14 Қараша, 2012

Бөтен ақшамен бөтен елде жүрген Храпунов халықаралық іздеуде

356 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Бөтен ақшамен бөтен елде жүрген Храпунов халықаралық іздеуде

Сәрсенбі, 14 қараша 2012 8:06

Бір кездері атақты алаяқ Остап Бендерден қалған сөз әлі күнге дейін кейбіреулердің көңілдерін қоздырып келеді. Барлық деңгейдегі алаяқтар мен алдампаздардың мақсаты сол күйі өзгерген жоқ. Ол – қандай жолмен болсын «алтын баспаққа» ие болу.

Өздерінің байлыққа деген құ­марлығы жолында олар ешбір кедергіге тоқтамақ емес. Қазақ­стан­нан миллиондаған долларды заң­сыз жолмен шығарып әкетуге қол жеткізген Виктор Храпуновты сон­дай адамдардың бірі деп атауға әбден болады. Қазіргі күні оған Интерпол жүйесі арқылы ха­лық­аралық іздеу жарияланған.

 

Сәрсенбі, 14 қараша 2012 8:06

Бір кездері атақты алаяқ Остап Бендерден қалған сөз әлі күнге дейін кейбіреулердің көңілдерін қоздырып келеді. Барлық деңгейдегі алаяқтар мен алдампаздардың мақсаты сол күйі өзгерген жоқ. Ол – қандай жолмен болсын «алтын баспаққа» ие болу.

Өздерінің байлыққа деген құ­марлығы жолында олар ешбір кедергіге тоқтамақ емес. Қазақ­стан­нан миллиондаған долларды заң­сыз жолмен шығарып әкетуге қол жеткізген Виктор Храпуновты сон­дай адамдардың бірі деп атауға әбден болады. Қазіргі күні оған Интерпол жүйесі арқылы ха­лық­аралық іздеу жарияланған.

Жаңа швейцарлық миллионер

Өзінің күмәнді миллиондаған долларының тарихын жасыру үшін В.Храпунов Қазақстанға қар­сы нағыз ақпараттық соғысты туын­датып отыр деген пікірлер бар. Ешбір фактілерге негізделмеген, тек өзінің «жадына сүйеніп» ойдан құрастырылған мәлімет­те­рі­нен тұратын сұхбаттарды оңды-солды тарата отырып, Храпунов ақпараттық байламмен айна­лы­су­да. Ол өзі берген сұхбаттарында Қа­зақстанға: егер менің миллион­да­рымның түп негіздерін іздейтін болсаңдар, онда мен шетелдік БАҚ арқылы сендерге кір-қо­қысты жамай беремін деген ойды ашық аңғартып отыр.

Доллар миллионері байбалам салған барлық шатты-бұтты әңгімелерге қара­мас­тан, Қазақстанның Қаржы полициясы Храпуновқа қатысты 20 қылмыстық іс қозғап, тексеру жұмыстарын жалғас­ты­ру­да. Бұл істердің барлығы аталған олигарх отандық мемлекеттік қызметте жүріп жасаған бірқатар жемқорлық және эко­но­микалық қылмыстарға қатысты. Қазақ­стан соты оны тұтқынға алуға бұрын да санкция берген болатын.

Алматының бұрынғы әкіміне байланысты қылмыстық баптардың тізімі өте көп. Мұнда «қызмет бабын жеке бас мақсатына пайдалану», «ірі көлемде пара алу», «заңсыз жолмен табылған қаржы қаражаттары мен басқа да мүліктерді жариялау», «өзіне сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі бөтеннің мүлкіне зиян келтіру немесе бас мақсатына пайдалану», «алаяқ­тық» және тіпті «ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру» секілді баптар да бар.

Бұл жерде әңгіме Храпуновтың жаңа швейцарлық миллионер ретінде аяқ астынан пайда болуының барлық күмәнді тұс­тарын жарыққа шығаратын қылмыстық зерттеулер туралы болып отыр.

Кең көсіліп өмір сүру

Храпуновтың елдегі Төтенше жағ­дай­лар министрі қызметінен Алматыдағы табиғат қорғауға жататын жер телімдерін заңсыз тарату оқиғаларынан туындаған у-шуға қатысты босатылғандығы белгілі. Өйткені, бұрынырақта ол бірқатар жылдар бойы Алматы қаласы әкімінің қыз­метін атқарған болатын. Храпунов соңғы қызметінен босасымен-ақ бірден Швей­ца­рияға кетті. Ол мұнда кең көсіліп өмір сүруде.

Дегенмен, қазіргі күні Швейца­рия­ның өзінде аяқ астынан пайда болған мұндай «қонақтарға» күдікпен қарау­шы­лық бой көрсетіп отыр. Храпунов секілді қашқын­дар­дың кенеттен ертегідегі кейіп­керлер секілді байып шыға келуінің қылмыстық сипаты болуы әбден мүмкін. Оның үстіне батыста кезінде ТМД-дан қашқан Березовский, Әбіләзов секілді күмәнді мил­лионерлердің аттары дүр­кі­реп тұр.

Храпунов та аталған елге бара салысымен өз мемлекеттерінің миллиардтаған қаржыларын олжалап кетіп, енді эмигранттармыз деп атауға мәжбүр болған осындай адамдар тобының қатарына барып қосылды. Өздерінің бет-бейнелерін зардап шегуші адамдар секілді ұстайтын мұндай алаяқтар қазіргі күні шетелдерден замоктар, виллалар, қонақ үйлердің тұтас бір кешенін сатып алып, жеке меншік телеарналар мен газеттер ашуда. «Иван Васильевич кәсібін өзгертеді» деген фильм­дегі белгілі кейіпкердің айтқанындай, бұл байлықтың барлығы олардың «тапқан табыстарына» мүлдем сәйкес келмейді.

Миллиондар қайдан пайда болды?

Сонымен, ең кем дегенде 420 миллион франкты құрап отырған өз капиталын Храпунов қалай жасап үлгерген? Оның баюының басы атақты тоқсаныншы жыл­дарға тұспа-тұс келгендігі белгілі. Бүкіл ТМД бойынша бандиттер, рэкеттер, алаяқ­тар мен алдаушылар сол жылдардың бас­ты кейіпкерлері болатын. Қазақстанның ең ірі де бай қаласы Алматы қыл­мыс­керлер үшін нағыз құтты қоныс болды. Міне, сол кезде қала басшылығы, соның ішінде әкімнің орынбасары Храпунов өзіне мүдделес және бақылауында болған коммерциялық және қылмыстық құры­лым­дарға арқа сүйей отырып, зауыттар мен базарларды, балалар бақшалары мен мектептерді жекешелендіруге белсенді түрде кірісті.

Міне, сол кезде жергілікті атқару органдарын қылмыс әлемімен ұластыру жө­нінде күрес басталды. В.Храпунов жеке­ше­лендіру жөніндегі өз тәсілдерінен бас тарта бастады. Бұл жағдай оның саяси қай­раткерлер қатарында қалуына мүм­­кіндік берді. Әрине, оның бас­қару­дың не­ғұр­лым сыбайлас жемқорлыққа негіз­дел­ген шенеунік ретіндегі ұста­ны­мы өте әлсіз болатын. Сондықтан ол өзіндік эксперимент жасап көруге бел байлады. Храпунов жариялы түрде ислам дінін қабыл­дады. Өз сөздерінде қазақ тіліндегі сөз­дерді араластырып сөйлеуге көшті. Сонымен бірге, сол кездегі төменгі қызметтегі, бірақ болашағы зор деп танылған ше­неуніктердің бірі Л.Бекетоваға үйленді.

1995 жылы Храпунов өз капиталын Қажыгелдин үкіметіндегі энергетика ми­нистрі қызметіне конверттеді. Үкіметтің бұл құрамының үлесіне Қазақстан жаңа тарихының «ең бір қызықты» сәті – мемлекеттік мүлікті жекешелендіру үде­рі­сі тап келген еді. Қажыгелдиннің тұ­сын­да бұрынғы кеңес индустриясының барлық алыптары – болат, қорғасын, хром, аллюминий шығаратын метал­лур­гиялық зауыттар, мұнай және газ кен орындары, химия өнеркәсібінің кәсіп­орын­дары және басқа да көптеген өндіріс түрлері сатылды. Сол кездегі жемқорлық қылмыстарына байланысты қазіргі күні халықаралық іздестіруде жүрген Қажы­гелдиннің өзі де Храпуновтың энергетика жөніндегі күмәнді бастамашылдығына қолдау білдірген болатын.

Халық есебінен жасалған от­ба­сылық «бизнес»

Сонымен, Храпунов Үкіметте энергетика мәселесімен айналысты және нақ соның басшылығы кезінде бұл саланың барлық электрстансалары және электр желілерінің елеулі бөлігі жекешелен­дірілді. Стансалардың нарықтық бағасы миллиондаған долларды құрағанымен, олардың барлығы тиынға сатылып кетті. Сонымен бірге, Қазақстан көмір өнеркә­сібі кәсіпорындарының сатылуы да Хра­пуновтың есімімен байланысты болды. Қазақстандағы жасырын және жартылай қылмысты меншік жүйесі осы кезден бас­тап пайда болды.

Храпуновтың энергетика саласындағы «реформаларының» тағы бірі Алматы қаласының энергетикалық рыногына «Трактабель» компаниясының келуіне жол ашқандығын айта кетуіміз керек. Бельгиялық бұл компания санаулы ғана қаражатқа, яғни тиынға Қазақстанның сол кездегі астанасының бүкіл энергетикалық және жылу кешенін ұзақ жылға басқаруға алу мүмкіндігіне ие болды. Компанияның келуімен коммуналдық тарифтер бірден көтерілді. Оны төлеу ауыртпалығына ме­гаполистің тұрмысы әжептәуір саналатын адамдарының өзі әзер шыдады.

Тағы бір қызықты жағдай, Храпунов пен Әбіләзовтің бір-біріне жақындасуы­ның өзі осы кезден бастау алған болатын. Хра­пуновтың арқасында Әбіләзов КЕГОК-ты басқару тізгінін қолға алды және ми­нис­тр­дің кенже інісі Евгений Хра­пуновты өзінің орынбасары етіп та­ғайындады. Сөйтіп, бо­лашақ құдасының, яғни туысының қыл­мыстық істеріне министр саусақ арасынан сығалай қарады. Біраз жыл өткеннен кейін Әбіләзовтің қызының Храпунов пен Бекетованың ұлына тұрмысқа шығуына таң қалудың қажеті болмас. Халық есебінен құралған Әбіләзов – Храпунов отбасылық бизнесі, міне, осылай пайда болған еді.

Храпуновтың оффшорда қанша ақшасы бар?

Кейіпкеріміздің үстінен қозғалып отырған 20 қылмыстық істегі мәлімет­терге қарағанда, 2003-2007 жылдар ара­­лығында Храпуновтар отбасы Швей­­цариядағы және оффшорлық ай­мақтағы шетелдік шоттарына 48 миллион дол­лар­дың және 7,7 миллион еуроның қаржы­сын аударған.

Ал Храпунов қазір шетел журна­лис­теріне беріп жүрген сұхбаттарында өзін еш­қандай байлығы жоқ қатардағы адам ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ нақты фактілер басқаша мәліметтерді алға тартып отыр.

Біріншіден, Храпунов аталған елдің ең бай адамдарының қатарына қосылып үл­герген. Екіншіден, тексерілген мәліметтер бойынша олигархтың отбасына Hotel du Park Holding қонақүйі, 24 бай да сәнді резиденциядан тұратын Hotel du Park кешені, Женева көлінің жағалауындағы вилла және басқа да көптеген мүліктер тиесілі. Үшіншіден, Храпуновтың жалпы байлығы ең аз мөлшермен алғанның өзін­де жарты миллиард долларды құрап отыр. Бұл қаржы қайдан пайда болған?

Қазақстаннан Храпуновтар отбасының жеке ұшақпен асығыс көшкендігін жұрт­тың бәрі жақсы біледі. Сол кезде олардың ұшаққа бірнеше тонна қымбат мүліктерді тиегендігі әлі күнге дейін әңгіме болып келеді. Мүліктердің бағасының қым­бат­тығы сондай, олардың қатарына жүздеген мың долларды құрайтын аса бағалы автокөлікке де орын табылмаған.

«Біз мүліктерімізді жедел жинап, ұшақ­қа тиедік те асығыс ұштық» деп еске алады қазір осы оқиға жайында Алма­тының бұрынғы әкімінің өзі.

Храпуновтар отбасының бұлайша жедел көшуінің бір сыры, қазақстандық құ­қық қорғау органдары сол кезден бастап оның қылмысымен айналыса бастаған еді. Осы жағдай оны тіксінтіп тастады. Қыл­мыстық зерттеулердің соңын күтпес­тен, Храпунов бейтарап ел – Швей­ца­рияға қоныс аударуға мәжбүр болды. Ал бұл елден азаматтық алудың өзі оңай емес. Оған кемінде 100 миллион швейцар франкі қажет екен.

Храпуновтың байлығы одан да зор болып шықты. Алғашқы кездің өзінде-ақ оның дәулеті 300-400 миллион швейцар франкіне бағаланды. Осы хабар Қазақ­станға жеткенде көптеген қазақстан­дық­тар, әсіресе, алматылықтар таң қалған еді.

Атақты отбасының Швейцарияға қашу барысында Храпуновтың зайыбы Лейлаға қатысты тағы бір факт мәлім болды.

Алматыда бұрынғы Л.Бекетова, қазіргі Л.Храпунова жеке меншік телеарнаға ие­лік еткен болатын. Ол сол кезде теле­ар­на­ның қаржысына шет елден алтындар сатып әкеліп, оны алматылықтарға сатумен айналысқан.

Сонымен қатар, Л.Храпунова қала ор­талығындағы ғимараттар мен жер телім­де­ріне иелік еткен. Олардың қатарында Жолдасбеков көшесінің оң қапталында, Фурманов көшесінің шығысында орна­лас­қан 705 шаршы метрлік сауда орынжайы, «Самал-2» шағын ауданындағы 116, 141, 175 және 53 шаршы метрлік сауда орындары болған.

Лейланың кәсіпорындар қатары осылайша көбейе берді. «Алматы экономи­калық университеті» коммерциялық емес мекеменің құрылтайшысы да Л.Храпунова болатын. Мұнан кейін оның көптеген фирмаларының бірі «Дубовая роща» демалыс орнын сатып алды. Гоголь көше­сі­нің бойындағы ғимарат та олардың мен­шігіне өтті. Тіпті, бұл отбасы өздерінің фирмалары арқылы Алматыдағы жаңа аэропорт ғимаратын да салуға кірісті.

Ал осы байлықтың барлығы негізінен алғанда қала әкімі Храпуновтың заңсыз әрекеттерінен пайда болған еді. Мәселен, 2001 жылы Алматы қаласының әкімі Храпунов қаладағы №186 балалар бақшасын жекешелендіру туралы шешім қабыл­дай­ды. Бұл нысанды сатып алу жөніндегі тен­дерде «KazReal-incom» ЖШС жеңім­паз деп табылады. Ол бұрынғы балалар бақшасын 52 млн. теңгеге сатып алады. Тергеу орын­дары­ның мәліметтері бойынша бұл мәмі­леге Храпуновтың тікелей қатысы болған. Өйткені, Алматы қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті осыдан сәл бұрын аталған жеңімпаз фирмамен сату жөнінде келісім-шартты жасасып үлгереді. Келісім-шарт бойынша фирма екі жылдың ішінде осы ғимаратты 465 миллион тең­генің қаржысын жұмсай отырып, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді өз міндетіне алады. Бірақ «KazReal-incom» ЖШС өзінің бұл міндеттемесіне қарамастан, ғимарат­ты «Караша Plus» ЖШС-іне сатады.

Бір қарағанда оқиға осымен біткен секілді. Бірақ олай болмай шығады. Жо­ғарыдағы оқиғадан екі күн өткеннен кейін Лейла Храпунова бұл ғимараттың иесі болып шыға келеді. Құжат бойынша бұл ғимаратты Л.Храпунова сол бұ­рынғы баға 52 миллион теңгеге сатып алған. Бірақ оқиға мұнымен да аяқтал­маған. Тергеу орындарының мәліметтері бойынша Лейла ғимаратты «Building­ServiseCompany» ЖШС-інің жарғылық капиталына қосады да, содан бір апта өткеннен кейін аталған серіктестіктегі үлесін 2 миллиард теңгеге сатып шыға келеді. Соның ішінде құны бір аптаның ішінде 5 есе өсіп, 288 миллион теңгені құраған. Бұл ­­– Храпуновтар от­басының ақша жасау жолындағы жасаған қитұрқы әрекеттерінің бір ғана мысалы.

Міне, осы оқиғаға қарап-ақ Храпуновтар отбасының Швейцарияға барысымен бірден миллионер болып шыға келуінің сырын оңай түсінуге болар.

Шығыстағы шытырман іс

Алматы қаласындағы күмәнді іс­тері арқылы тәжірибе жинақтаған Хра­пунов, тергеу органдарының мәлі­мет­тері бойынша, өзінің осы тәжі­ри­бесін Шығыс Қа­зақстан облысының әкімі қызметінде де барынша пайдаланып қалуға тырысқан. Қазіргі күні оның бұл қылмысты әре­кеттерімен қа­зақстандық құқық қор­ғаушылар ғана емес, сонымен қатар, қылмыстық по­ли­цияның халықаралық аса ірі ұйымы Интерпол да айналысып, оның соңы­нан халықаралық іздеу жариялады.

Храпуновтың Шығыс Қазақстандағы қызметіне қылмыстық топ құрғандығы жөнінде айып тағылды. Тергеу орган­дары­ның мәліметтері бойынша ол мұндай әрекетті Алматы қаласында да жасаған екен. Топ құрамына Абылайхан Қарым­са­қов, Айяр Ілиясов кірген. Қылмыстық топ­тың негізгі әрекеттері мемлекет мен­шігіндегі жылжымайтын мүлік нысандарын жекешелендіру және одан кейін оларды жариялау арқылы бас пайдаларына жарату мақсатын көздеген.

Храпунов Шығыс Қазақстанға әкім болып барғаннан кейін алғашқы назарын «Жәрдем» Шығыс Қазақстан иннова­ция­лық ор­талығы» ЖШС-іне аударады. Бұл ме­ке­ме­нің бірден-бір құрылтайшысы осын­дағы кә­сіпкерлік және өнеркәсіп депар­таменті екен.

2005 жылдың сәуір айында Храпунов аттары аталған ЖШС директорлығына Абылайхан Қарымсақовты тағайындайды. Мекемені инновациялық тұрғыдан дамыту мәселесін желеу еткен әкім оған серіктестік аумағында сауда үйін салуды тапсырады.

Болашақ супермаркеттің металл құ­рыл­ғыларын орнату Лейла Храпунова құ­рыл­тайшысы болып табылатын «Свис Қазақ Феникс Групп» фирмасына жүкте­леді. Әр­бір металл құрылғы 10 миллион теңгеге түспек екен. Ал Храпуновадан металл құ­рыл­ғыларын сатып алу үшін Абылайхан Қарымсақов Айяр Ілиясовтан «Жәрдем» ор­талығын кепілдікке сала отырып, 34 миллион теңгенің несиесін алады. 2005 жыл­дың қарашасында ШҚО әкімі В.Храпунов бұл мәмілені заңды деп тапқан қаулы шығарады.

Бірақ, өкінішке қарай, сауда үйін салуды ешкім ниетіне де алмаған екен. Аталған мәміледен бірнеше ай өткеннен кейін Ілиясов Өскемен қалалық сотына «Жәрдем» орталығынан 35 миллион теңгені өндіріп беру жөнінде шағым түсіреді. Храпунов сотта Қарымсақовқа Ілиясовпен бейбіт келісімге келу жөнінде тапсырма береді. Бұл келісімді сот 2006 жылдың маусым айында бекітеді.

Сөйтіп, кепілге алынған «Жәрдем» серіктестігі бір күннің ішінде Ілиясовтың меншігі болып шыға келеді. Ал мұндағы құрылыстар мен жердің құны Ілиясовтың Қарымсақовқа берген несие көлемінен 100 есе артық. Мұнан кейін Ілиясов аталған мүлікті 2,5 миллион долларға сатады. Бұл ақша қаржылай көмек түрінде Л.Храпунова мен оның балаларына аударылады.

2011 жылы Шығыс Қазақстан облыс­тық прокуратурасы аталған мүлікті мемлекет иелігінен алу жөнінде үлкен заң бұ­зушылықтарға жол берілгендігін анық­та­ды. Бірінші болып Қарымсақов қолға түс­ті. Сот кезінде Қарымсақов өз қылмысын толықтай мойындамады. Ол бұл іске өзінің бұрынғы бастығы Храпуновты кі­нәлады. Ал қылмысқа басқа қатысушылар бұл кезде елімізден қашып үлгерген болатын.

Қазіргі күні бұл алаяқтық әрекет облыс халқына белгілі болып отыр. Жуықта қалалық сот Храпуновтың жылжымайтын мүлік сату жөніндегі келісімдерінің барлығын заңсыз деп тапты. Сот шешімі бойынша мүліктердің барлығы бұрынғы әкімнің еркімен мемлекет меншігінен шығарылған. Демек, осы оқиғадан зардап шеккен тараптардың барлығы облыстың бұрынғы әкімі, қазіргі күні Женева өзенінің жағасында барынша жайлы тірлік құрып жатқан олигарх Храпуновтан өздері тартқан залалдары үшін өтемақы сұрай алады. Халықтың қарғысы Храпуновтың өзін де алшаң бастырып қоймас деген үміттеміз.