктер себептері­нің бірі болып табылады. Топ жетекшісі В.Козловтың тапсырмасы бойынша жұмыстан босатылғандар арасында таратылған үнпа­рақтары, сотталу­шылардың үндеулері мен әңгімелері са­рапшылардың әлеуметтік араздықты қоз­дыру, билікті күштеп құлатуға шақырған­дарын айғақтап берді.
– Қазақстандық сарапшылардың бұл тұжырымдарын филология ғылымдары­ның докторы, Ресей Федерациясының Нижегород қаласындағы Добролюбов атын­­дағы мем­лекеттік лингвистикалық универ­сите­ті­нің про­фессоры, лингвист-сарапшылар гиль­дия­сының мүшесі Михаил Грачев те қуаттады, – деді Бас проку­ра­тураның ресми өкілі. – Сол сияқты қорғау тарабы тартқан ресейлік сарапшы Дмитрий Ста­ростиннің сотта Козлов пен басқалар айт­қан сөздерге қатысты білдір­ген тұжыры­мын сөзбе-сөз келтірсем, ол былай болып шығады: «адам­ның және адамдар тобы­ның ақыл-ойын, ой-пікірін, пайымдауын, мінез-құлқын өзгер­туге ық­пал ете алады», «қоғамдық қатынас­тар­дағы шиеле­ніс­терді шешу мақсатында күш қолдану қаупін қамтитын материалдар бар».
Ал сот жан-жақты қарау, айтысу және тараптардың тең құқылығы принциптерін сақтай отырып, барынша ашық жағдайда өтті. Процеске түрлі үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері, БАҚ және халықаралық байқау­шылар қатысты. Айыптау және қор­ғау тараптарымен ұсынылған барлық дәлел­дер сотпен зерделенді. Осы ретте сот про­цесі барысында А.Аминов пен С.Сапар­ға­ли­дың кінәларын мойын­даған­дарын атап өту қа­­жет. Дегенмен, сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан оған келіспеген тараптар апелляциялық тәртіпте шағым келтіре алады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Бас про­ку­ра­тураның ресми өкілі брифингте алдымен еңбек адамдарының мүдделерін қорғау жайын тарқатып айтып шықты. Оның айтуынша, прокуратура органдары жыл басынан бері осы мәселе бойынша 1000-нан астам заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсы­ныс пен ұйғарым енгізіп, 700-ден аса заңды түсіндірме берген. Осы прокурорлық ықпал ету шараларының арқасында 122 мың жұ­мыс­шыға еңбек­ақы бойынша 6,6 млрд. тең­генің берешегі төленуі қамтамасыз етіл­ген. Мұның мысалы ретінде Батыс Қазақ­стан облы­сын­дағы «Жайықтехсервис» ак­цио­нер­лік қо­ға­мының 86 жұмысшысы ал­дын­­дағы бере­ше­гін толық төлегені, ал Ақ­тө­бе облы­сын­дағы «Теміржол жөндеу» АҚ фи­­лиа­лын­да 346 жұмысшының жалақыдан 24,9 млн. теңге алашағын алғандары атап өтілді.
– Азаматтардың еңбек құқықтарының бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауапкер­шілікке тарту мәселесі прокурорлардың ай­рықша бақылауында тұр, – деді Н.Сү­йіндіков бұдан әрі. – Жалпы, өткен кезеңде бұл мәселе бойынша 8 қылмыс­тық іс қоз­ғалып, 2 мыңға жуық тұлға әкім­шілік және тәртіптік жауапкер­шілік­ке тартылды.
Осы уақыт аралығында прокуратура органдары мемлекет пайдасына өндіру жөніндегі атқару өндірісінің заңдылығы барысына да тексерулер жүргізген. Со­ның нәтижесінде сот орындаушыла­ры­ның қыз­метінде мемлекеттің экономика­лық мүдде­леріне елеулі залал келтірумен ұштасқан жүйелі заң бұзушылықтар орын алғаны анықталған. 2011 жыл мен ағымдағы жыл­дың 1-ші жарты жылдығы аралығында олардың өндірісінде мемлекет пайдасына 219 млрд. теңгені өндіру туралы 535 мың материал болған. Іс жүзінде солардың 13,4 млрд. теңгесі немесе 7 пайызы ғана өнді­рілген. Ал өнді­рілуге жататын 24 млрд. теңге айыппұл­дың небәрі 3,4 млрд. теңгесі немесе 14 пайызы ғана төленген.
– Мұның себептері көп, – деді Бас про­куратураның ресми өкілі. – Бұған жауапсыз­дықтың да, кей жағдайларда сот орындау­шыларының өз өкілеттіліктерін те­ріс пайдаланулары да әсер етуде. Мысалы, Алматы­дағы қызметтік орындар мен сейфтерден 2010 жылдан бері атқару өн­ді­рістері қоз­ғал­май жатқан 400 млн. тең­генің 60 мың әкім­­шілік материалдары табылды. Тексеру­дің қорытындысы сон­дай-ақ, тәркіленген және тыйым салын­ған мүлікті жымқыру, иеленіп кету және ысырап ету, сот оры­н­даушы­ла­ры­ның кі­нә­ла­рынан борышкерлер­дің мүлікті өнді­руден жалтаруы, мүліктерді арзанда­­­тыл­­­ған баға­мен сатуы, жалған төлем құ­жат­тары негізінде атқару өндірістерін қыс­қар­туы, статистикалық деректерді бұр­ма­­лау секіл­ді заң бұзушылықтарды алға тартты.
Бас прокуратураның ресми өкілі қа­зіргі таңда мемлекет пайдасына өндірілу­ге жататын мүлікті ысырап етудің осындай 18 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалға­нын мәлімдеді. Бұл фактілермен қатар, мем­лекет пайдасына өндіру туралы ше­шім­­дерді орындау тиімділігінің төмен­ді­гіне ықпал ететін бірқатар басқа объек­тивті себептер анық­талған. Бұларға сот орындаушылар кадрла­рының тұрақтамау­шылығы, олардың шектен тыс жүктеме алулары және материалдық-техникалық жарақтар­мен нашар қамтамасыз етілуле­рі, сондай-ақ сандары судьялар штатына сәйкес келмеуі жатады.
Брифингте жеке сот орындаушы­лар­дың әлеуеті де толық көлемде пайдаланылмайтыны айтылды. Соның салдарынан бұл қызмет саласы бар-жоғы 3,4 млрд. теңгеге 1 400 құжатты орындаған болып шықты. Сондықтан, бас прокуратура жеке сот ор­ындаушылардың қызметі саласын кеңейту, оларды мемлекет мүд­де­лерін қозғамайтын жеке және экономи­калық даулар бойынша сот актілерін орындауға белсенді қатыс­тыру жөнінде ұсыныс беріп отыр.
– Қазіргі заманғы технологиялар дамуы жағдайында сот орындаушыларды мемле­кет­тік органдардың біріктірілген де­ректер базаларын пайдалану мүмкінді­гімен қамта­масыз ету қажет болып көрі­неді. Бұл қам­тамасыз ету шараларын жедел қолдануға мүмкіндік береді, – деді Н.Сүйіндіков. – Сондай-ақ тәркілеген мү­ліктерді тікелей республикалық мен­шікке айналдыруға, тыйым салынған мү­лік­ті сататын сауда ұйымдарының қыз­ме­тін нақ­тырақ реттеуге бағытталған заңна­малық түзетулерге баста­машылық етілді. Қалып­тасқан жағдай жекелеген кездерде құқық қорғау органдарының осал жұмы­сымен түсіндірілетіндігін атап өту қажет. Учас­келік полиция инспекторлары залалды өндіруден жалтарған тұлға­ларды шарт­ты түрде мерзімінен бұрын босатуды бұзу мәселесінде бастамашылық танытпайды.
Дегенмен, соңғы бір жарым жыл ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан мем­лекет алдында 3,5 млрд. тең­ге берешек­тері бар 3 мыңнан астам тұлға мерзімінен бұрын босатылған. Кем­ші­лік­тер қозғалған қылмыстық істер шең­бе­рінде күдіктілер мен айыпта­лушы­лардың мүліктеріне тыйым салу бойынша шаралар қолданбай, иелік­терінен айы­руға жол берілген қылмыстық қудалау орган­да­рының жұмысында да анықталған.
Қылмыстық-атқару жүйесі органдарымен сотталғандардың еңбекақыларынан өн­діру қамтамасыз етілмейді. Тексеру нәти­желері Бас прокуратураның алқа мәжілі­сінде Жоғар­ғы Сот, Әділет және Ішкі істер министр­ліктері, салық қызметі және қаржы полициясы органдары өкіл­дерінің қатысуы­мен тал­қыланды. Мемлекет пайдасына өнді­ру туралы құжаттарды орындау тиімді­лігін жақсарту бойынша бірқатар ұйымдастыру­шылық шешімдер қабылданды. Үкіметтің және жекелеген орталық мемлекеттік орган­дардың атына заңдылықтың бұзылуын, сон­дай-ақ олар­ға ықпал ететін себептер мен жағдай­лар­ды жою туралы ұсыныстар енгізілді.
Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қада­ғалау саласында басымдық болып табылады. Бұл ретте, прокурорлардың назары тағайын­далған жазаның қылмыстың ауыр­лығына және сотталушының жеке басына сәйкес болуына аударылуда. Қыл­мыстық жауапкер­шілікті және жазаны жеңілде­те­тін мән-жайлар бола тұра, шектен тыс қатаң жаза тағайындауға әкеп соқтырған қылмыстық заңды дұрыс қол­данбау фак­тілері анық­талған жағдай­лар­да прокуратура мұндай үкімдерге нара­зы­лық келтіру бойынша шаралар қолда­ны­луда. Атап айт­қанда, ағым­дағы жылдың 9 айында Жо­ғар­ғы Сот Бас прокуратура­ның соттал­ған­дар жағдайын жақсарту мақсатында кел­тір­ген 24 наразы­лығын қанағаттандыр­ды. Мысалы, Шығыс Қа­зақ­стан облысы­ның Абай аудандық соты­ның 2012 жылғы 30 қаңтардағы үкімімен Д.Әсетқазыұлы ұр­лықтары үшін 2,5 жыл­ға бас бостан­ды­ғы­нан айыруға сотталған. 2011 жылғы 28 қа­рашадағы рақымшылық актісі­нің 3-бабына сәйкес тағайындалған жаза тең жартысына қысқартылған. Дегенмен, оған ра­қым­шылық актісінің 4-бабына сәйкес, оны не­гізгі жазадан толық босататын ереже қол­да­нылуы керек екені анықталды. Жо­ғар­ғы Соттың қадағалау сот алқасының 2012 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен Бас про­­кур­ордың наразы­лығы қанағаттан­ды­ры­лып, сотталған адам жазадан босатылды.
Брифингтің соңында Нұрдәулет Сү­йін­ді­ков бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­де­рі­нің басқа да бірқатар сұрақта­ры­на жауап берді.

Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».