Бұл не бейжайлық?
Бейсенбі, 17 мамыр 2012 8:24
Бірер күн бұрын редакция тапсырмасына байланысты өлкеге ашаршылық жылдары әкелген зұлматтар жайлы ақпар-мәліметтер, естелік-сырлар, зерттеулер жинақталған бір орын болса, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы болар деген оймен соған бара қалған едік. Екі қабатты сыңғырлаған ғимараттың асты-үстін асықпай араладық. Бірақ, бұл күнде газеттерде жиі жарияланып жүрген екі-үш сурет, сол уақыттағы ахуалға қатысты бірді-екілі құжат ілінген стендтен басқа ештеңе көзге түсе қоймады. Бар болғаны осы. Аймақтағы ашаршылық зардабы қалай болғандығын баяндайтын, елестететін одан өзге дерек ұшыраспады. Жергілікті тарихшылар арнаған зерттеу еңбектер болушы еді. Олар да көрінбейді.
Бейсенбі, 17 мамыр 2012 8:24
Бірер күн бұрын редакция тапсырмасына байланысты өлкеге ашаршылық жылдары әкелген зұлматтар жайлы ақпар-мәліметтер, естелік-сырлар, зерттеулер жинақталған бір орын болса, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы болар деген оймен соған бара қалған едік. Екі қабатты сыңғырлаған ғимараттың асты-үстін асықпай араладық. Бірақ, бұл күнде газеттерде жиі жарияланып жүрген екі-үш сурет, сол уақыттағы ахуалға қатысты бірді-екілі құжат ілінген стендтен басқа ештеңе көзге түсе қоймады. Бар болғаны осы. Аймақтағы ашаршылық зардабы қалай болғандығын баяндайтын, елестететін одан өзге дерек ұшыраспады. Жергілікті тарихшылар арнаған зерттеу еңбектер болушы еді. Олар да көрінбейді. Зұлмат Қарағанды жерін айналып өткен сияқты қайғылы кезең шындығын жеткізу неге елеусіз қалып отырғандығына жол бастаушымыз жауап таба алмай қиналса, мұражай директорының орынбасары осындай оқиға өткенінен бейхабар ма, үнсіз үстел шұқылады.
Бұрынырақта мұнда ел өміріндегі елеулі даталар, ұмытылмас оқиғаларға орай әртүрлі шаралар ұйымдастырылып жататын. Ғылыми конференциялар мен кездесулер, экскурсиялар мен көрмелер өткізілетін. Ал ашаршылық ақиқатына байланысты ешқандай істің қолға алынбауы, осынау қасіреттің астарларын ашып көрсететін жаңа деректердің алға тартылмауы, шындығын айтқанда, таңқалдырды. Байқалғандай, әлдебір орыннан түрткі, нұсқау күтілетін сыңайлы. Онсыз жұмған ауыз ашылмайтындай-ақ.
Басты сылтау дерек-мәліметтердің аздығына саяды. Мәселе онда емес, құлық, ынта жоқтығында, бейжайлықта ма деп қалдық. Егер аймақтағы ашаршылық сырын қазбаласа талай құпия ашылар еді. Мысал үшін қазақ халқының аштықтан аса апатқа ұшыраған жері – Орталық Қазақстан өңірі. 1932-33 жылдары тек Қарқаралы ауданы тұрғындары 10 мың адамға кеміген. Жазушы Кәмел Жүністегінің «Құба белдер» романының жалғасы – «Апат» атты екінші кітабында Шет ауданындағы азаға толы отызыншы жылдар оқиғалары жеріне жеткізіле суреттеледі. Болашақ академик Қаныш Сәтбаевтың ит арқасы қияндағы Ұлытаудан Баянауылға жанұшырып жетіп, түтіні біржола сөнуге шақ қалған ағайын-туысқандарының оншақты баласын түн жамылып алып кеткені де белгілі. Осының бәрін іздестіруге, табуға, жұртқа таныстыруға, ең алдымен, мұражай мүдделі болуға тиіс еді ғой.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды.