31 Тамыз, 2012

Үркер – қыркүйек – үміт

973 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Үркер – қыркүйек – үміт

Жұма, 31 тамыз 2012 7:05

Табиғатта да мінез бар: ірілі, ұсақты. Табиғаттың ірі мінездері – жылдың төрт мезгілі. Ал оның ұсақ мінез­дері қыс күндері тым кенеттен ақ түнек боран соғып қаһарланып кетуі, көктемде күннің аяқ астынан суып кету, жазда қатты ыстыққа немесе ызғарлы салқынға бой беруі т.б. жатқызуға болады. Жаз айының соңына саналатын тамыздың таусылар тұсы Сарыарқаға күздің сал­қынын ала келді. Мінезге бай күз мезгілі өзінің келе жатқанын алдын ала «қабақ шытып» білдіргендей…

 

Жұма, 31 тамыз 2012 7:05

Табиғатта да мінез бар: ірілі, ұсақты. Табиғаттың ірі мінездері – жылдың төрт мезгілі. Ал оның ұсақ мінез­дері қыс күндері тым кенеттен ақ түнек боран соғып қаһарланып кетуі, көктемде күннің аяқ астынан суып кету, жазда қатты ыстыққа немесе ызғарлы салқынға бой беруі т.б. жатқызуға болады. Жаз айының соңына саналатын тамыздың таусылар тұсы Сарыарқаға күздің сал­қынын ала келді. Мінезге бай күз мезгілі өзінің келе жатқанын алдын ала «қабақ шытып» білдіргендей…

Жүрісінен жаңылмай, бағытынан айнымай келетін жылдың төрт мезгілін басым көпшілігіміз балама ұғым­дармен күтеміз. Айталық, қыс кезеңінде Жаңа жылды, көктемде Наурызды, жазда жайлы заңды демалыс күн­дерін күтетініміз анық. Ал күзде нені күтеміз?

Кеңес дәуірінде 1 қыркүйекті, яғни жаңа оқу жылын, 7 қараша мейрамын, күзгі жаппай жиын-терімді күте­тін­біз. Саясат ауып түсіп еді: күздің қара суығында ке­ле­тін қараша мейрамы өшті, жеке меншіктің қолына өт­кен жиын-терім де жалпыхалықтық сипаттан айырылды. Бірақ 1 қыркүйек қана бұрынғы күйінде қалды. Ендеше, мұнда халықтық сипат бар, дүйім жұрт мой­ын­даған ерекше маңыз бар!

Қазақ халқының ертедегі ұғымында да Қыркүйек айы­­ның орны ерекше еді. Әңгімеміз осының төңірігінде өрбімек.

Тіршілік көзіне, негізінен, мал шарушылығын арқау еткен қазақ халқы табиғаттың жыл мезгілдерін олардың басты сипатына қарай дәл қоя білген. Төрт түліктің өрі­сі, тебіндігі тарылып, жем-шөбі қолға қарап, жан-жақ­тан қысып тастайтын мезгілді «қыс» (қысып тастау) десе, табиғатқа жан бітіп, көк шығатын мезгілді «көк­тем» (көктің шығуы, жан бітуі), ал өзге мезгілдерге қара­ғанда малға қатысты қам-қарекеттер азайып, мал­шының қол-аяғы кеңейетін, шаруа жайы жеңілдеп, жайланатын мез­гілді «жаз», ал одан кейінгі мезгілді «күз» деп атаған. Жылдың ocы төрт мезгілін шартты түрде «алты ай қыс, алты ай жаз» деп екіге бөлген.

Күз «күзеу»(күзек) деген сөздің қысқарған түрі. Күз – шаруа үшін қауырт мезгіл. Күзеуге (күзекке) шығу – көшпелі қазақтың қыстауға қонар алдында жайлайтын қонысы. Бұл тірлік Хакім Абайдың «Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы немесе «Ерте барсам жерімді жеп қоям» деп//Ықтырмамен күзеуде отырар бай» деп келетін өлең жолдарында айқын бейнеленген.

Күзеудегі қам-қарекет – мал баққан шаруа үшін маң­ызды. Күзгі қоныста мейлінше мол отыру – қыстаудағы жайылымды жердің шөбін сақтау, үнемдеу болып табылады. Мұндағы сақтық қыс ұзап кетсе қолдағы жем-шөпті көктемге дейін жеткізуден туындаған. Ал егінмен айналысқан диқан үшін күз мезгілі – көктем айларында егіп, жаз бойы тынымсыз баптап-күткен егінінің шы­ғы­мын жинап, қамбаға құятын кезі. Қамба астыққа толса, қыстың ұзақтығы да, қаһары да аса қорқынышты емес.

Күз маусымының алғашқы айы – қыркүйек. Малшы шаруа тіршілігінде бұл айдың маңызы ерекше. Себебі, қыркүйекте маңызды науқан жүреді. Ол – болашақ төл­дің басын көбейтуге сеп болатын күйек алу науқаны. Нау­қан шамамен 40 күнге созылатын болғандықтан «қы­рық күйек» атанған. Қос сөздің кіріге бірігуінен ал­ғаш­­қы бөлік – «қырық» сөзі қысқарып, «қыркүйекке» ай­нал­ған. («Қырық» саны өзге де жыл мезгілінде бар. Хал­қы­мыз жаз айындағы ерекше ыстық мезгілді – жем-шөп­тің «ұзарып өсіп толатын» (Абай), жеміс-жидек, егін­нің пі­суі­не қолайлы мезгілді «қырық күн шілде» деп атайды).

«Қырық» санының жыл мезгілдеріне қолдануы да та­би­ғат аясынан шыққан. Айталық, күз мезгілінің бас­тау­ын аспан жұлдыздарының, соның ішінде, Үркер жұл­­ды­зының қозғалысына байланысты анықтаған. Түлік күйекке түсер айда Үркер жұлдызы көкке өрлеп туады.

Халықтың астрономиялық түсінігі бойынша, жаз бо­йы аспан бойынан көрінбей жерде жатып, жем-шөптің көп болуына септігін тигізген Үркер тамыз айынан бас­тап біртіндеп көкке көтеріле береді. «Үркер туса – таң суиды, Сүмбіле туса – су суиды» дегендей, күздің алғашқы белгілері орын ала бастайды. Осылайша, шаруа үшін «алты ай қыстың» басы басталады. Үркер 40 күнде көкке биік өрлеп шығады. Алты ай қыстың (180 күн) 40 күнін қыркүйек алса, 56 күнін (айдың жерді бір айналып өтуі 26 тәулікті құрайды) қыстың басы – қараша мен желтоқсан («Қараша-желтоқсан мен сол бір екі ай// Қыстың басы: бірі ерте, бірі жай»), одан әрі 90 күнін нағыз қыс алады. Мұны сандық есепке салатын болсақ ол мынадай болып шығады: 40+56+90 = 186. Халық арасында қыстың соңындағы артық 5-6 күн «Отамалы» немесе «Киіктің оты», болмаса, «Құралайдың суығы» деп аталады.

Күйек дер кезінде жүргізілсе, «алты ай қыстан» аман шыққан төрт түлік көктемнің қолайлы шағында (күн жылынып, көк тебіндеп шыға бастаған тұс) төлдеп, жаңа туған төл тез аяқтанып кетеді. Сондықтан, хал­қымыз Үркер айынан үлкен үміт күткен. Басқаша айт­сақ, күздің басында көрінетін Үркер – әрдайым жаңа үміт айы. Қазіргі күз мезгілінің жаңаша ай атауларымен бел­гілегенде ол қыркүйекке тура келеді. Демек, қыр­күйек – үміт айы.

Қыркүйекте көңілдегі үміт отының оянуы қазақтың ертедегі мал шаруашылығымен айналысқан тіршілігінің бір парасы еді. Ал қазіргі күнде қалай? Бұл күнде де қыркүйектің үміт айы ретіндегі маңызы одан әрі арта түскендей. Себебі, қазақтың қам-қарекетіне оқу-ағарту ісі еніп, өзге жұртпен араласып, бәсекеге түсе бастаған уақытта (Абай, Ыбырай, Алаш зиялыларының заманы) және кешегі кеңес үкіметінің жаппай сауаттандыру, сондай-ақ әрбір азаматқа тегін білім беру саясатының гүрілдеген (жақсы мағынада риязы көңілмен айтып отырмыз – автор) кезеңінде күз мезгілінің алғашқы айы жаңа оқу жылының басталуымен, яғни Білім күнімен айшықтала бастады. Халық санасында бұл, жаңа үміт­тің отын оятты. Ол – адам өмірінің жалғасы бауыр еті ба­ласының біліммен қаруланып, ержеткенде өмір тір­шілігіндегі қиындықтарды оңай жеңе алады, саналы аза­мат болады деген үміт еді.

Оқу, білім алу – адам тіршілігінің қай саласында бол­­масын маңызды орын алатыны бұл күнде жалпақ жұртқа мәлім, анық ақиқат. Баласын орта мектепке жетелеген ата-ана, арнайы орта және жоғары оқу орындарында шәкірт-студент атанған жасөспірімдердің көңіл­дерінде үміт отының алауы жанатыны анық. Шәкірт көңіліндегі алғашқы қоңырау, алғашқы ұстаз, студенттік кезең деген ұғымдар да – сол үміттен туындаған қымбат түсініктер.

Шекаралары шектес елдермен ғана емес, бөлек құр­лық­тағы (материктегі) жұртпен бәсекеге түсіп, ақыл-ой­дың ілгерілігімен озық көшке ілесуді қалайтын, реті келсе оза түсуді (50 озық елдің қатарында болу) мақсат еткен тәуелсіз Қазақстанға Қыркүйектің – жаңа оқу жы­лы­ның басталуы аса маңызды болуы тиіс. Данышпан Абай көрсеткен адам баласының бір-бірінен озған­ды­ғын ай­қын­дайтын төрт (ақыл, ғылым, ар, мінез) белгінің бірі ғы­лымның бастау бұлағы – білім. Еліміздің саяси-эко­­но­ми­калық, әлеуметтік дамуы азаматтарының білі­мі­нің өрі­сіне тікелей байланысты. Кең өрісті білім ғы­лым­ды дамытып, қоғамды өзгертпей, өркендетпей қоймай­ды.

Жұмыр жер бетінде білім-ғылым, өнер, дәулет жолында бәсеке бәйгесіне бел шеше кірісіп кеткен ұлт пен ұлыстардың тартысында шаң қауып қалмас үшін ерте­дегі ата-бабаларымыз «Қыркүйекті» қалай науқанға айналдыра біліп, оған көп үміт артқанындай, біздер де бір адам баласының өзгеден қалып қоймауына жәр­дем­де­сетін білім алуды жаппай бастайтын «Қыркүйекті» маң­ызды мақсатты жүзеге асыруға кірісудің басы деп есеп­теуіміз қажет-ақ.

Жылдың ірі мінезді мезгілі ретінде айнымас бағы­ты­мен қайта келген Қыркүйекті білім алудағы бәсекенің аламан бәйгесі жарияланды деп санап, үміт отын алаулатып, ордалы жұртқа тиісті үлесімізді ойып аламыз деп серт бере кірісуіміз бізге өте қажет! Жалпақ әлемнің жаһандануы кезеңінде елімізге бұйырған тәуелсіздіктің, азаттықтың баяндылығы да ілім-білімнің тереңдігіне байланысты болып отырғаны – шығар күндей анық!

…Үміт еткен, достарым,

Сендерге бердім батамды.

Алтынсары баласы (Әлихан Бөкейхан Ы.Ал­тын­са­ринді осылай атаған – автор) Ыбырайдан қалған бұл өлең жолдарын «Баталы жұрт арымас» деген ата-ба­ба­мыз­­дың сеніміне салып, дәтке қуат етіп алып білім бәй­гесіне жарау аттай кірісейік, қадірлі оқушы, қым­батты шәкірт! Білім күні құтты болсын, қымбатты бапкер-ұс­таз­дар!

Алмас ӘБСАДЫҚОВ.