11 наурызда Алматыда Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшылар кеңесінің мәжілісі болып өтті. Күн тәртібіне сәйкес Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша философия ғылымдарының докторы, профессор А.Косиченко мен саяси ғылымдар кандидаты Ш.Әмірбеков сөз сөйледі. Сарапшылар жекелеген діни ұйымдардың кері іс-әрекеттерімен байланысты қатерлер мен проблемалар бой көрсетіп отырғанын атап көрсетті.
Екінші мәселе бойынша саяси ғылымдар докторы Е.Алияров пен әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Г.Елеуова баяндама жасады. Пікірталас барысында ғалымдар демография мен миграция салаларында оң өзгерістермен қатар, кері факторлар бар екеніне де назар аударды.
Мәжілісті қорытындылай келіп, Сарапшылар кеңесінің төрағасы М.Тәжин еліміздегі діни жағдайлардың дамуына жан-жақты және кешенді сараптама жасап, ғылыми-сарапшылар қауымын тарту жолдарымен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру жөнінде ұсынымдар түзу қажеттігін атап көрсетті.
Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшылар кеңесі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ғылыми-әдістемелік ұсынымдарды жасау мақсатында ғылыми-сараптамалық зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми-консультативтік орган болып табылады. Кеңеске жетекші ғалымдар, сарапшылар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мүше.
Талқылау барысында Сарапшылар кеңесі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұсынымдар берді. Енді олар Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысында пайдаланылатын болады.
Дерек көзі: “Егемен-ақпарат”.