Дарынды декан еді
Сенбі, 2 маусым 2012 7:45
«Пәленбайменіңтағдырымаықпалжасады», – депжатадыжұрт. Осыпікіраса-көпдәйектіемес. Дейтұрғанмен, қоғамдаірілі-ұсақтыболсада, басқабіреулердіңарқасындаөзізінқалдырғандардасол «басқабіреулер» жөнінде: «…меніңтағдырымаықпалжасады», деугехақылы. Ал, осынақтықазіргісәттеменүшінқоғамдағы, тұрмыстағыорныңдыбелгілеугесондай «Идеяларкатализаторы», «тездеткішреактор» болабілгентұлғалардыңбірі – сол, Таукең.
Сенбі, 2 маусым 2012 7:45
«Пәленбайменіңтағдырымаықпалжасады», – депжатадыжұрт. Осыпікіраса-көпдәйектіемес. Дейтұрғанмен, қоғамдаірілі-ұсақтыболсада, басқабіреулердіңарқасындаөзізінқалдырғандардасол «басқабіреулер» жөнінде: «…меніңтағдырымаықпалжасады», деугехақылы. Ал, осынақтықазіргісәттеменүшінқоғамдағы, тұрмыстағыорныңдыбелгілеугесондай «Идеяларкатализаторы», «тездеткішреактор» болабілгентұлғалардыңбірі – сол, Таукең.
Ол кісінің атын біліп, жүзін танығаным да 1959 жыл еді. Туған құдам – құрдасым Болат екеуміз университетке оқуға түсуге келгенбіз. Әбе (қазіргі тірі классик Нұрпейісов) ағамыздың үйіне тұрақтадық. Үйді билеп-төстейтін Әбенің Сағира жеңешесі (маған салса, Әбенің классик-жазушылық тағдырына ықпал жасаған сол алтын адам дер едім): «Әбе, жақында ғана ол кісімен шатақтасып қалып еді. Қайдам…» – деп, біздерге «қаралы хабарды» жеткізді. Болат екеуміздің де зәреміз зәр түбіне кетті. Бірақ, не қыласың?.. Іштей: «Көрерміз да», – деп, біз отырмыз.
Біраздасын Әбе келді. Біздің бойымыздағы Отанының исі мұрнын жайлы қытықтады ма, мол езуі жайылып, сала берді. Ар жағын жау шауып жатса да, «былқ» ете қоймайтын орнықты, қоңыр даусымен, ауылдың анау-мынау жаңалықтарын сұрап жатыр. Келесі күні осы үйде тұратын, кейін халық шаруашылығы институты боп, «енші алып» шыққан экономфактың студенті – немере қарындасы – Күнзия, жолбасшылық жасап, университетке апарды. Өз қолымен құжаттарымызды тапсырды. Ендігі бағыт – декан. Кабинетінің алдындағы кең бөлмеге кірген бойда оң жақтағы есікті ашып, сығаладық.
– Кір, деді. Сосын екі бірдей басты көргесін: – Кіріңдер, – деді.
Артымыздан біреу желкелегендей, ішке әрең-әрең ендік. Бөлме тарлау. Төрде – өзі. Оған қарсы тікелей қойылған қысқаша столдың екі қапталына екі-екіден орындықтар әзер сыйып тұр. Ол: «Отырыңдар» деген жоқ. Бізге де керек емес еді.
– Кімсіңдер? – деді оншама жылылығы жоқ дауыспен.
– Әбенің балалары едік…
– Ендеше, ертең он екіде келіңдер…
Болды, сөздің таман болғанын білдік. «Рахмет» жоқ, «сау болыңыз» жоқ, кері бұрылып, қаздай түзіліп жүре бердік.
Күнде он екі мен бірсыпыра уақыт ол кісіге келіп-кетумен жүрдік. Бір күні:
– Жақсы. Бара беріңдер. Емтиханға дайындалыңдар, – деді.
Содан кейін, емтихандарды тапсырып біткесін ректор Т.Дарханбаев қабылдау жөніндегі бұйрықты оқығасын, көңіліміз орныққасын, бір-екі күннен соң, бір топ оқытушылармен ол кісіні бізге жатақхана беру кезінде көрдік…
Арада біршама жылдар өткесін, екеуіміздің тағдырымыз тағы тоқайласты. Ол мені журнал редакциясынан оқытушылыққа факультетке алдырды. Сосын Таукең екеуміз 1971 жылы кураторлыққа тағайындалдық. Ол – мектеп бітіргеннен кейін кемі екі жыл жұмыс жасап келген ересектер тобына, мен – күні кеше ғана кәмелеттік аттестат алған «сарыауыздар» тобына. Олардың басым көпшілігінің аты бүгінгі таңда журналистика мен көркем әдебиетте, тіпті кинематографияға бүгінгі таңда мығым орын алғандарын мен атап жатпасам да, өздеріңіз жақсы біледі деп есептеймін.
1976 жылы осы қасиетті шаңырағымыздың босағасынан тіршіліктің мұхитына құлаш сермеген түлектеріміз өздері жөнінде «Өмірдастан» кітабын шығарған-ды. Соған орай «қандыкөйлек» әріптестері менен интервью алған-ды. Сондағы «арнаулы тілшісі» – бүгінгі таңда дарынды прозаик дәрежесінде белгілі боп қалған Қуаныш Жиенбаев қойған сауалдың бірімен өзімнің жауабымды естелігімнің қорытындысы ретінде қайталағым келіп отыр.
Қуаныш Жиенбаев: Өзіңіз айтқандай, Тауман ағамыз қатардағы жай ғана оқытушы емес еді. Қабағында сұс та, өзгеге ұқсамайтын жылылық та қатар жүретін. Сұс адамды үркітуге, қорқытуға, өзін өзгелерден биік қоюға арналмаса керек. Тәртіп пен талапшылдыққа бір бүйрегі бұрылып тұратын әрі ұзақ жылдар журфакқа декан болған кісінің тұла бойы сұңғыла тектіліктен тұратын секілді көрінетін біздерге. Жас болдық па, аңғырттау болдық па, әлде Тауман ағамыз біздің жанымызда жүре беретіндей болды ма, со кісі жайлы кейін, аздап өз-өзімізге келіп, ой түзеген, бой түзеген тұста да тұшымды, ауыз толтырарлықтай бір нәрсе түртпеппіз. Ол – біздің кемшілігіміз, әрине. Шама келсе, ол олқылықтың да орны толар. Ардақты ағамыздың аруағы риза болсын. Таукең аға жайлы білгеніңізді айта отырсаңыз.
Менің айтқаным: Амандосовпен сендер түгілі біздің өзіміз аса сақтықпен, аса сыйластықпен амандасатынбыз. Өзің айтқандай, Амандосовтың жүзіндегі сұс өзіне қандай жарасымды десеңші! Журфакты билеген адам оңай болсын ба? «Биледі» дегенім – бергі жағы ғой. Журфактың аталмыш университет факультеттерінің алдыңғы сапынан көрінуіне, атақ-даңқы жер жаратындай зор беделге ие болуына Тәкең барын салып еңбек сіңірді. Бойындағы барлық жігер-қайратын осы шаңыраққа арнады. Қызметіне сонша жан-тәнімен беріліп істейтін адамдар да сирексіп барады ғой бұл күндері. Сендер, байқаймын, «тұлға», «тұлға» деген теңеуді тым жиі қолданып барасыңдар, «зиялы» деген қастерлі сөзді де бүгіндері кім көрінгенге «тарата» беретін болдық. Қазақ баспасөзін ашып қалсаң, өңшең қаптаған «тұлға», «зиялылар»… олардың қайдан шығып, қайдан табыла беретіндігін тағы түсінуден қалдым. Өңшең инкубатордан өріп жатқан – тұлғалар, зиялылар… Келісерсің, келіспессің, біз осы бір аса сирек аузымызға алуға тиісті құндылықтардың бағаларын татымсыз, арзандатып жібергенімізді мойындамауға болмайды.
Ал, қазақтың маңдайына Алланың рахымы түскені шығар, жазылған нағыз тұлға, зиялылардың бірі – жарықтық тап осы Салықбайдың ұлы Тауман. Қысқа балдағын жерге сәл-пәл тіреп, жартылай күлімсіреп, анадайдан көрінгенде-ақ, студенттер қауымы да, оқытушылар қауымы да бір сілкініп қалатын, Амандосов арқылы көбісі бойларын түзейтін. Қайда жүргендерін, қандай жерден білім алып жатқанын бірден сезіне қояды десе де болатын. Тәлімгерліктің мән-мағынасы да сол ма екен?..
Мен үшін, бір қызығы – Таукең декан болу үшін жаралған секілді. Әрине, қандай да шынайы мамандық иелерінің о баста «шыр» етіп дүниеге келгенде-ақ сол салаға «талағында биті бар» болуы керек. Ал, мамандық атауы меніңше, екі түрлі: бірі – жеке-дара, кәсіппен жалғыз айналысу, екіншісі – қоғамның қайнаған ортасынан табылу. Олардың санын тізіп айтып жатпай-ақ қояйын. Олардың алғашқысына жазушылық кәсіпті айтсақ та жетер. Оның нағыз саяқ кететін дүние екеніне ешкімнің таласы болмас. Ал, екіншісі, әрине, біздің тап қазіргі әңгімелеп отырған – декандық. Әлемдегі ең қиын да күрделі, жауапкершілігін ештеңеге теңей алмайтын жүк – адам тәрбиелеу. Оның қиямет екенін мәнісін түсіне білген жан ғана «тәуекелге» барғаны жөн. Міне, Таукең соған барған. Мен өзімнің мысалымнан алып, салыстырып көрсем, орыстың ұлы фантаст жазушысы Александр Беляев: «Фантаст-жазушы – квадрат дәрежесіндегі қаламгер», – деген-ді. Сондай-ақ, профессор Амандосовты «квадрат дәрежесіндегі декан» дегім келеді. Өйткені: әлемнің бар сыр-құпиясын, рухани қуаныш-күйзелісін бір бойына жинауы тиіс журналисті тәрбиелеп, баулып шығару шаруасының бас бұйдасын ұстай білген – сол!…
Бірсыпыра уақыт филология факультетінің «жасанды серігіне» айналған мамандық жеке-дара «шаңырақ көтеруіне» қамшы болғаны сөзсіз. Бұл – ұйымдастырушылық қыры делік. Сонымен қоса, әдіскер-педагог Амандосов – қазақ тілінде журналистиканың жанрлары теориясы бойынша тұңғыш оқулық жазған автор. Туған топырағымызда осы саланың ең алғашқы профессоры.
Биологиялық тұрғыда өмір опасыз ғой. Бүгін табиғаттағы тірі жан біткенді бүтін жарық дүниеге әкелсе, ертең әр алуан себеппен о дүниеге алып кетіп жатқаны. Күн жүйесінің үшінші планетасындағы ең гомо сапиенс – саналы адам – жаратылыстың сол жаңылмас та қатал заңын елей бермейді. Сол ескермеудің бір түрі – зұлымдардың, қарақтардың адал азаматтарды аяғынан шалуы. Менің кейіпкерім де сондай қиянатты басынан кешіргенінің талай куәгері де болғанбыз. Бірақ, біз кешірімпаз халықпыз ғой. «Қайтеміз? Бәрі өтті-кетті. Құдай жазасын бұ дүниеде болмаса, о дүниеде берер» – деп отыра береміз. Оның да қисыны бар шығар. Алайда сондай-сондай қарақтықтар Таукең тәріздес өз ісіне адал жанның ертерек көз жұмуына «үлес қоспағанына» кім кепіл?!..
Бұ жалғанға кім келмеді? Кім келеді? Әлі де талай Тауман келер… Біз, өз басымыз сондай қарақ қылудан абай болайық та! Осының дәлелін қайран Қадыр Мырза Әлидің: «Тас жаратын талабы // Талантқа көз талады. //Іздемей-ақ // Мықтылық // Дұшпан тауып алады!» – деген жалғыз-ақ жыр шумағынан таба алармыз-ау!..
Әншейінде жазу шаруашылығында оза шыққандардың аты-жөнінің алдына «дарынды» дегенді қоса айтатын жайымыз бар. Ал біздің Таукеңнің жағдайында «Дарынды декан еді» десек ше?..
Абдул – Хамид МАРХАБАЕВ, фантаст-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор.