«Хас батырдың ескерткіші қайда?»
Жұма, 23 қараша 2012 7:06
(«Егемен Қазақстан». 20 қазан, 2012 жыл)
Халық мақтанышы
Қазіргі уақытта сұрапыл соғыстың сойқанын көріп, от пен оқтың арасында жан берісіп, жан алысқан алапатты жылдар ауыртпалығын бастан кешкен буын, оның ішінде, соғыс ардагерлерінің қатары сиреді. Менің жасым 88-де. 18 жасымда майданға аттанып, 1942 жылы Сталинград шайқасында болып, Польша, Австрияны азат етіп, Берлинді алуға қатысқан мен үшін «Хас батырдың ескерткіші қайда?» деген мақаланың мәні ерекше болды. Көз алдыма Берлинді алудағы қиян-кескі ұрыс келді.
Жұма, 23 қараша 2012 7:06
(«Егемен Қазақстан». 20 қазан, 2012 жыл)
Халық мақтанышы
Қазіргі уақытта сұрапыл соғыстың сойқанын көріп, от пен оқтың арасында жан берісіп, жан алысқан алапатты жылдар ауыртпалығын бастан кешкен буын, оның ішінде, соғыс ардагерлерінің қатары сиреді. Менің жасым 88-де. 18 жасымда майданға аттанып, 1942 жылы Сталинград шайқасында болып, Польша, Австрияны азат етіп, Берлинді алуға қатысқан мен үшін «Хас батырдың ескерткіші қайда?» деген мақаланың мәні ерекше болды. Көз алдыма Берлинді алудағы қиян-кескі ұрыс келді.
Немістерді басып алған жерлерінен түре қуып, Германияға жетіп, Берлинге кіргенімізде неміс ұшқыштары төбемізден үнпарақтар жаудырды. Онда: «Берлин қаласында 600 мың үй бар, әр үйде мергендер мен пулеметшілер отыр, оған қоса өзге де қару-жарақ түрлері бар, сендер Берлинді бәрібір ала алмайсыңдар, босқа әуре болмаңдар, орыстар кейін қайтыңдар» деген жазулар бар еді. Біз болсақ, қандай алынбас қамалды бағындырдық, біз үшін Берлин не, қайткенде де жауды өз ордасында ойрандаймыз, деп ұрысқа дайындалдық.
Бірінші Украина майданы, бірінші және екінші Беларусь майданы Берлинді тар құрсаумен қоршады. Әйтсе де, Берлинді алу қиынға түсті. Әр сүйем жерінде төрт жылғы қырғыннан аман келген небір өрімдей жігіттеріміз қыршынынан қиылып жер жастанды. Әр қарулас досың көз жұмған сайын тамағыңа тас тығылып, көзіңе жас келіп, жауға деген кегің өрши түседі. Көшелердің өн бойларына баррикадалар жасалған, кедергілері мол сол оқ қарша бораған Берлин ішіндегі ұрыс нағыз қан майдан болатын. Көшедегі ауа қан сасып, оқ-дәрінің ащы түтіні қолқаны атты. Осы Берлинді алған шайқаста қаншама үй шаңырағының шырағы сөнді, қаншама үміт-арман көктемей жатып оталды.
Мамырдың 2-сі күні Берлин бағынды. Уралап, бір-бірімізді жұлмалап, құшақтап сүйіп, барлығымыз Рейхстагты көзбен көруге жүгірдік. Гитлердің жасырынған жері – бункерінің ішіне су толтырып тастапты, бірақ көңілде тасыған қуаныш. Сол жерде барлығы шулап «Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев деген қазақ жігіті» дегенін естідік. Кеудені мақтаныш сезімі кернеп: – Әй, марқасқам ай, қандай ерлік жасаған, бұл жақсылықты ел естіп, ұлым батыр болды деп бір көтеріліп жатқан шығар деп, көңіліміз өсіп, рухымыз одан да биіктей түскен еді. Мақаланы оқығанда сол сезімдерім қайта оянды. Содан отырып, қолыма қалам алдым. Жаза берсең, сөз көп, көп сөздің түйіні – Рақымжан Қошқарбаевқа Астанада ескерткіш орнатылуы тиіс деген ойымды жеткізіп отырмын. «Өлі риза болмай, тірі байымайды». Рақымжандай хас батырдың ерлігі ұмытылмауға тиіс.
Кәметай ТОҚАБАЙ,
соғыс ардагері.
Елдігімізге сын
Шынында да, Вокзал Кәрімұлы ағамыз өте маңызды мәселені көтеріп отыр. Қазақтың Рақымжан Қошқарбаев сынды ұлдарына лайықты құрмет көрсету – бұл өткенге емес, болашаққа қызмет ететін сауапты іс. Ел басына күн туғанда Отанымызды, туған жерімізді жаудан қорғаған ата-бабаларымызды қалай ұлықтасақ та артық емес.
Рақымжан аға теңдесі жоқ ерлік жасаған қазақ солдаты. Ерен ерлік жасағанмен қарапайым азамат екендігін бір рет кездесіп, сұхбаттасқан кезде-ақ байқағанмын. Ал батыр ағаға ескерткіш орнату – аға үшін емес, бүгінгі біздер үшін, қазіргі жастар үшін, ертеңгі желкілдеген жеткіншектер үшін керек-ақ!
Жалпы, өскелең буынды отансүйгіштікке тәрбиелейміз десек, еліміз үшін қасық қанын қиып, шейіт болып кеткен батыр ата-бабаларымызды ұмытпауымыз керек. Осындай маңызы бар мәселені жоспарлы түрде іске асырып жатсақ, ұтарымыз көп болатын тәрізді. Рақымжан ағамыздың ескерткіші жанында жас ұландардың мойнына көк байрағымыздың жұрнағын байлап жатып: «Мынау біздің халқымыздың батыр ұлы, «Халық Қаһарманы» Рақымжан Қошқарбаев бабаңның ескерткіші. Осы бабаңның елін сүйгеніндей сен де еліңді, Қазақстаныңды сүй!» деп айтқан аға, ата сөзі жас буынның мәңгі есінде қалары сөзсіз!
Қазақтың тағы бір батыр ұлы Рақымжан Қошқарбаев туралы Бауыржан ағамыз «Тағдыр оның тарихи адам ретінде өмірбаянын сол сәтте жазған!!! Сендердің міндеттерің енді соны елге айтып, жалпақ жұртқа жеткізу» демеп пе еді. Осындай ерліктің үлгісін елемеу елдігімізге сын емес пе?! Ойланайық, сауапты істі қолға алайық, ағайын!
Әлібек СӘТБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Орал.