Үміттің үрлеп алауын
Жұма, 3 тамыз 2012 7:26
Адам баласына деген өмірдің сынағы көп. Одан ешкім қашып та құтыла алмайды, әркім өзінше жол тауып жатады. Алайда, әлі де сәби сезімнен арылмаған, ақыл тоқтатпаған, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалардың басына түскен ауыртпалықтарды қабырғасы қайыспай көтеріп, азамат болып кетуі бөлек әңгіме. Балалық бал дәуренде жетімдік тауқыметін тартуды ешкімнің пешенесіне жазбасын деңіз. Дегенмен, өмір болған соң бірыңғай қуаныштан тұрмайтыны белгілі.
Жұма, 3 тамыз 2012 7:26
Адам баласына деген өмірдің сынағы көп. Одан ешкім қашып та құтыла алмайды, әркім өзінше жол тауып жатады. Алайда, әлі де сәби сезімнен арылмаған, ақыл тоқтатпаған, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалардың басына түскен ауыртпалықтарды қабырғасы қайыспай көтеріп, азамат болып кетуі бөлек әңгіме. Балалық бал дәуренде жетімдік тауқыметін тартуды ешкімнің пешенесіне жазбасын деңіз. Дегенмен, өмір болған соң бірыңғай қуаныштан тұрмайтыны белгілі. Міне, осындайда өмір айдынына салған қайығыңды тура есіп, үлкен үміттің алауын үрлеу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні де шындық. «Жесірін жатқа бермейтін, жетімін жылатпайтын» қазақы қасиеттің де қадірі кете бастаған бүгінгі күнде ата-ананың аялы алақанының жылуын сезінбеуден артық қасірет жоқ шығар. Рас, жетімдердің жетіліп кетуін мемлекет мойнына алып, үкіметтік деңгейде қамқорлық жасалуда. Соның өзінде жас шыбықтай солқылдап тұрған балалар үйлерінің түлектері үшін сын сағаты соғатын кез – осы бір тағдырдың талқысынан мүдірмей өтіп, өмір көшіне ілесіп кетуі. Қуанышы мен реніші, қызығы мен қиындығы қатар өрілетін өмірде өз жолын табуға талаптанып, тым жақсы жетістіктерге жеткен Медет Абдрахманов туралы жылы сөз, жақсы пікір естігенде жүздесіп, әңгімелесуге ниетіміз ауғаны шын. Оның үстіне біз хабарласқан Жасөспірімдер үйінің әдіскері Лида Қосеменова да ол туралы жақсы лебіз білдіріп, мақтау сөздер айтты. «Өте салмақты, мінезі жұмсақ, әдепті. Осында тұрғанда да тәрбиелілігімен көзге түсті. Арманы биік азамат болайын деп тұрған бала. Тіл-көзім тасқа, деп біздің де көңілімізді көтеріп тастады. Қиындық көрген кінәмшіл көңілдің кілтін қалай табамыз деп жүрексініңкіреп отырғанымызда бұл кәдімгідей демеу болғаны рас. Осы ой жетегімен біз Медет жұмыс істейтін «Халық банкі» АҚ Ақтөбе филиалына келгенбіз. Шаруалармен шығып кеткен Медетті сәл күтуге тура келді. Алғашқы таныстықтан соң әңгіме арнасын жұмысы, бүгінгі тірлігіне аудардық. Ойы да, сөзі де салмақты, жылы жүзді жас жігіттің азамат болып қалыптасып қалғаны аңғарылады.
– Біз ағайынды үш жігітпіз. Хромтау ауданы, Көктөбе деген жерде тұратын ата-анамыздан бір сәтте айырылып, аңырап қалдық. Қазір ғой жігітпіз деп отырғаным. 1997 жылы бізді Алға балалар үйіне әкелгенде ағам Жадырасын 8 сыныпқа, мен 4 сыныпқа, ал, кіші інім Рүстем балалар бақшасына баратын жаста болатынбыз. Бір күнде ата-анасыз қалып, тағдырдың қатал үкіміне мойынсұнып шыға келдік. Шыны керек, Жадырасын ес біліп қалды ғой, оның үстіне балалар үйіндегі жағдай да біздің оқуымызға, тәрбиелі болып өсуімізге ықпал етті. Мен 2005 жылы Алға балалар үйіндегі мектепті үздік бітіріп, Алматы экономика және статистика институтына түстім. Оқу ақымды жергілікті билік пен институт көтерді. Мен жазғы демалыс кездерінде үш жыл қатарынан өзім тәрбиеленген Алға балалар үйінде лагерьде тәрбиеші болып жұмыс істеп, қаржы таптым. Сөйтіп, осы жоғары оқу орнын тәмамдадым. Жұмыс сұрап «Халық банкі» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Апуажан Төлегеноваға кірдім. Шыны керек, апай талабымды құп алды. Сөйтіп, оқу орталығында арнайы курстан өтіп, филиал бөлімшесінде бақылаушы-кассир болып қызметке тұрдым. 2010 жылы филиал бас ғимаратына бөлшек сауда орталығына ауысып, осында менеджер болып еңбек етіп жатырмын, – деді Медет бауырымыз.
Алға балалар үйінен шыққан ол облыс орталығындағы Жасөспірімдер үйінде тұрған. Облыс әкімдігі жүзеге асырып жатқан жоба аясында оған «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі» АҚ Ақтөбе филиалынан арнайы жеке есепшот ашып, 1 миллион теңге салады, ағайынды Абдарахмановтар 300 мың теңге жинап, қалған 1300 мың теңгені сол банкіден азғантай өсіммен несиеге алып, бір бөлмелі пәтер сатып алған. Жеті жылға дейін айына 14 мың теңге төлейді. Қазір олар сонда тұрып жатыр. Жадырасын «Теңіз» кенішінде инженер-геолог болып жұмыс істейді. Рүстем болса Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде 3-ші курста оқиды. Құдай қаласа, ертең-ақ, білдей азамат болары сөзсіз. Алдында Жадырасындай, Медеттей ағасы үлгі көрсетіп отырғанда інісінің іздерінен ерері күмәнсіз. Оған Медеттің өмірге деген айқын көзқарасы, жақсы азамат болуға деген талабы сендіре түседі. Ол өзі түлеген Алға балалар үйіндегі әдемі ахуал жайлы жылы лебіз білдірді, ұстаздары мен тәрбиешілерін ыстық ықыласпен ауызға алып отырды.
Үлкен өмірге үмітін үкілеп қосып отырған ол жақында Алтынай деген аруға үйленетінін де қуанышпен жеткізді. Бұған филиал ұжымы да қалтқысыз қуанса керек. Филиал директоры Апуажан Төлегенова жас жұбайларға той шашуы ретінде 500 мың теңге бөліпті. «Жақсы адамға қай жерде де бір кісілік орын бар» дегендей Медеттің адами, кәсіби тазалығын сыйлағандық, апалық қамқорлық деп ұғындық біз мұны. Шыны керек, «Жетім көрсең жебей жүр» деген қасиеттің алтын арқауының үзілмегені деп бағаладық ұжым басшысының бұл қадамын.
– Алтынай да өзім сияқты балалар үйінің түлегі. Бір-бірімізді түсінеміз, өміріміздің шуақты болуына тырысамыз, – дейді ол.
Медеттің қасында еңбек ететіндер де өрімдей жас жігіттер мен қыздар. Бәрі бір отбасының балаларындай ынтымақты. Медетті сұрап кіргеннен-ақ, онымен хабарласып, қазір келеді деп жік-жаппар болып жатыр.
– Медетпен 2010 жылдан бері бірге жұмыс істеп келемін. Басында дербес қызмет көрсету орталығында ассистент-менеджер болды, кейін осында ауысты. Банк қызметіне төселді, еңбекқор, тапсырманы тез орындайды. Мінезі жұмсақ, адамдармен тіл табысуға бейіл. Алда да биік белестерді бағындыратынына сенім мол, – дейді бөлшек сауда орталығының бастығы Айнұр Таңсықбаева.
– Ауылға ата-анамыздың басына барып тұрамыз. Өмірге адам болып келген соң өз орныңды табу керек. Біздің әрқайсымыздың арманымыз осы, – дейді ол ашыла әңгімелесіп.
Арманы биік, алдағы өміріне үлкен үмітпен қарайтын жастың өз болашағының тұғырын өзі берік бекітуге ұмтылысына риза болдық. Бастан өткен қиын күндердің есесін алдағы өмірдің әдемілігімен қайтаруға деген талпыныс талапты жастың болашағының баянды да бақытты болатынына сендіре түседі.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.