Қарқыны қарымды сынақ
Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:31
Қазіргі уақытта елімізде құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау қарқынды жүргізілуде. Халық оның қорытындысы бойынша мейлінше кәсіби, сауатты және моральдық жағынан тұрақты қызметкерлер қызмет істейтін болады деп күтуде. Бұл үшін Жоғары аттестаттау комиссиясы құрылды. Алғашқы кезеңде барлық құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары аттестаттаудан өтті, одан кейінгі кезең орталық деңгейді, ал үшінші кезеңде аймақтық органдар қызметкерлері аттестаттаудан өтуде. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Қазіргі кезеңнің өзінде құқық қорғау органдарының жұмысы жақсара бастағаны байқалады.
Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:31
Қазіргі уақытта елімізде құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау қарқынды жүргізілуде. Халық оның қорытындысы бойынша мейлінше кәсіби, сауатты және моральдық жағынан тұрақты қызметкерлер қызмет істейтін болады деп күтуде. Бұл үшін Жоғары аттестаттау комиссиясы құрылды. Алғашқы кезеңде барлық құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды тұлғалары аттестаттаудан өтті, одан кейінгі кезең орталық деңгейді, ал үшінші кезеңде аймақтық органдар қызметкерлері аттестаттаудан өтуде. Бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Қазіргі кезеңнің өзінде құқық қорғау органдарының жұмысы жақсара бастағаны байқалады.
Бұл орайда Мемлекет басшысы еліміздің құқық қорғау жүйесі қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған қызметкерлерді кезектен тыс аттестаттаудың маңыздылығын атап өтті. Аттестаттау қорытындысы бойынша, құқық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыруды едәуір жақсарту және еңбекақыларын айтарлықтай арттыру мәселесі қарастырылатын болады. Халықаралық тәжірибені талдауды ескере отырып, аттестаттаудың үш деңгейлі сатысы анықталды.
Кезектен тыс аттестаттаудың негізгі мақсаты – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби, әскери және дене шынықтыру дайындығының деңгейін тексеру, өз қатарын құзыретті емес қызметкерлерден және моральдық-адамгершілік сипаты төмен, сыбайлас жемқорлық көріністеріне және өзге де теріс қылықтарға бейім адамдардан тазарту. Әрбір аттестатталатын адам бойынша кадрлық шешім әңгімелесу нәтижелері бойынша дербес қабылданады, оның барысында қызмет өткеру, тестілеуден өту, кәсіби жарамдылыққа арналған нормативтерді тапсыру нәтижелері және арнайы тексеру материалдары талданады. Осыған орай аттестаттаудың мақсаты – құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби дайындық деңгейін және олардың қазіргі заманғы талаптарға сәйкестігін анықтау, органдарды моральдық-адамгершілік қасиеттері төмен және жемқорлық әрекеті арқылы жалпы мемлекеттің беделін түсіретін біліксіз қызметкерлерден тазарту болып табылады.
Аттестаттауды өткізу ережесіне сәйкес, елімізде құрамында 500-ден астам адам болатын 9 орталық және 104 аймақтық аттестаттау комиссиялары құрылды. Барлық комиссия құрамына жұртшылықтың, партиялардың, ардагерлер ұйымдары мен БАҚ өкілдері кірді. Аттестаттаудан өткен тұлғалар туралы жұртшылық пікірін ескеру үшін Президенттің ресми сайтында арнайы айдар ашылды.
Жоғарыда айтқанымыздай, кезектен тыс аттестаттау жөніндегі барлық жұмыстар үш кезең бойынша жүргізіліп, ағымдағы жылдың соңында аяқталуға тиіс. Бірінші кезеңде Жоғары аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өтуге жататын қызметкерлер сыналды. Бұлар құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары, ведомстволар мен аумақтық бөлімшелер басшылары, сонымен қатар, олардың орынбасарлары, жоғары оқу орындары басшылары мен орталық аттестаттау комиссияларына кандидаттар. Екінші кезеңде орталық аттестаттау комиссияларында аталған сынақтан өтуге жататын қызметкерлерді аттестаттау өткізілді. Бұл адамдардың тізімін тиісті құқық қорғау органының басшысы анықтады. Олардың қатарында – өңірлік аттестаттау комиссиясына кандидаттар бар. Үшінші кезеңде өңірлік аттестаттау комиссиялары аумақтық органдардың жеке құрамын аттестаттаудан өткізуде. Сөйтіп, желтоқсан айында Мемлекет басшысына өткізілген аттестаттау қорытындысы туралы баяндама әзірленбек.
Кезектен тыс аттестаттауларды ұйымдастыру және өткізу барысында формальдылыққа, біржақтылыққа, тамыр-таныстыққа жол бермеу аса маңызды. Әр қызметкердің құқықтары сақталуына кепілдік беріп және әрқайсысына дербес тұрғыдан келуді қарастырып, барлық үдерістердің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету қажет. Бәрінен бұрын кезектен тыс аттестаттаудан Қазақстан азаматтары не күтетініне назар аударған жөн. Ең алдымен, бұл құқық қорғау органдарының жеке құрамын білікті, адал, өз мамандығын ардақтайтын қызметкерлермен, адамның құқығы мен заңды мүдделерін жоғары деңгейде қорғауға қабілетті өз елінің патриоттарымен сапалық тұрғыда жаңарту.
Сөйтіп, аттестаттаудың маңызды мақсатының бірі – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауға тың серпін беру екендігін естен шығармаған абзал. Өйткені, бұл міндетті орындау мораль нормаларына, адамгершілікке және транспаренттілікке негізделген жұмыс қағидаттарын кеңінен таратуға септігін тигізетін болады.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан.