Әкімі «жаңарса» да жолы жаңармайтын аудан
Бейсенбі, 22 қараша 2012 7:08
Жақында тілшілер қосынына аһылап-үһілеп бір оқырманымыз келді. Өзі жуырда Сарысу ауданына жолаушылап барып қайтыпты. «Жолдың жайын жүрген біледі» деген емес пе, етектегі ел қалай деп жатырмыз.
– Бәрі дұрыс қой, – деді оқырманымыз. –Бірақ Саудакент ауылынан өте бере жол азабын көріп, қатты қиналдық. Ой, шұқыр болып кеткен жол адымымызды аштырмады. Ана жолға бар ғой, адам тұрмақ, темір шыдамайды…
Бейсенбі, 22 қараша 2012 7:08
Жақында тілшілер қосынына аһылап-үһілеп бір оқырманымыз келді. Өзі жуырда Сарысу ауданына жолаушылап барып қайтыпты. «Жолдың жайын жүрген біледі» деген емес пе, етектегі ел қалай деп жатырмыз.
– Бәрі дұрыс қой, – деді оқырманымыз. –Бірақ Саудакент ауылынан өте бере жол азабын көріп, қатты қиналдық. Ой, шұқыр болып кеткен жол адымымызды аштырмады. Ана жолға бар ғой, адам тұрмақ, темір шыдамайды…
Оқырманымыздың қапа болатынындай бар, бұл жолмен жуырда біз де жүріп өткенбіз. Сонда шоқалақтаған көлікпен Шолаққорған тұрмақ, қол созым жердегі Баба Түкті Шашты Әзіздің мазарына әрең дегенде жеткенбіз.
Мазар шырақшысының: «Ат-көліктеріңіз аман-есен жеттіңіздер ме?» деген мақамына: «Жолдың шоқалағы болмаса, жағдайымыз онша жаман емес», дедік. Сол сол-ақ екен, шырақшы жұлып алғандай: «Жо-жоқ, біздің Созақ ауданының басшыларына шәк келтірмеңіздер, сіздерді шаршатқан жол анау Сарысу ауданына қарайтын бетте», деп қолын шығысқа қарата шошайтпасы бар ма. Шоқаңдап келе жатып байқамаппыз, шынында, жолдың ойқы-шойқы бөлігі Сарысу жақ бетте екен.
Мұндай ұялмаспыз. Ұялған тек тұра ма? Ойландық. Ойланып едік, республика, облыс бюджеттерінен жол жөндеуге жыл сайын қыруар қаржы бөлінетіні еске түсті. Оның көлемін айтып, ауыз ауыртудың қажеті жоқ. Ісіне ұсынықты әкімдер, міне, осы қыруар қаржы жолға кетіп жатыр ма, жоқ, әлде «солға» кетіп жатыр ма деп, атқарылып жатқан іске өте уақап болуы керек еді. Бірақ байқанымыз, Сарысу ауданының бұрынғы-соңғы әкімдеріне бәрібір болған сияқты. «Бұрынғы-соңғы әкімдері» деуіміздің де сыры жоқ емес. Өйткені, бұл ауданға әкім құтаймайды. Әрі кетсе бір жыл істейді. Шенеуніктер «шежіресіне» үңілсек, кезінде бір ай істеп, «рекорд жаңартқандары» да болған екен. «Ойпыр-ай, – дейсің содан соң, – бір жылға қоян терісі де шыдаушы еді, сонда мыналардың қауқары қоянның терісі ғұрлы болмағаны ма?». Бір қызығы, әкімдері жиі «жаңарғанымен» Саудакент пен Шолаққорғанның арасындағы кедір-бұдыр жол жөнделмей-ақ қойды.
Жақында облыс әкімі Қанат Бозымбев Сарысу ауданына жас келсе – іске деп, Қанатбек Мәдібек деген азаматты әкімдікке тағайындады. Жаңа әкім бұрынғы әкімдердің ісіне жауап бермесе де, енді Саудакенттен ары қарайғы шоқалақты тақтайдай тегіс жолға айналдыратын шығар деп ойлаймыз.
Ал біз аһылап-үһілеп шаршап келген оқырманымыздың сөзіне күмән келтірмейтінімізді, себебі жақында өзіміз де сол жолмен қинала-қинала жүріп өткенімізді айтып, шығарып салдық.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы.