Процесс одан әрі жалғасуда
Бейсенбі, 22 қараша 2012 7:25
Талдықорған қалалық сотында әскери қызметші В.Челахтың ісі бойынша сот процесі одан әрі жалғасуда. 21 қараша күні үзілістен кейін сағат 14.30-да сотталушының қорғаушысы С.Сәрсеновке сөз берілді. Ол өзінің қатысуымен қорғалушысының айдауылдың бөлмесінде өз қолымен жазған арызын сотқа тапсырды. Онда сотталушы камерадан шығып сот залына барудан және процеске қатысудан бас тартатынын жазыпты. Бұған қоса сотталушы сот ісі бойынша айғақтарды зерттеп болған соң ғана түсінік беретіндігін жеткізген.
Сот сотталушыға сот отырысына қатыспауға рұқсат бергенімен, бірақ оның қорғаушыларын сот отырысына қатысуға міндеттеді. Оның үстіне соттың ұйғарымы бойынша, В.Челах өзінің қалауы бойынша кез келген уақытта сот отырысына оралуына болады. Адвокатқа бұл туралы өзінің қорғаушысын құлақтандыруға уақыт берілді. Осылайша сот процесі сотталушы В.Челахсыз жалғасты.
Бұдан кейін адвокат С.Сәрсенов В.Челахты психологиялық-психиатриялық сараптамадан қайта өткізу жөнінде ұсыныс айтты. Сот бұл ұсынысты ашық қалдырды.
Бұдан соң сот іс бойынша айғақтарды зерттеуге кірісті. Процеске қатысушыларға В.Челахтың тергеу оқшаулағышында отырғандармен, анасы және атасымен әңгімелерінің бейнежазбасы көрсетілді. Осы бейнежазбалардың бәрінде сотталушы ешқандай қысымсыз өзінің қызметтестерін өлтірудегі жасаған қылмысын тиянақты түрде баяндайды.
«Егемен-ақпарат».