Бір тойдағы үш ерекшелік
Сейсенбі, 27 қараша 2012 6:55
Жақында елордамыздағы мейрамханалардың бірінде Құныпия мен Ақбөпе Алпысбаевтардың немересі – Абдулғафиздің сүндет тойына 150-ге жуық қонақтың бірі ретінде қатысқанымыз бар. Алыс-жақыннан құтты болсын айтып, арнайы келген көпшілік әсем ән мен күмбірлеген күй тыңдап, концерт көріп отырғандай бір демалып қайтты. Той иелеріне риза болып тарқасты.

Әрине, қазақта той көп – шілдехана тойынан басталып, жүзжылдық мерейтойға дейін жалғаса береді. Болсын, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Басты мәселе, тойдың қалай өткізілуінде болса керек. Ал Абдулғафиздің сүндет тойының той жасаушы ата-ананың, жалпы, көпшіліктің қаперінде жүретіндей өзіндік ерекшеліктері болды.
Бірінші, әрі ең басты ерекшелігі – той дастарқанына арақ-шарап секілді ішімдік атаулы қойылмады. Олардың орнында қымыз бен шұбат, басқа да сусындар тұрды. «Арақ-шарап неге жоқ?» – деген сөздер де естілмеді. Екінші – той ән-жырсыз өтпейтіні белгілі. Көпшілік тойларда шетелдің әндері мен билеріне басымдық беріліп жататыны жасырын емес. Бұл тойда шетелдің бірде-бір әні орындалмады. Оның есесіне, әнші-домбырашылар қазақтың дәстүрлі әндерін көбірек шырқады, жастар «Қамажай» мен «Қаражорғаға» биледі.
Үшінші ерекшелігі – тойдың өз уақытында басталуы мен аяқталуы. Жексенбі күні болғандықтан шығар, қонақтар сағат 14.00-ге шақырылған екен. Тойдың басталуы көп кешікпеді, сағат 14.30-да қос өркешті «ақ түйеге» мінген Абдулғафиз қолына сегіз өрім қамшыны бүктей ұстап, мейрамхана залына кіріп келе жатты.
Ал той, арада төрт сағат өткенде, яғни сағат 18.30-да аяқталды. Осы төрт сағатта тілектер де айтылды, әндер де шырқалды, би де биленді. Осылайша, қуанышқа ортақтасуға келген көпшілік жақсы демалып, риза болып тарқасты.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Астана.