Сынақтың сыналар сәті
Сейсенбі, 13 қараша 2012 7:59
Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттырып, сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған аттестаттау да аяқталуға таяды. Енді жұртшылықты ел болып өткізіп жатқан сынақтың нәтижелері қандай болатындығы алаңдатып отырғаны сөзсіз. Өйткені, аттестаттау мақсаты полиция қатарына адал адамдарды ғана топтастыру болғаны мәлім. Ал лайықсыздарды ғана лақтырып, жақсыларды жарқырата жарыққа шығарып жатырмыз деген аттестаттау комиссияларының жұмысы, әзірге, шаң жұқтырар емес.
Сейсенбі, 13 қараша 2012 7:59
Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттырып, сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған аттестаттау да аяқталуға таяды. Енді жұртшылықты ел болып өткізіп жатқан сынақтың нәтижелері қандай болатындығы алаңдатып отырғаны сөзсіз. Өйткені, аттестаттау мақсаты полиция қатарына адал адамдарды ғана топтастыру болғаны мәлім. Ал лайықсыздарды ғана лақтырып, жақсыларды жарқырата жарыққа шығарып жатырмыз деген аттестаттау комиссияларының жұмысы, әзірге, шаң жұқтырар емес. Жалпы, қай саладағы құқық қорғау органының басшылығына құлақ қоймайық, аттестаттау ойдағыдай өтті дейді. Олардың сөзіне қарағанда, қызметтен шығарылған немесе лауазымы төмендетілген, не басқа қызметке ауыстырылғандар тиісті сынақ талаптарына сәйкес келмегендер ғана болып табылады. Бірақ, араларында комиссия шешімімен келіспей арызданып жатқандары да баршылық екенін әсте жасыруға болмас.
Сондықтан да аттестаттаудың қорытындысына сәйкес алдағы уақытта құқық қорғау қызметкерлерінің іс-әрекетінен көрінетін нәтиже шараның қалай өткендігін әлі ашып, айдай әлемге паш етеді. Демек сынақтың сыны алда. Ал әзірге осы үлкен жауапкершілік тұрғысынан табылу мақсатында аттестаттау барынша адал өткізілуге тиіс дейміз. Ол үшін мемлекет баса назар аударып отырған сынақ заң талаптарына сәйкес жүргізілуі керек. Ендеше, осы талаптар аймақтарда қалай жүзеге асып жатқандығын білу үшін тиісті орындармен де хабарласқанбыз. Соған орай бұл туралы, мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы ІІД бастығы Мұрат Ұрұмханов бірқатар шаралардың қолға алынып жатқанын жеткізді. Ол «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев құқық қорғау жүйесіндегі кадрлық жаңарту мәселесіне айрықша тоқталғанын айтады.
Президент «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлығына қол қойды. Аталған құжаттың түсініктемесінде кезектен тыс аттестаттаудың басты мақсаты мен тапсырмалары туралы айтылған. Яғни, қоғам мен бизнестің қажеттілігіне жауап бере алатын, заман талабына сай құқық қорғау жүйесіне кадрлар өзегін қалыптастыру қажет. Сонымен қатар, теріс қылықтарымен көзге түскен, мемлекеттік қызметке кездейсоқ келген лауазымды тұлғалардан тазару, құқық қорғау органдары қатарына кәсіби біліктілігі жоғары, ар-намысы бар азаматтарды сұрыптап, қоғам тыныштығына жауапты саланың кадр саясатына сапалы оң өзгерістер енгізіп, оларға деген халықтың сенімін арттыру. Кезектен тыс аттестаттау құқық қорғау саласында өткізіліп жатқан реформаның жалғасы. Осы жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған біраз қадамдар жасалды: заңдарға өзгерістер енгізілді, әрбір органның міндеті айқындалды, бұрындары кез келген орган жүргізетін істер бір жүйеге келтірілді, қылмыстық заңнама ізгілендірілді, материалдық-техникалық ахуал жоғарылады. Жеке құрамның сапалы жаңаруына аймақтық аттестаттау комиссиясы назар аударып, қорытындысын да шығарды. Одан 2236 солтүстікқазақстандық полиция қызметкері өтті, жеке құрам бірнеше кезең бойынша мұқият тексерістен яғни, дене шынықтыру, қызметтік қарудан ату, ел заңдарын меңгеру деңгейін анықтауға арналған тест тапсырудан өтті. Осының бәрінен өткен соң барып, полиция қызметкері комиссия мүшелерімен әңгімелесуге шақыртылды. 2244 қызметкердің кәсіби біліктілігі тексерілді. Олардың 1968-і қызметіне сай деп танылды, 18 тәртіп сақшысы жоғары лауазымға тағайындау үшін кадрлық резервке қойылды. Комиссияның алқалы шешімі бойынша 45 полицей қызметінен төмендетілді, 38 қызметкер лауазымына сай емес деп танылса, 193 қызметкер құқық қорғау саласынан босатылды.
Әрбір полиция қызметкеріне 3 ай бұрын аттестаттаудан өтетіні туралы ескертілді. Дайындалуға уақыт жеткілікті болды, алайда кейбір қызметкерлер сынақтың қаншалықты жауапты болатынын дұрыс бағаламай, өтетін шараға немқұрайлы қарады. Сөйтіп, бірқатары бармақ тістеді. Сондықтан полиция қызметкері азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауда және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауапкершілікті толығымен түсінуі қажет, дейді, М.Ұрұмханов.
Ал енді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, онда да яғни ІІД-де кадр мүмкіншіліктерін жаңғырту мәселесі бойынша дөңгелек үстел өткізілген. Іс-шара ІІД бастығы, полиция полковнигі Бекет Аймағамбетовтің төрағалық етуімен жүргізілген. Жиналғандар қазіргі таңда қоғамның тәртібі пен қауіпсіздігін сақтап, еліміздің өркендеуіне құқық қорғау органы өз үлесін қосуда екендігін, егемендігіміздің 20 жыл ішінде Елбасының тапсырмасымен полиция қызметінде көп тындырылғанын, сонда да бұл сала заман талабына сай қайта құруды талап еткендіктен Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселенің маңыздылығын өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында көтеріп, құқық қорғау органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы Жарлыққа қол қойғанын атады.
Осыған орай ІІД жеке құрамы кезектен тыс аттестаттаудан 2 кезең бойынша өткен. Нәтижесінде қатысқандардан 521-і атқарып отырған лауазымдарына сәйкес келмейді деп танылған, ал 198-і ішкі істер органдарынан шығаруға ұсынылған. Түрлі себептермен аттестаттаудан өткісі келмеген 118 қызметкер де ІІО-нан босатылған.
Бүгінде жамбылдық полицейлерге нәтижелі жұмыс атқару үшін барлық жағдайлар жасалған көрінеді. Ведомствоның материалдық-техникалық базасы облыс әкімінің, мәслихат депутаттарының барынша және үнемі қолдау көрсетуінің арқасында едәуір толықтырылған. Полицейлер жаңа техникалармен, көліктермен, байланыс құралдары және киім-кешектермен жабдықталған.
Қылмыспен күресу үшін, тексерілген ескі әдістермен қоса, жаңа ақпараттық технологиялар мен жаңа амалдар да белсенді қолданылуда және бұл жерде кадрлық әлеует негіз болып табылады, яғни жоғары білімді, сауатты, жаңаша ойлайтын қызметкерлер – бұл бүгінгі күннің талабы. Дөңгелек үстел басында айтылған ІІД бастығының бастамасын жиналғандар бір ауыздан қолдады. Кәсіпорын басшылары жоғарғы моральді принципті адамдарды, Ата Заңды құрметтейтін, өмірде және қызметте кездесетін барлық қиындықтар мен кедергілерді ерлікпен жеңе білетін кәсіби мамандарды ұсынып, ІІД кадрлық резервтерін толтыруға өздерінің даяр екендіктерін білдірді.
Сөйтіп, отырысқа қатысушылар пікірімен еліміздің қауіпсіздігіне ешкімнің де немқұрайлы қарамайтындығы сезіліп полиция жеке құрамына сапалы жаңартулар енгізіп, олардың қатарына білікті, адал қызметкерлер, халықтың заңды мүддесі мен құқықтарын жоғары деңгейде қорғай алатын өз елінің патриоттарын қабылдау керек деп түйін түйді. Мұндай іс-қимылдар аттестаттаудың сапалы өтетіндігіне сенім артады.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».