Тынысты тарылтқан түтін
Сенбі, 15 қыркүйек 2012 7:38
Өскеменнің аса күрделі экологиясы жайлы көптен бері айтылып келеді. Рас, түсті металлургияның кәсіпорындары қоршаған ортаны қорғауда біршама жұмыстар тындырып жатыр. Алайда, «алқаның екінші жағы бар» дегендей, соңғы жылдары қаптап кеткен автокөліктер де улы газдар таратып, денсаулыққа зиянын тигізуде.
Сенбі, 15 қыркүйек 2012 7:38
Өскеменнің аса күрделі экологиясы жайлы көптен бері айтылып келеді. Рас, түсті металлургияның кәсіпорындары қоршаған ортаны қорғауда біршама жұмыстар тындырып жатыр. Алайда, «алқаның екінші жағы бар» дегендей, соңғы жылдары қаптап кеткен автокөліктер де улы газдар таратып, денсаулыққа зиянын тигізуде.
Жақында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденовтің төрағалық етуімен қалалар мен аудандардың ауасын ластаушы автокөлік иелері мен оның қожайындарының қатысуымен үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиында эколог мамандар мен осы салаға жауапты басшылардың есебі тыңдалды. Автокөліктердің улы газдары кәсіпорындар мұржаларынан шығатын түтінге қарағанда қауіпті, тыныс жолдарын бітеп тастайды, дейді эколог маман Геннадий Корешков. Көлік түтіні жерге жақын болғандықтан азот диоксиді ауаны тез бүлдіреді. Сондықтан көліктерден шығатын улы заттардың мөлшерін азайту үшін жанар-жағармай стансаларындағы бензиннің сапасын анықтап отырған орынды.
Өкінішке орай, қаладағы автобус парктерінің дені сапасы нашар арзан жанармайды тұтынуға әуес. Енді оларға қарсы қатаң шара қолдану қажет, деді үйлестіру кеңесін жүргізіп отырған Серік Әбденов. Демек, сапаға көңіл бөлетін жанармай стансалары басшыларымен автобус парктері меморандум жасасса тиімді болмақ.
Облыстық жол полициясы басқарма бастығының орынбасары Петр Никифоров мынадай пікір айтты. Бүгінгі таңда шығыста бес арнайы жабдықталған бекетте, сонымен бірге жылжымалы зертханада көліктерден шығатын улы газдарға тексеру жүргізіледі. Жыл басынан бері жол полициясы қызметкерлері 247-бап бойынша қоршаған ортаға зиян келтіргендерге қарсы 867 хаттама толтырыпты. Алайда, хаттама толтырғанмен көліктердің техникалық байқауын өткізген фирмалардың жұмысын да анықтаса, артық болмас еді. Қорыта айтқанда, бұдан былай улы газды көп шығаратын көлік иелері мен автобус парктері қожайындары енді жанармай сапасына назар аударып, қоршаған ортаны қорғауға көңіл бөлмесе, түрлі айыппұлдар мен ескертулерден қашып құтыла алмайды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.